Әлемнің әйгілі қалалары секілді Алматыны да туристер бір көрсем деп армандайтын қалалардың қатарына қосуға жасалып жатқан қарекеттер қандай нәтиже бере бастады деп сұрайтын кез келді.
Қазірге Алматыда туристердің өріп жүргенін көре қоймасақ та, бұл салада ілгерілеу бар. Шаһардың Шымбұлақ сияқты шатқалдарынан, Медеу мұз айдынынан, қала маңындағы ханбалық өсіретін шаруашылықтар мен бал қымыз баптайтын киіз үйлерден шетелдік туристерді кездестіруге болады. Алайда, бұл әлі де Алматыға қонақтар ағылып жатыр дегенді білдірмейді.
Есесіне бүгінгі таңда Туризм мен саяхаттар жөніндегі Әлемдік кеңес 2017 жылы туризмнің жаһандық экономикадағы үлес салмағы 8,3 триллион долларға жетті деп бағалады. Бұл әлемдік ІЖӨ-нің 10,4 пайызы. Оның үстіне қазір дүние жүзінде шетелдік туристер санының артуы тұрақты трендке айналды. Қысқасы, жаһан кезу, ел аралап, жер көру – сәнге айналып тұрған заман.
Осы тұрғыдан келгенде мемлекеттік туризмнің Меккесі – Алматы болуы тиіс болатын. Ел туризмі де Алматының есебінен дамуы қажеттігі баяғыдан айтылып келеді. Оның ар жағында Орталық Азияның кіндігі болған қаланы осы аймақтың туристік астанасына айналдыру туралы өршіл армандар қол бұлғап тұрғаны қашан...
Ал Алматы қалалық туризмнің дамуына қатысты нақты әрекеттерге келсек, биылғы алғашқы жартыжылдықта мегаполиске келген меймандар саны 22 пайызға көтерілген.
Алматы қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы жүргізген интернет-сауалдардың нәтижесіне қарағанда бұл қаланы бір көруді көксейтіндер қатарында көбінесе еуропалықтар, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан мен көрші Ресейдің тұрғындары бар. Сондықтан «Алматы-2020» бағдарламасында туризм қалалық экономиканы дамытудың қозғаушы күші ретінде қарастырылады. Бір жағынан қаланың жалпы экономикасында қызмет көрсету саласы 87 пайызды құрайды. Және Қазақстанға келетін әрбір шетелдік қонақтың екіншісі Алматыға соқпай кетпейді.
Мәселен, Bloom Consulting рейтингіне сенсек, Қазақстан бренді танымалдылығы жөнінен 193 елдің ішінде 98-ші орында тұр. Doing Business рейтингінде 190 мемлекеттік арасында еліміз 36-орынға бір-ақ шығады. Ал Mercer рейтингі Алматы қаласы бағасы мен өмір сапасы бойынша әлемдегі 400 мегаполистің ішінде 178-ші орынға барып табан тірейді дейді. Сол сияқты Алматы қалалық туризм басқармасының сарапшылары оңтүстік шаһарымызға бәсекелестік тудыра алатын оншақты ел мен олардың астаналарындағы туризмнің дамуына қатысты зерттеулер жүргізген.
Оның ішінде алты ел – айналамыздағы Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Грузия, Әзербайжан, Эстония, алыстағылары – Исландия, Болгария, Непал мен Моңғолия. Осы аталған елдердің ішінде Алматы қаласы туристік шаһар ретінде бірқатар артықшылықтарға ие екендігі кезекті рет дәйектеліп отыр. Және Алматыда бүкіл Орталық Азиядағы халықтардың дастарқаны табылады. Бұл аз десеңіз, Алматы мен оның айналасы табиғат таңғажайыптарына толы. ЮНЕСКО бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіретін 4 бірдей ескерткіш: Тамғалы таңбалары, Қаялық қалашығы, Қарамерген мен Талқыз да Алматының айналасында.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында туристерге қандай кәдесыйлар сатамыз, қонақтарымыз Қазақстаннан тәбәрік ретінде не алып кетеді деп мәселе көтерген кезеңдер де болған. Қазір бұл мәселенің де жолға қойылғанын мойындау қажет. Бүгінде шетелдіктер ЮНЕСКО-ның сапа белгісі сертификатының үдесінен шыға алатын сувернирлік бұйымдарымызды қуана-қуана сатып алады.
Осы арада Алматының ең басты артықшылығы – қаладан ұзамай-ақ құдай жаратқан табиғаттың сұлулығын табуға болатындығы. Егер қазіргі таңда экологиялық туризм үлкен сұранысқа ие екендігін ескерсек, сұлу тау бөктерлері, сарқыраған өзендер, саф ауа – Алматының бағасын одан да арттыруға тиісті.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