Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында «Егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйін пана қылуда. Олардың көбінің дені сау, балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету қазағымызға жат қылық, ата салтымызда болмаған. Бүгінгі қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді қатыгездіктің ең жоғары деңгейі деп бағалауы тиіс», деп айтқан болатын.
Қарт десе, әркімнің көз алдына өз шаңырағына құт-береке кіргізіп отырған ақ жаулықты әже мен ақ сақалды қария елестері анық. Тілеуімізді тілеп, балалары мен немерелерінің қызығын көріп, ортамызда аман-есен отыра берсе екен дейміз. Өкінішке қарай, перзент атаулының бәрі ата-анасын, ата-әжелерін алақандарында аялап отырған жоқ. Түн ұйқысын төрт бөліп, махаббатын, жан шуағын аямаған ата-анасына қатыгездікпен қарайтын адамдар көбейіп келеді.
Бүгінгі таңда елімізде қарттарға арналған жүзге жуық мекеме тіркелген. Ал оларды пана етіп отырған адамдар саны 35 мыңнан асып түседі. Олардың басым бөлігі қазақтар. Осы орайда «миллиондаған бюджет қаржысын қажет ететін қарттар үйі керек пе?» деген сауал туындайды. Жоғарыдағы жантүршігерлік статистиканы негізге ала отырып, өкінішке қарай, «керек болып тұр» деуге мәжбүрміз. Жалпы, қазақ қанында бұл сұмдық бұрын-соңды болмаған. Бірақ әр адамның тағдыры әрқилы. Сондықтан осындай үйлерді пана етіп жатқандардың жан дүниесіне үңіліп, жүрек дүрсіліне құлақ түре жүру қай-қайсымызға да артықтық етпейтіні анық. Өйткені халқымыздың «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейтін мақалы жайдан-жай айтылмаса керек.
«Қарттар үйі» деп аталатын әлеуметтік медициналық мекемелер Ақмола облысында да баршылық. Мұнда тіршілік етіп жатқан қариялардың барлығы мүлде жалғызбасты жандар емес. Кейбіреуінің балалары ел танитын ауқатты адамдар. Олардың тарапынан «Бізге көнбейді, амалсыздан алып келдік. Барып, хал-жағдайын біліп тұрамыз» дегендей уәж айтылатын көрінеді. Бірақ барлығы ондай еместігі де жасырын емес. Соңғы жылдары жекеменшік қарттар үйлері пайда бола бастады. Солардың бірінде КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты геолог та бар...
Осы орайда, қарттар үйінің пайдалы және пайдасыз жақтарын саралап көргеніміз жөн. Туған балалары мен немерелері ата-әжелерімізді қадірлемей, қарттар үйіне тапсырып, өмірлерін сағыныш пен мұң-налаға толтырып жатқаны жат қылық, әрине. Бір мезет болсын балаларының жүзін көріп, мауқын басу үшін құшағына алуды аңсаған қарттарды көрген кезде елжіремейтін жүрек қалмайды.
Бірақ бұл мекемелердің есігіне қарияларды қатал өмір тағдыры айдап келетін жағдайлар да аз емес. Зейнетақысы дәрі-дәрмекке де жетпейтін қарттар үшін аталған үйлерде барлық қолайлы жағдай жасалған. Жасы ұлғайған шақта төрт қабырғаға қамалып, бұлыңғыр терезеге үмітсіз телміріп отырудың қаншалықты қиындығын түйсіну қиын емес. Жалғыздықтан жапа шегіп, зерігіп отырғанша, басқа қарттармен араласып, солармен бірге көңіл көтеруге де болады. Ішер ас, жатар төсегі де дайын. Денсаулықтарын медбикелер мен дәрігерлер қадағалап тұрады. Бұл да олар үшін көмек.
Біздің ойымызша, осының бәрі ұлт тәрбиесіне тіреліп тұр. Өзгеден үлгі алатын бүгінгі ұрпақ санасына «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұғымдарын, адамгершілік сезімдерін ұялату керек. Бізге тәрбие беріп, бүгінге дейін жеткізген ата-анамызды, ата-әжелерімізді құрметтеп, алақанымызға салып, жан жылуымызды молынан сыйлауымыз қажет.
Бұл мәселелер үнемі айтылып жататыны қоғамды толғандыратыны анық. Бұлай болатын себептері жеткілікті. Мәселен, қарияларды қарттар үйіне баруға жетелейтін жағдайлардың тағы бірі – жастар тарапынан құрметтің аздығы. Қазіргі жаһандану кезінде тәрбиенің тұтқасы әлсіреп қалғаны мәлім. Бұқаралық ақпарат құралдары, электронды желілер, айфондағы арпалыс болмысымызға жат әрекеттерді тоқтаусыз таратып жатыр. Балқұрақтай жасөспірім мұны талғамсыз қабылдайды. Олар үлкендердің ақыл-кеңесін құлаққа іле бермейді, құндылықтың мәніне тереңдемейді.
Өйткені бұл өсиеттерді өмір талаптарынан артта қалушылық санайтындар баршылық. Интернеттің құлағында ойнайтын бүгінгі жастарды былай қойғанда, аяғын енді басып, тілі жаңа шыққан балақайлардың өзі компьютерден, ұялы телефоннан бас алмайды. Олар ұлттық қалып, әдеп-ғұрып қағидаттарын ұғынуға ұмтылмайтынын көріп жүрміз. Үлкендердің әңгімесі жерде қалуда. Айналамыз ғаламторға телміріп отыр. Осы ретте мектеп оқушыларын, жастарды қарттар үйіне алып барып, ондағы қариялардың өмірімен таныстырудың, қарттарға қамқор болуды насихаттаудың игі әсері болар еді. Мейрамдарда кіріп-шығып, бір мезеттік сыйлық үлестіргеннен гөрі мұның ұтымды жақтары көп екендігі анық.
Ботакөз АМАЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика факультетінің студенті