Адам баласының арманы таусылмасын деңіз. Қоларбаға таңылып, сыртқа шығудың өзі мұң болып қалғанда менің көкірегімде Астананы бір көрсем деген арман күмбірлеп тұрып алды. Елорда туралы газеттерден оқып, теледидардан көрген сайын бұл арманым үдей түсті. Ашығын айтсам, дағдарыс келіп киліккенде “қалайда Астананы көремін” деген ойым іске аспайтын қиялдай болып қалғаны белгілі.
Сөйтіп жүргенде Елбасының “тікелей желісі” өтетінін естіп, Нұрсұлтан Әбішұлына хат жолдадым. Арманымды айттым, қарттық қиялым үшін, жұмыс уақытын алғаным үшін кешірім сұрадым. Мен секілді кемтар жанды түсінгеніне рахмет. Бізге көмектесуді айтып, хатымызды облыс әкіміне жолдапты. Содан мен секілді бес қамкөңіл жанды Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов қасымызға арнайы адамдар қосып, Астанаға аттандырды. Қаңтардың аязында келсек те Астана бізді жылы шыраймен қарсы алды. Арманымның іске асқаны үшін Елбасына шексіз ризамын. Біздің сапарымызды ұйымдастырған облыс әкіміне де рахметтен басқа айтарымыз жоқ.
М.ЖЕТЕСОВ, Ақтөбе.
ПРЕЗИДЕНТКЕ АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ
Мемлекет басшысының халықпен “тікелей желі” арқылы тілдесуі баршамыз күтетін елеулі оқиға. Еліміз тұрғындарымен емен-жарқын әңгімелесудің әсері бәрімізге зор. Соның бір мысалы ретінде менің өмірімдегі өзгерісті айтуға болады. Көпшілік азаматтардай Президентімізге өз өтінішімді жеткізе алуым соған сеп болды.
Бұдан біраз жыл бұрын жұмыстан қысқартылып, үйде қол қусырып отырып қалуға мәжбүр болған едім. Мамандығым қандай да өндіріске қажеттілігіне әрі тәжірибем жеткіліктігіне орай жұмыс табылуға үмітім ақталмады. Ашық айтылмаса да сондағы сылтау жасымның 56-дан асқандығына байланысты екенін байқадым. Осындай қиындық үстінде жүргенде Елбасымен тікелей тілдесуге сәті түсуін айтсаңызшы. Басымдағы жағдайды жеткіздім. Көзбе-көз облыс басшыларына тілегім орындалуы жөнінде тапсырма берілді. Сөйтіп, талай жыл еңбек еткен кен техникаларын жөндеу зауытына жұмысқа орналасып, әріптестеріммен қайта табыстым.
Қазір сонда еңбек етемін, өзімнің, отбасымның тыныс-тіршілігіне еш алаңдаушылығым жоқ. Кәсіпорын индустриялық-инновациялық даму бойынша өңірлік бес жылдық жоспарға қамтылып, үлкен өрлеу жолын бастағалы тұр. Оған үлес қоса алатындығыма қуаныштымын.
Жергілікті баспасөзден білгенімдей, біздің аймақтан Елбасына 1500-ге жуық сұрақ қойылып, ұсыныс-тілектер жеткізіліпті. Соларға қатысты мәселелердің дені шешім тапқандығын облыс әкімінің есебінен естіп, разы болдым.
Қалың қауыммен бұлайша тілдесіп-сөйлесу өте игілікті шара деп ойлаймын. Ол жылына екі рет өткізілсе тіпті құба-құп. Облыс басшыларының да осынау үрдісті үлгі тұтуын тілеймін.
Александр ТРОТНО, Қарағанды кен техникаларын жөндеу зауытының жұмысшысы.
ӘРДАЙЫМ ЖІТІ НАЗАРДАҒЫ АЙМАҚ
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елмен етенелігі өткен жылдың 13 қарашасындағы тікелей желіде тағы да айқын көрінді. Елбасы қалың бұқарамен тікелей желі арқылы байланысқа шығып, көптің сан сауалына жан-жақты жауап берген уақытта бәрекелді дескенбіз. Сол жолы Арал теңізі мен аралдықтар жағдайы да сөз болған еді.
