Таң атқанда сізді оятып, күнтізбеңіздегі жұмыстарды есіңізге салып, ауа райының қандай екенін хабарлап, қолыңызға қолшатыр ұстап шығуды ұсынатын, сіз жұмыста болғанда шамасы жеткенше үйіңіздің шаруасын тындыра беретін көмекші роботыңыздың, иә болмаса жүргізушісіз өзі жүретін, темірден жасалғанымен «ақылы» бар смарт-көлігіңіздің болғанын қалайсыз ба? Ал кешке үйіңізге қайтып келгенше ақылды тоңазытқышыңыздың тапсырма бойынша тамағыңыз бен дәрі-дәрмегіңізді өзіңізге қажетті мөлшерде, қажетті уақытта, өзіңізді әуреге салмай-ақ, өзгенің мазасын алмай-ақ, сіздің роботыңыз сияқты роботтар жұмыс істейтін арнайы смарт-дүкендерден әуелетіп дәл есігіңіздің алдына әкеп беретін дрондар ұшып жүретін қоғамда өмір сүргенге қалай қарайсыз?
Бүгінгі таңда дамыған мемлекеттердің барлығында дерлік шоғырланып қалған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге және «жаңа қоғам» қалыптастыруға бағытталған стратегиялық жоспарлар әзірленіп, оларды жүзеге асыруға нақты талпыныстар жасалып жатқаны белгілі. Алайда жаһандану үрдістері қатты қарқынмен дамып, бір елдің коғамдық-әлеуметтік және саяси-экономикалық мәселелері басқа елдермен, халықаралық қауымдастықтың әрбір мүшесімен тығыз байланысты болып отырған қазіргі заманда жаңа форматтағы дамуды қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық стратегиялар сол елдің ғана жоспары болып қоймай, дүйім дүниенің дамуына бағытталған бағдарлама ретінде қарастырылып отыр.
Мысалы, Еуропаның ең дамыған елдерінің бірі Германия үкіметінің 2010 жылы жариялаған «Industrie 4.0» даму стратегиясы бүгін Еуропа ғана емес, бүкіл әлемнің индустрияландыру саласындағы жаңа стандарттарына айналып отырса, АҚШ-тың өнеркәсіп саласында жаңа форматта әріптестік орнату мақсатында қабылданған «Advanced Manufacturing Partnership 2.0» бағдарламасы (2011 ж.) және азиялық алып ел Қытайдың өнеркәсіп саласындағы «Made in China 2025» индустриялық стратегиясы дүние жүзінде қызу талқылануда. Президентіміз Н.Назарбаевтың жыл басындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен Қазақстан үкіметінің 2025 жылға дейінгі өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған жаңа жоспарының қабылдануына да осындай әлемдік үрдістер арқау болғаны анық.
Жапонияның 2016-2020 жылдарға арналған заманның талабына сай жаңа форматта мемлекеттің ғылыми және технологиялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық жоспары да әлем елдерінің назарын аударып отыр. Жапон үкіметінің осы стратегиялық жоспарында жоғарыда бейнеленген жаңа қоғам әлемде алғаш рет «5.0 қоғамы» («Society 5.0») деп аталып, аталған стратегияны жүзеге асыру мақсатында қабылданған «Connected Industries» атты бағдарламасы да дәл осы Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде дамудың жаңа жолдарын қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Жапон үкіметі жүзеге асыруға талпыныс жасап отырған 5.0 қоғамында адамдар күнделікті күйбең тірлікке сарп еткен уақытын жеке басы үшін мейлінше тиімді пайдаланып, «уақыт» пен «зат» атты өмір сүруге қажетті негізгі фундаменталды физикалық құндылықтар мен денсаулық пен білім сияқты басты рухани-философиялық құндылықтарға деген көзқарас өзгеріп, мемлекеттің экономикалық дамуы мен қоғамның рухани дамуы қатар жүріп, «байлық» атты ұғым басқаша болып, «әділдік» пен «теңдік» ұғымдары дүниетанымның тірегіне айналуы тиіс.
