Бүгін Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық және ат спорты орталығының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен республикалық деңгейдегі маңызды шара – «Ұлы дала рухы» фестивалі басталады. Аталмыш фестивальға іріктеу шаралары шілде-тамыз айларында еліміздің төрт аймағында өтіп, оған 700-ден астам адам қатысқан болатын.
Атап айтар болсақ, 13-15 шілде аралығында Шымкент қаласында фестивальдың оңтүстік аймақтық іріктеу жарысы өткізіліп, оған Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Алматы қаласының спортшылары қатысқан еді. Осы орайда қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жамбы ату сияқты спорт түрлерінен түркістандықтар үздік шықса, асық ату, көкпар және теңге ілуден жамбылдықтар топ жарды.
Ал Батыс өлкенің үздіктерін анықтау жарысы 27-29 шілде аралығында Ақтөбе қаласында жалауын көтерген еді. Аймақ жеңімпаздары Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарының спортшылары арасында анықталды. Қазақ күресі және тоғызқұмалақтан атыраулықтар, асық ату мен жамбы атудан ақтөбеліктер, теңге ілу, аударыспақтан батысқазақстандықтар, көкпардан маңғыстаулық спортшылар үздік шықты.
Шығыс аймақтың іріктеу бәсекелеріне Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстарының спортшылары бақтарын сынады. Жарыс 13-15 тамыз күндері Павлодар қаласында өтті. Жамбы ату, қазақ күресі, аударыспақ, асық атудан Шығыс Қазақстан, теңге ілуден Қарағанды, тоғызқұмалақтан Павлодар, көкпардан Алматы облыстары жеңіске жетті.
Фестивальдың іріктеу жарыстарын 29-31 тамыз күндері солтүстік аймақ қорытындылады. Жарыс Астана қаласында ұйымдастырылды. Бұл топқа Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарының спортшылары қамтылды. Қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақтан Астана қаласы, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақтан Ақмола облысының спортшылары жеңімпаз ретінде танылды.
Жоғарыдағы төрт аймақтан іріктелініп алынған жеңімпаздар 12-16 қыркүйек күндері Астана қаласында шешуші кезеңнің көрігін қыздырмақшы. Ұлттық спорттың көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату түрлерінен жарыстар командалық тәртіпте жүргізілмек.
Жарыстың бағдарламасына тоқталар болсақ бүгін, яғни 12 қыркүйек күнгі асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресінен өтетін сайыстар елорда төріндегі «Дәулет» спорт кешенінде ұйымдастырылса, қалған күндер үлесіне тиесілі теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, көкпар және бәйге түрлері бойынша жарыстар 13-16 қыркүйек аралығында «Қазанат» атшабарында өтеді деп күтілуде.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»