2005 жылдың сәуір айында теңіз аттас аймаққа арнайы сапармен келген Президент Нұрсұлтан Назарбаев көптеген әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына септігін тигізді. Жаһан кереметтерінің біріне баланған Көкарал бөгетін салдыртқан Елбасы “Арал халқына көмектессем деген ойымның жүзеге асқанына қуаныштымын”, деп аралдықтардың баянды болашаққа деген үмітін маздатты.
Өркениетке көш түзеген нұрлы Отанымызды даму жолына жетелеген Президент Назарбаевтың Аралға деген назары ерекше. Кенересі кеуіп, кемесі қайырлаған теңіз ұлтанын қайта суға толтырған да осындай ықылас. Ұдайы экологиялық апат аймағы саналған Арал алқабы әлемдік деңгейде назарға алынуында Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ерен.
Дүниежүзілік банкпен екі жақты келісім-шарт жасалып, “Аралды қорғау қорының” жұмысы жанданды. Әйгілі САРАТС жобасы дүниеге келіп, оның бірінші кезеңі ойдағыдай тәмамдалды. Балықшылықты кәсіп еткен жамағаттың салған торы майланып, тереңнен маржан сүзгендердің айы оңынан туды. Сөйтіп, Кіші Арал теңізін жағалай қоныстанған балықшылардың жағдайы жақсарды.
Аралдың тартылу зардаптарын жоюға барынша атсалысқан Елбасы өміршең жобаның аймақтағы ахуалды айтарлықтай түзететініне бек сенім білдірген. Солай болды да.
Жалпы, бір кездердегі күмән сейіліп, тарихи атауға ие Аралдың келбеті көріктене түсті. Ақжал толқынды теңізіміздің Арал қаласының жағалауын суымен шаяр күндер жақын екенін уақыт білдіргендей. Бұл анау айтқандай аңызға емес, ақиқатқа жанасатын көзқарас. Себебі, Арал жұрты Елбасы қамқорлығын жете сезініп, ертеңге сеніммен көз тастайды.
Алдаберген ЖОЛАНОВ, “Нұр Отан” ХДП Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛДІ, ШЕШІМІ ТАБЫЛУДА
Елбасының “тікелей желісі” кезінде Жамбыл облысы тұрғындарынан 867 сауал мен ұсыныс түсті. Ол сауалдар мен ұсыныстардың көбісінде өңірдің экономикалық және әлеуметтік өміріне алаңдаушылық білдірілген.
Мысалы, Бақыткүл Бекқұлованың Қордай ауданындағы Отар поселкесін жарықтандыру мен су құбырларын жаңарту туралы сауалы өңірдегі 2010 жылға арналған “Жол картасы” шеңберіндегі инвестициялық жобаға енгізілді. Демек, бұл ауыл тұрғыны көтерген мәселе биыл шешімін табатын болады.
Сондай-ақ Жамбыл ауданындағы Гродиково ауылының ата-аналары сәбилерінің балабақшаға деген зәрулігін жеткізген болатын. Гродиково орта мектебінің базасынан 25 орындық шағын орталық ашу арқылы бұл өзекті мәселе де жақында шешімін таппақ.
Тараз қаласында заман талабына сай үлкен спорт кешені әлі күнге дейін жоқ екендігі көпшілікті алаңдатып жүргені рас. Осыған байланысты облыс орталығының тұрғындары Елбасынан мәселенің шешілуіне өтініш білдірген болатын. Соның арқасында 2010-2012 жылдары қазіргі заман талаптарына сай Спорт сарайы мен спорт кешені салынатын болып жоспарланды. Ал Меркі ауылынан еліміздің ұлттық құрама командасы мен облыстың белгілі спортшылары шынығып-демалатын оқу-жаттығу базасы қолға алынғалы отыр.
Әлбетте, Елбасына жолданған сауалдар мен ұсыныстардың ішінде жеке бастарының жағдайларына байланысты мәселелер де баршылық. Олардың ішінде 15 өтініштің иесіне материалдық көмек көрсетілді. Басқа сауал иелірінің де көтерген мәселелері қаралып, тексеріліп, тиісті шешімдерін тапты.
Қанатбек МӘДІБЕК, Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық және кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі.
ҚҰНДЫ ЖОБА ҚУАТЫ
Елбасының халықпен “тікелей желідегі” жүздесуі қоғамдық пікірді зерттеудің, бүгінгі дамуымыздың қан тамырын дөп басып, алда атқарылатын жұмыстарға баға беру мен билік арасындағы байланысқа негіз болды дер едім. Жетісу жерінде жаһандық дағдарыстың алдын алудағы бағалы бастамаларды жүзеге асыруда нәтижелі жұмыс қолға алынғанын көреміз.
Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Үлкен кенті бүгінде құнды инвестициялық жобаның басталу алдындағы ұйымдастыру жұмыстарын басынан өткеріп, ертеңіне берік сенімдерін қалыптастырған.
Энергетика – халықтың тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі. Оның бүгінгі күнгі қажеттілігі де басым. Елбасының биылғы және өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауларында, “тікелей желідегі” тапсырмаларында Балқаш жылу электр стансасын салуды жеделдету айтылған еді. Қазіргі кезде оның техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталғанын айтуға болады. Ағымдағы жылы жұмысы қызу басталып, қуат көзі тапшылығын болдырмау мақсатындағы құрылыс қарқын алады. Инвестиция құйған Корея Республикасының компаниялары келісімге қол қойып, тұрғындар серпінді жобаның ертеңіне сеніммен қарап, оның қуаты өңір экономикасын көтереді деп күтілуде.
Бүгінгі күні Балқаш көлінен ауыз су құбырын салу, темір жол стансасын кеңейту, реконструкциялау және тұрмыстық жүйе мен су жинағышты қайта жаңғырту, тоған салу жұмыстары қолға алынып отыр. Үлкен ауылдық округінің тұрғындары халыққа жасалған қамқорлықты ерекше сезіне отырып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып келеді. Көптеген кәсіпкерлер сапа стандарты бойынша жұмыс істеп, ауланған “су маржанын” өңдеп, шетелдерге шығаруда. Кентке келіп қоныстанып, жобаның толық жүзеге асуын күткен маман кадрлар қатары да өсу үстінде. Үлкендіктер осы күнді тағатсыздана күтсе, Елбасы тарапынан тікелей желіде айрықша баға берілгенін қуанышпен қабылдады.
Жаңа ғасыр – қазақстандықтар үшін жетістіктер дәуірі. Демек, Отанымыздың қарыштап алға басуына баршамыздың қажырлы қимылымыз қажет. Үлкендіктер осыны терең түсініп отыр.
Болатай РАХИМОВ, Үлкен ауылдық округінің әкімі. Алматы облысы.
ТАБИҒАТ БАЙЛЫҒЫНА МҰҚИЯТТЫҚ ҚАЖЕТ
Қазақстанның Президентін миллиондаған отандастармен байланыстырған телекөпір маған ұмытылмас әсер етті. Біріншіден, Президенттің барлық ой-өрістеріндегі және пікірлеріндегі табиғилықтың және еркіндіктің ерекше деңгейін, үнқатысу жүргізудің мәнерлі үлгісі мен шынайы адамгершілік жарқындығын, екіншіден, әр саясатшыға, басшыға, ғалымға, жалпы кімге болсын баға беріп, жауап қатудағы нақтылығын бағалай білгеніміз жөн.
Оны on lіne режімде Мемлекет басшысымен бірнеше минөт пікірлесу мысалынан әбден аңғаруға болады. Шығыс Қазақстанға, біздің елімізге, жалпы адамзатқа өте маңызды ядролық полигон мәселелерін қозғайтын Елбасының әрдайымғы батыл қадамдарына мұндағы қалың жұртшылық атынан алғыс білдіре келіп, мен Ертіс өңіріндегі келесі бір өте маңызды экологиялық мәселені қозғадым.
Онда Ертіс жағалауындағы жүздеген километрге созылып жатқан қарағайлы орманның тоқсаныншы жылдары тағылықпен құртыла бастаған қилы тағдыры туралы сөз болды.
Мені ғана емес, барлық семейліктерді Елбасының бұл мәселенің басты себептерінен және зардаптарынан кеңінен хабардар екендігі таңғалдырды. Мемлекет басшысының жауабынан мыңдаған аумақтың тұрғындары бұл мәселенің жергілікті ғана емес, жалпы мемлекеттік маңызын, табиғатты қорғау баршаның абзал борыш екендігін түсінді.
Нұрсұлтан Әбішұлы орманды қорғаудың келелі мәселелерінен жете хабардар екенін аңғарта келіп, қарағайлы орманды қайтадан қалпына келтіру үшін жергілікті ресурстардың жеткілікті пайдаланылып отырмағандығын да ашық айтты.