Алғаш естігенде фантастикалық жанрдан алынған ертегі әңгімеге көп ұқсайтын «роботтар әлеміне» негізделген «5.0 қоғамы» адамзаттың бүгінге дейінгі даму процесінің кезекті кезеңі ретінде қарастырылып отыр. Бірінші кезеңде адамдар аңшылықпен айналысып, күнкөріске қажетті тамағын табиғаттан тапса, екінші кезеңде егін егіп, мал асырауды қолға алып, үшінші кезеңде тұрмысқа қажетті заттарды өндіруге бейімделіп, өнеркәсіп саласы дамып, төртінші, яғни қазіргі кезеңде ақпарат тарату жүйесі дамып, интернет желісі мен цифрлы технологиялар тұрмыстың барлық саласының ажырамас бөлігіне айналды.
Ақпарат ерекше құндылыққа ие болып, интернет пен цифрлы технологиялар әр мемлекеттің және қоғамдық жүйенің негізіне айналып отырған дамудың қазіргі кезеңінде сауда-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік барлық салаларда жиналып, сақталып отырған ақпаратты (Big Data) өндірісті оңтайландыру мақсатында ғана емес, адамның өмірі мен тұрмысын оңайлату мақсатында барынша тиімді пайдаланудың жолын табу келешектің қоғамын құру жолында ең маңызды мәселеге айналып отыр.
Дамудың қазіргі кезеңіндегі қоғамда тұрмыстың барлық саласында көптеп жиналып қалған түрлі ақпараттар адамдар арасында «ортақ дүние» бола алмай отырғаны және қоғам мүшелері бір-бірімен ақпарат сараптамалары нәтижелерімен бөліспей, иә бөлісе алмай отырғаны ақиқат. Өйткені ондай шексіз мөлшердегі ақпаратты адамның өзі толықтай өңдеп, саралап, сараптай алуы мүмкін емес.
Ал келешектегі 5.0 қоғамда адамдардың айналасындағы заттар, мысалы, смарт-көлігіңіз, үйіңіздегі тоңазытқышыңыз бен кіржуғыш машинаңыз, қалтаңыздағы смартфоныңыз сияқты күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген заттардың барлығы «Заттар интернеті» (IoT, Internet of Things) жүйесі арқылы бір-бірімен және дүкендер мен ауруханалар, банктер сияқты қоғамдық мекемелермен тығыз байланыс орнатып, адам мен зат арасында ақпарат ортақ болып, ол ақпарат тұрақты түрде жасанды интеллект арқылы сарапталып, қажетті уақытта және қажетті жерде адамның пайдасына жарап отыратын болады. Адамның ақпаратқа иелік етудегі монополиялық үстемдігі жоғалып, «ақпарат» атты құндылықтың мәні өзгеретін болады, ал жасанды интеллект пен роботтар ақпаратпен бөлісу үшін адамды жас пен кәрі деп, қала мен ауыл деп қоғамдағы орны мен дәрежесіне қарай бөлмей, бәріне бірдей қарап, «теңдік» қағидаларына негізделген смарт-қоғам орнайды.
Ол үшін ең алдымен қоршаған ортамыз бен айналамыздағы заттардан тұратын физикалық кеңістік пен ұшы-қиыры жоқ шексіз ақпараттан тұратын кибернетикалық кеңістікті бір-біріне жалғастырып, ұштастырып, оларды барынша адамның мұқтаждығына пайдалану жүйесін қалыптастыру қажет. Бір сөзбен айтқанда, Big Data-дағы түрлі ақпаратты жасанды интеллект арқылы өңдеп, сол ақпаратты адамның тұрмысына қажетті зат шығару үшін пайдаланып, ақпаратты зат түрінде қайта қоғамға қайтару жүйесін қалыптастыру. Жоғарыда аталған жапондардың «Connected Industries» атты тұжырымдамасы осыны мақсат тұтады.
Бүгінге дейін тынымсыз дамып келе жатқан білім мен ғылымның, техника мен технологиялардың, тамақ өндірісі мен денсаулық сақтау салаларындағы жетістіктердің арқасында адамның өмір сүру жасы күннен-күнге ұзарып отырғаны белгілі. Әсіресе Жапонияда жыл сайын 4 мыңға жуық адамның жасы жүзден асып, қазірдің өзінде олардың саны 70 мыңға жетіп отыр. Ал дүниеге келетін балалар саны жылдан-жылға азайып, жапон қоғамы дамыған елдердің арасында ең қатты қарқынмен қартайып бара жатқан қарттар қоғамына айналды. Бүгінгі таңда 127 млн тұрғыны бар Жапонияда жасы 15-ке толмаған жасөспірімдердің үлесі 12,7%, ал жасы 65-тен асқан адамдардың үлесі 26,7% болып отырғанын ескерсек, алдағы уақытта қарттар саны тек көбейе бермек. Ал олардың өмір сүруіне жағдай жасап, денсаулығы мен тұрмысын тиісті деңгейде қамтамасыз етуге қажетті қаражаттың, яғни мемлекеттік бюджетке төленетін салық көлемі жұмысшылар санының күрт азаюына байланысты жеткіліксіз болуы үкімет үшін де, қоғам үшін де өзекті проблемаға айналып отыр. Жапонияның қазіргі ішкі және сыртқы саясатының басты бағыттары және ғылым мен технологиялар салаларындағы барлық дерлік бағдарламалары дәл осы мәселені шешуге бағытталған.