Қазақстан Президентінің отандастарымен жүргізген эфирдегі үнқатысуы біздің мемлекетте Үкіметтің және басқарудың барлық деңгейіндегі қарым-қатынастарда демократизмнің үлгісі және нормасы болады деп сенемін. Билік және әкімшілік инстанцияларына Президент Назарбаевтың беделді пікірлерінің және білікті жөн сілтеулерінің негізінде көптеген маңызды мәселелердің жедел шешіліп жатуы – оған айқын мысал. Ендігі жерде басшымыз бар, қосшымыз бар, табиғатты қорғау ісінен сырт қалуға еш хақымыз жоқ. Өйткені, табиғат байлығына әлі де мұқият болмасақ, оны келер ұрпақ кешпейді.
Михаил ПАНИН, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры.
ПРОКУРОР ЖЕКЕ КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАДЫ
Орал қаласы прокурорының талабы бойынша Батыс Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жеке кәсіпкер Н.В.Прищепаға шағын дүкен салу үшін жер телімін бөлуден бас тарту туралы Орал қаласы әкімдігінің 2009 жылғы 17 қыркүйектегі №2409 қаулысының күші жойылды.
2009 жылдың 31 наурызында жер комиссиясы азаматша Н.В.Прищепаға 2 жыл мерзімге уақытша пайдалануға жер телімін бөлуді ұсынған. Содан кейін 28 тамызда комиссия жер телімін 1 жыл мерзімге бөлу туралы шешім қабылдаған.
8 қыркүйекте жер комиссиясы жердің ортақ қолданыста болуына байланысты Н.В.Прищепаға жер телімін бөлуден бас тартуды ұсынған.
Сонымен қатар, Жер кодексінің 43-бабының 3-бөлігіне сәйкес жер теліміне құқық беру туралы арызды ол түскеннен соң екі айға дейін, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жер теліміне құқық беруді үш апталық мерзімде қарастыру көзделген.
Бірақ, 6 ай бойына Орал қаласы әкімдігінің жер комиссиясы бір-біріне қарама-қайшы келетін 3 шешім қабылдаған.
Сонымен, прокуратура заңдылықтың орнығуына ықпал етті.
ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ӨРНЕКТЕРІ
Еліміз өмірінің әр күні қауырт оқиғаларға, үлкен жаңалықтарға толы. Қазақстанның бір қиырында қыстың аязы қақап тұрғанда, бір қиырында көктемнің алғашқы бәйшешегі бүр жарып жатады. Ұлан-байтақ жерінің асты қазба байлықтарға толы болса, үсті де кенде емес. Елбасы еліміздің басты байлығы – адамдары деп, жасалып жатқан жақсылықтардың бәрі солардың игілігі үшін деп орынды айтқан.
Қазақстандықтарды бір мақсатқа жұмылдырып, барлық күш-қайратын бір іске шоғырландыру үлкен күш-жігерді қажет ететіні анық. Бұл үшін жұмылдырушының өзі барлық жағынан өнеге болып, сөзі мен ісі ұштасып, халықтың орасан зор сеніміне ие болғаны басты шарт болса керек. Мен, қарапайым еңбек адамы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан сондай өнегелі өмір өрнектерін көремін.
Елінің даму болашағын айқындай білетін стратег, соған қол жеткізудің ең қолайлы жолдарын таңдай алатын тактик болумен қатар көшбасшының бойында елге, жерге деген шексіз сүйіспеншілік болғаны жөн. Өзінің елін, халқын бәрінен артық көретін адам ғана сол елі мен халқы үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, жан аямай жұмыс істейтін болады. Мен үшін Нұрсұлтан Назарбаев сондай адам. Былтыр қоңыр күзде Нұрсұлтан Әбішұлының “тікелей желідегі” әңгімесін, сұрақтарға жауабын тыңдап, қайран қалып едім. Қолында биліктің болғаны аз, Нұрекеңдей өмірді терең білетін адам ғана халықтың ең мұқтаж жәйттерін дөп басып айта алады. Еліміз түсіріп жатқан пайда аз емес екенін сеземін. Ал сол пайданың қиналған кезде елге көмекке жарағаны қандай жақсы болды. Біз небір дамыған елдер төтеп бере алмаған дағдарыстан қиналмастан шығып келеміз. Өзіміздің ауданның, облыстың мысалынан жақсы білемін, “тікелей желіде” айтылған міндеттер, берілген тапсырмалар ойдағыдай орындалып жатыр. Ал нақты жүзеге асқаны қаншама десеңізші. “Тікелей желі” елімізде үлкен серпіліс туғызды, билік тармақтарының бәрін қозғалысқа келтірді.