Сондықтан Жапония үшін адамдарға көмекші болар роботтар қоғамын құру әсте тек технологиялық дамуға деген құмарлықтан ғана шығып отырған ой емес, турасын айтқанда, ұлт пен мемлекетті дамыған елдер қатарында сақтап қалудың жалғыз жолы болып отыр. Ал адамзаттың бүгінге дейінгі даму кезеңдері тарихынан білетініміздей, қай заманда болсын кез келген инновация тек шынайы қажеттілік пен мұқтаждықтан туатынын ескерсек, табиғи ресурстары жоқ, тек ғылымы мен технологиясына арқа сүйер Жапония дамудың келесі кезеңін, яғни 5.0 қоғамын құруға әлемдегі ең мүдделі ел десек қателеспейміз.
Әрине ондай жаңа қоғам бір дегенде құрыла қоймас, ол үшін қалыптасқан қоғамдық құрылымдардың өзгеруі тиіс және жапондардың өздерінің сөзімен айтсақ, жаңа қоғам құру жолында «биік қабырғалар» тұр. Дегенмен келешекте адамға көмекші болатын роботтардың «ақылы» мен «сезімі» болатын болса, «олардың ақылын тыңдамай, сезімімен санаспай, намысына тиетін сөздер айтылып, әрекеттер жасалып жатқан жағдайда олардың құқықтары қалай қорғалмақ» дегенге саятын жапон қоғамындағы пікірталастарға куә болғанда ол заманның да алыс емес екенін еріксіз сезінесің.
Жапония 2025 жылғы ЭКСПО халықаралық көрмесін Кансай аймағы, Осака қаласында өткізуге ниет танытып отыр және осы жылдың қараша айында Париж қаласында өтетін сайлауға қатысатын үміткер елдердің бірі. Егер сайлау нәтижесі жапон тарапы үшін оңды болып, 2025 жылғы ЭКСПО Осакада өтетін болса, дәл осы шара аясында жапон үкіметі «Жан жадырайтын келешек қоғамның дизайны» атты тақырыппен болашақтағы жаңа қоғамның моделін халықаралық қауымдастыққа таныстыруды жоспарлап отыр.
Жапония жаңа қоғамның моделін құра білсе, «қартайған ұлттар» қатарына кіретін қазіргі еуропалық дамыған елдер үшін ғана емес, біраз жылдар жүргізіп келген «бір бала» саясаты мен урбанизация саясаты салдарынан келешекте сөзсіз бүгінгі Жапонияның күйін кешетін Қытай сияқты алып ел үшін де үлгі болары анық. Алысқа барып, басқаны айтпағанда, келешекте жастардан қарттар саны асып түсіп, жұмысшылар саны тапшы болуы ықтимал деп болжам жасала бастаған біздің ел үшін де жапон үкіметінің болашақтың қоғамын құруға бағытталған технологиялық талпынысына назар аударып, біліп жүргеніміз абзал.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген мақсаттарға жету «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының тиісті деңгейде орындалуы үшін де, дамыған отыз елдің қатарына қосылуымыз үшін де әлемдегі ең дамыған елдердің бірі Жапонияның болашаққа бағдары болып отырған «5.0 қоғамына» зейін қойып, көңіл бөлу заман талабы деп білемін.
«Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр», «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», «Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», «Ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек», «Бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі» дегенді айтып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің ұрпақтан ең алдымен болашаққа бәсекелестікке бейімді ұлт ретінде қадам басу және дамыған елдердің қатарына қосыла алуымыз үшін ең алдымен сол дамыған елдердегі озық ойлар мен технологиялық жетістіктерді біліп, оларды ой елегінен өткізіп отыруды талап етіп отыр. Өйткені «өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді». Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,
жапонтанушы, дипломат,
PhD докторы