Өмірлік өнеге өзгелер үшін үйренерлік тағылым болуы тиіс. Біздің жергілікті және орталықтағы басшылар Елбасының бүкіл іс-әрекетінен өнеге ала білгені жөн.
Тұрсынбек ҚАНАЕВ, мақташы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы.
ТІЛЕГІМ ЕСКЕРІЛДІ, КЕМТАРЛЫҒЫМДЫ ҰМЫТҚАНДАЙМЫН
Өткен жылдың 13 қарашасында мүгедектігімді ұмытып, екі қолтығымнан қанат байланғандай болды. Президенттің “тікелей желісіне” біздің Ақмола облысынан түскен 1200-ден астам сұрақтардың бірі менікі еді. Шынын айтсам, менің жағдайымды Елбасымыздың білгені маған айрықша қуат берді. Мемлекетті басқарудың қат-қабат ісінен мен туралы ойлауға мұрсат тапқанының өзі қуаныш емес пе. Маған Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Ә.Мадияров Елбасының атынан мүгедектер арбасын әкеліп тапсырды. Қатты толқыдым. Елбасының өзі отбасыма келгендей сезіндім.
Мұндай қуанышқа Домбыралы ауылының 79 жасар кейуанасы Балқия Бисембаева да кенеліпті. Оның үйіне су жүйесі тартылып, қарт ананы қуанышқа бөлепті. Әсіресе, біздің Қоянды ауылының 5-сынып оқушысы Бәкір Бауыржанның Елбасынан жеке компьютер сұрағаны теледидар алдындағы көпшілігімізді толғандырған еді. Ата-анасымен туған жерге оралған Бауыржан балам бүгінде тақиясын аспанға атып жүрген көрінеді. “Егеменнің” тілшісінен білдім. Ол Елбасына ризашылық хатында былай деген екен: “Аудан әкімі Марат Мыңжанов “Елбасы атаң саған әдемі компьютер беріп жіберді. Үлкен азамат болсын деген сәлемін айтты” дегенін естігенде қуанғаннан жылап жіберіппін...”
Ғалым ПІШЕНБАЕВ, Көкшетау қаласының тұрғыны, І топтағы мүгедек.
ТАБЫСТЫ САЛАНЫҢ САЛМАҒЫ
Елбасы дағдарыстан кейінгі даму жолдарын үнемі айтып келеді. Бірыңғай шикізатқа тәуелділікті жойып, өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар тарту – басты талаптардың бірі. Ақжар ауданы табиғи пайдалы қазбаларға бай. Жер қойнауынан кеннің мол қорының табылуы тау-кен өндірісімен түбегейлі шұғылдануға үлкен мүмкіндік берді. Әсіресе, әйнек, сазбалшық жасауға кеңінен қолдануға болатын әрі экологиялық жағынан таза кварц құмының қоры жеткілікті.
Табиғаттың мол байлығын игеруге алғашқылардың бірі болып Шығыс энергетикалық компаниясы кірісіп, ірі жобаны қолға алды. Инвестициялық қаржы құйды. Содан бері оның “Диорит-LTD” деп аталатын еншілес кәсіпорны Ленинград ауылдық округінде қиыршық тастар өңдеумен айналысып келеді. Мұнда “Дәуіт-1”, “Дәуіт-2” кен орындары орналасқан. Осылардан алынған жақпар тастар төте жолмен өңделіп, тұрғын үй, жол, өнеркәсіп құрылыстарына пайдаланылады. Еліміздің басқа өңірлеріне де жөнелтіледі. Ресейдің Омбы облысынан да сұраныс түсіп отыр. Осылайша тау-кен өнеркәсібімен қатар құрылыс индустриясы жандана түсті. Құны 3 миллион еуроға түскен тас уататын екі фин қондырғысы сатып алынды. Технологиялық базаны жаңартудың арқасында жылдық өнім өндіру қуаты 90 мың текше метрге дейін артты. 113 адам әртүрлі жұмыстарға тартылған. Алдағы уақытта өндірістің жылдық қуатын 800 мың текше метрге жеткізу міндеті тұр. Бұл мақсат үшін 424 миллион теңгенің тағы бір жобасын іске қосу көзделген.
Бұл салада бірталай тәжірибе жинақтағаннан кейін Айсары кен орнын игеру мақсатымен жалпы құны 1,2 миллиард тағы бір жоба қолға алынды. Оған “Ақтөбе-GLASS” ЖШС қаржы салды. Бүгінде жылына 340 мың тонна кварц құмын байытатын фабрика құрылысы аяқталып қалды. 43 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 1 шілдеде толық іске қосылады. Сонда қосымша жүз адам жұмысқа орналасатын болады.
Біз көптен бері “Богби” ЖШС-мен іскерлік байланыстамыз. Фирма ауданда 235 мың гектар ауылшаруашылық жерлерін игеріп, астық өндірісін дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді.
Енді, міне, серіктестік үлкен жобалардың бірі – сыйымдылығы 60 мың тонналық элеватор салуға 750 миллион теңге қаржы тартты. Қазір 648 миллион теңге игеріліп, канадалық озық қондырғылар орнатылды. Астық қабылдау пункті күзгі орақ басталғанға дейін пайдалануға беріледі.
Алда да біз үшін жаңа өндіріс ошағы болып табылатын тау-кен өнеркәсібін жандандырудың барлық мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз.
Зиядден МОЛДАҒАНАПОВ, Ақжар ауданы әкімінің орынбасары. Солтүстік Қазақстан облысы.
“НҰРЛЫ КӨШТЕН” ҮМІТ КӨП
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “тікелей желі” арқылы халықпен қоян-қолтық тілдескенде жергілікті жерлердегі шешімін күткен өткір мәселелер де сорпаның бетіндегі майдай қалқып шығады. Былтыр 13 қарашада Президенттің қатысуымен өткен “тікелей желіде” біздің облыстан да көптеген сұрақтар түсті. Олардың мағынасы да сан алуан еді. Өйткені, өзін толғантқан өткір мәселелерді Президентке жеткізу үшін адамдар осы “тікелей желіні” асыға күткені рас. Солардың арасында атажұртқа қоныс аударып жатқан ағайындар да 12 сұрақ жолдаған болатын. Олардың барлығы дерлік негізінен баспана мәселесін қозғайды.
Бұрнағы жылдары ата қонысқа келгендерді мемлекет тегін баспанамен қамтамасыз еткені белгілі. Бірақ кейінгі жылдары инфляцияның күшеюіне байланысты үй қымбаттап кетті де, оларға нарықтық бағамен баспана сатып әперу мүмкін болмай қалды. Бір реттік көмек ақшаға және отбасының әр мүшесіне арнап бөлінген қаржыға баспана келмеді. Оған дағдарыс келіп килікті. Соның салдарынан баспана мәселесінің оралғандар арасында өткір тұрғаны рас.
Кейінгі жылдары Қостанай облысына көбіне Өзбекстанда тұратын туысқандар қоныс аударып, олар облыс орталығының іргесіндегі Қостанай ауданы мен Рудный қаласына орналасты. Өткен жылы қатарымызды 293 отбасы немесе 1166 адам толықтырды. Олардың басым көпшілігі Өзбекстанның кенді аймағынан келгендіктен, Рудныйдағы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіне жұмысқа тұрды.
Еліміздегі “Нұрлы көш” бағдарламасынан елге алушылардың күтер үміті көп. Бұл іс біздің облыста да басталып кетті. Облыстық мәслихат 2010-2011 жылдарға арналған бұл бағдарламаның аймақтық атқарылатын жұмыстары туралы шешімін шығарып та қойды. Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный және Затобол кенттерінің арасынан 2010 жылы оралғандар қалашығы салынып, онда 130 үй бой көтермек. Осы орасан зор жұмыс үшін республика бюджетінен 915 миллион 800 мың теңге, жергілікті бюджеттен 38 миллион теңге бөлінді. Облыс қазынасының қаржысы болашақ елді мекеннің сметалық-жобалық және мемлекеттік сараптама жұмыстарына жұмсалуда. Қалашықтың іргетасын қалай беретіндей, құжаттардың барлығы да дайын. Қазір осы құрылысты салатын мердігер кәсіпорынды таңдау, келісім жасау жұмыстары жүруде. Енді Қостанайда жер тоңы кетіп, күн жылысымен қалашық үйлерінің іргетасы қалана бастайды. Атажұртқа келген ағайындарды баспанамен қамту ісі мұнымен аяқталмайды, “Нұрлы көш” шеңберінде 130 үй 2011 жылы да тұрғызылмақ. Бұл үйлердің барлығы да жеңілдікпен сатып беріледі. 2008-2009 жылдары қаржылық дағдарыс кезінде келген және үстіміздегі жылдың квотасымен қоныс аударғандарға жаңа үйлер ұсынылады.
Енді жұмыссыздық та сырттан келген ағайынға қиындық тудырмай қойған жоқ. Әсіресе, ауылдық жерлерге қоныс тепкендердің барлығы бірдей жұмыс істеп отыр десек, шындыққа сай келмейді. Өзбекстаннан келген қандастардың басым көпшілігінің кеншілер екенін айттық. Ауылдық округтерге, кәсіпорындарға, аудандар мен қалалардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен байланыс жасап, оларға жұмыс берілуін, керек жағдайда кәсіптік қайта даярлықтан өтуге жазылуын да қадағалаймыз. Өзбекстаннан келген ағайындар жергілікті жердің жағдайына тез бейімделіп келеді, өйткені солтүстік облыстардың ерекшелігіне қарай олар да орыс тілін біледі. Мұның өзі олардың ата жұртқа сіңіп, үйреніп кетудегі көптеген қиындықтарды жеңуге септігі тиеді. Ал “Нұрлы көш” бағдарламасы алыстан келген ағайындар керуенінің жүгін аудармайтын болады.
Алмабек ШӘМШИЕВ, Қостанай облыстық көші-қон және демография басқармасының бастығы.
ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ, ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАЛАДЫ
Елбасымен “тікелей желі” кезінде Маңғыстау облысы тұрғындарының тарапынан берілген сауалдардың ең көбі халықты әлеуметтік қолдау, зейнеткерлікке, мүгедектікке, балаларға бір жолғы берілетін төлемақылар, оралмандар мен жас отбасыларға көмек және халықты жұмыспен қамтуға байланысты болды. Соған орай біздің басқарма тікелей 58 сауалға, қосымша, яғни басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе, ақылдаса отырып 72 сауалға жауап бердік. Сол сауалдар арасында 15 жас отбасының жас отбасыларға Үкімет тарапынан қандай көмек көрсетіледі, балалар бақшасына бала орналастыру неге қиын деген, жалпы жұмысқа орналастыру жайлы сауалдарына нақты жауап берілді. Онда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға мемлекеттік атаулы көмек және 18 жасқа дейінгі балалары бар табысы төмен отбасыларына балалар жәрдемақысы төленетіні айтылды.
Ал еңбекке орналастыру жайлы өңірде осы жылы 74 жоба іске асып, 3555 жаңа жұмыс орны ашылатынын, сондай-ақ 400 әлеуметтік жұмыс орны болатындығын назарға бердік. 2009 жылы 295 кәсіпорында 800-ден астам жас мамандар практикасын ұйымдастырғанбыз. Ол жұмысты одан әрі жалғастыру көзделуде. Және де еңбекақыны екі есе өсіру қолға алынды. Яғни, осы жылдан бастап мемлекеттік бюджет қаражатына қосымша жұмыс беруші кәсіпорындар есебінен сондай ақша қосу шаралары алынды. Осы тұста биыл тойланатын Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай біраз сауалдар түсті. Жеке азаматтардың арыздарын алдық. Онда тыл ардагерлері мәртебесін беру туралы сауал-ұсыныс бар болатын. Бұл мәселеге орай жергілікті әкімдіктер жанындағы арнайы комиссиялармен бірлесе жұмыс жасау оң шешімін береді деп отырмыз.
Жалпы, Елбасымен “тікелей желі” маңызды мәселелер қозғауымен құнды болып, халық үшін пайдалы да қажет екендігін көрсетті. Әсіресе, халыққа әлеуметтік көмек көрсетуде жергілікті органдардың әрқашан бірлесе, ақылдаса жұмыс жасауының берері мол екендігін байқатты деуге әбден болады.
Гүлмира ҚАЛМҰРАТОВА, Маңғыстау облыстық халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы.
СҰРАҚ ҚОЙЫЛДЫ, ДЕМЕК МӘСЕЛЕ БАР
Елбасының “тікелей желі” арқылы жұртшылықпен жүздесуі кезінде облыс орталығынан 135 сұрақ, ұсыныс түскен болатын. Мұның барлығы қала әкімдігінде қаралды. Елбасына сұрақ қойған адамдардың дені соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері, зейнеткерлер, денсаулығына байланысты мүгедектер, көп балалы отбасылар, елге оралғандар, жетім жасөсіпірімдер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекемелердің қызметшілері. Сұрақтардың жалпы сипаты мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй алу және жекешелендіру, сондай-ақ тұрмыс жағдайын жақсарту шарттары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (аулаларды көріктендіру, ПИК жұмысы, жылумен, электрмен қамту, апаттық жағдайдағы автотұрақтар және жарамсыз тұрғын үйлер); Павлодар қаласы және Павлодар облысының атауын ауыстыру, әлеуметтік орта, сондай-ақ, балаларды балабақшаға орналастыру мәселелері бойынша қойылды.
Ұлы Отан соғысына қатысқан Андрей Григорьевич Двойносқа оның 2009 жылғы 25 қарашада берілген өтініші негізінде Ледовский көшесі, 179/4 үйден №7 пәтер ақысыз меншік иелігіне берілді, ал азамат Марат Смағұловтың жиеніне 2009 жылдың 23 қарашасында Павлодар қаласының №17 балабақшасына жолдама берілді, азаматша Лариса Александровна Киселеваның өтініші бойынша, Сибирский көшесі, 89 үй жанындағы автобустар мен маршрутты таксилердің апаттық жағдайдағы аялдамасын алып тастау мақсатымен “Остановка запрещена” жол белгісі орнатылған. Сол сияқты, қазір Ұлы Отан соғысына қатысқан Ф.Шариповтің өзіне берілген пәтерді жекешелендіру жайында өтініші орындалды. Облыс орталығында тұратын азаматша А.К.Ситькалованың балконына пандус орнатылады. Әселдің өтініші бойынша Ломов к-сі, 179/4 үйінде жөндеу жүргізген “Ремстрой” ЖШС кәсіпорнына №56, №59, №74 №75 пәтерлердің қабырғаларын жөндеудегі сапасыз атқарылған жұмыстарды жөндеу туралы ұйғарым жолданды Алмагүл Наурызбаеваның өтініші бойынша Кенжекөл ауылын электр қуатымен қамтамасыз ету торабының құрылысын, оның ішінде аталған ауылға 3 кіреберіс жолын салу және 2010 жылы болашақта ЭҚЖ тарту бойынша сметалық жобалық құжаттар әзірленуде республикалық бюджеттен 15 миллион теңге бөлінді.
Азаматша Г.Ф.Рахманованың қызы Ж.К.Өтелбаеваның оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа қабылдау мәселесі оң шешімін табатын болады. Натальяның өтініші бойынша 2010 жылға арналған Павлодар қаласының ішкі аулаларын көріктендіру жоспарына сәйкес Гагарин к-сі, 87 үйдің ауласына жөндеу жұмыстары 2010 жылға жоспарланды. Істен шыққан газ тарату қондырғыларына (ГРУ СУГ) демонтаж жасау және осы мақсаттарға 2010 жылы 46 миллион 450 мың теңге қаражат бөлінді, Екатерина Урбанның өтініші бойынша, 2-ші Павлодардың көшелері мен жаяу жолдарын асфальттау “Павлодар қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту” жоспарына сәйкес 2015 жылға дейінгі болашақ жоспарға енгізілді, көшелерге жарық тарту 2010 жылдың бюджетінде қаралады. Ольганың өтініші бойынша, 2010 жылдың 1-ші жарты жылдығына белгіленген “Алюминстрой” ауданы жоспарының жобасы әзірленгеннен кейін, ескі тұрғын үйлерді бұзу тетігі анықталады және тұрғындарды көшіру мәселелері шешіледі.
Облыс орталығындағы Я.Геринг көшесінің жолы 2010 жылға арналған жоспарға алынды. Жұлдыз Қалиеваның өтініші бойынша, Ген. Дүйсенов, Естай-Горький көшелерінің асфальтбетон жабындысын жөндеу, оның ішінде Мир және Лермонтов көшелерінің Крупская көшесімен қиылысында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша ҚазЖЗИ “Изыскатель” ЖШС қайта құру жобасын әзірледі және ол жобаны қаржыландыру 2010 жылғы бюджеттің қосымша шығындар бөлігіне енгізілді. Ал қалған сұрақтар бойынша қазір бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Бақытжан ЖОЛАМАНОВ, Павлодар қаласының әкімі.