Әлемдегі дамыған елдердің ауыл шаруашылығында қазір буырқанған өзгерістер жүріп жатыр. Ауқымы жағынан мұндай өзгерістер әлемде капитализм орнап, ауыл шаруашылығы алғаш рет механикаландырыла бастаған кезден бастап болған емес. Бір сөзбен айтқанда, саладағы қазіргі өзгерістерді жаңа технологиялардың қарыштап дамуы нәтижесінде пайда болып, эволюциялық жолмен жүзеге аса бастаған революциялық өзгерістер деп айтуға болады.
Олар екпін алған сайын ауыл шаруашылығы «өзгерістерге баяу бейімделетін ең консервативті сала» деген ғасырлар бойы қалыптасып, санада әбден сүрленіп бекіген бұрынғы түсініктің өзі жоққа шығарылуда. Сөйтіп бұл сектор осы істе әлеуеті мол елдер экономикасының келешегі мығым ең прогрессивті салаларының біріне айналуда.
Елбасының бұл мәселеге күні бұрын мән беріп, саланы цифрландыру туралы ел Үкіметінің алдына жаңа мақсат пен міндет белгілеуінің нәтижесінде осы өзгерістер дүмпуі Қазақстанда да сезіле бастады. Еліміз Кеңес өкіметі кезінде жүргізілген механикаландырудан кейін бірінші рет әлемдік стандарттарға сәйкес кең ауқымды жұмыстарды қолға алып, саланы автоматтандыру, роботтандыру, еліміздегі ғарыш қызметінің мүмкіндігін пайдалана отырып мониторингті спутник арқылы жүргізу, салаға қызмет көрсетуді электронды форматқа көшіру мәселелеріне мән беруде. Оның алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде бой көрсете бастағандығын біз осының алдындағы «Есепке құрылған егіншілік» атты мақалада жазып (6 тамыз, 2018 ж.) әлемде орын ала бастаған озық үрдіс – дәлме-дәл егіншіліктің елімізде орнығу жайын баяндаған едік. Енді мал шаруашылығындағы осындай жағымды жаңалықтарға тоқталмақпыз. Бұл қандай жаңалықтар?
Мәселен, Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы «Бөрте милка» ЖШС-нің роботтандырылған тауарлы-сүт фермасы бүгінде елімізде жаңа технологиялық тұрғыда жарақтандырылған ең алдыңғы қатарлы үш шаруашылықтың бірі болып отыр. Бұл фермада сүт бағытындағы 400-ден астам «Гольштейн» тұқымдас сауын сиырлары бағылуда. Бұзауларымен қоса алғанда оның саны қазір 700-ден асып түсті.
Мұнда швед өндірісінің ең соңғы технологиялары орнатылған. Сиырларды роботтар сауады, малдың күтімін де роботтар жасайды. Робот сиырларды жуып, шайып денесін таза ұстайды. Ал малдың күтімі мен денсаулық жағдайы, алынатын сүттің сапасы мен көлемі бір желіге біріктірілген компьютерлік құралдар арқылы бақыланып, басқарылады. Әр сиырдың құлағына чип орнатылғандықтан есептің бәрі толықтай жүргізіліп, әрқайсысы туралы ақпарат базасы қалыптасады. Егер жаздыгүні ыстық болса, мал тұратын кешеннің қабырғалары дереу автоматты түрде жабылып, желдеткіш іске қосылады. Ірі қараның астын тазалау да автоматтандырылған.
Осындай қамқорлыққа сәйкес мұндағы мүйізді ірі қараны курортта жүргендей деп әзілдеуге болар. Әзіл болса да, осының бәрі шындық. Сиырларды мәжбүрлеп сауу, мәжбүрлеп азықтандыру мүлдем жоқ. Желіні сүтке толған кезде олар сауу аппараттары – роботтарға қарай өздері-ақ ұмтылады. Өйткені сауылмас бұрын олардың желіндері жылы сумен автоматты түрде жуылып, сүртіледі. Желінін сүт кернеген сиыр робот сауа бастаған кезде тағы рақаттанады. Осы әрекеттердің бәрі дұрыс иіп, сапалы сүт беруіне ықпал етеді.
Аталған жағдайға орай кейде алты бірдей сауын станогының алдында ұзын-сонар кезек те пайда болып қалады. Бір қызығы, желіні толмаған сиыр роботқа жіберілмейді. Оның барлығын сиырға орнатылған электронды қондырғы реттеп отырады. Ал автоматтандырылған жемдеу қондырғысы әр сиырдың берген сүтіне қарай жем береді. Яғни, көбірек сүт берген сиыр жемді де көбірек жейді. Міне, жүйелі қайталанып отыратын осындай үдерістен кейін мал екеш малдың өзі ақылды да тәртіпті болмай қайтсін?!
«Бөрте милкада» бағылатын әр сиыр күніне 30 литр сүт береді. Арасында күніне 50 литрге дейін сүт беретін ірі қаралар да бар.
Әрине біздің жағдайымызда осының бәрі ертегі секілді көрінуі мүмкін. Бұл көрініс түптің түбінде елімізде қалыптасуы тиіс «ақылды» мал шаруашылығының басы ғана. Болашақтағы «ақылды» мал шаруашылығы «Бөрте милка» секілді көптеген «ақылды фермалардан» құралатын болады. Фермалар бір ақпараттық жүйеге біріктірілетіндіктен, ондағы сауылған сүттің көлемі мен сапасы жөніндегі мәліметтер тұтынушыларға дереу жеткізіліп отырады.
Әрине «ақылды ферманың» әрекеті мұнымен де бітпейді. Сиырлардан сауылған таза сүт одан әрі күтіп-бапталып, сапасы келістіріліп, өңдеу өндірісіне жіберіледі. Осы жерде қаймақ, сары май, ірімшік, балмұздақ және басқа да өнімдерге айналып, тұтынушыларға қарай жол тартады. Яғни, «ақылды фермалар» өңдеу өндірісімен тығыз байланыста немесе бір циклға біріктіріліп жұмыс істейді. Сөйтіп, сиырдың жайылым кезіндегі күйсеген шөбі көп кешікпей-ақ дастарқанға қойылатын дайын тағамға айналып шыға келеді.
Қазір осы мақсатта «Бөрте милканың» қасынан оның сүт зауыты салынуда. Фермадағы сиырлардан күніне 27-30 тонна сүт сауылса, зауыттың күндік қуаты 50 тонна сүт өңдеуге негізделіп отыр. Зауыт өзінің басы артық өндірістік қуатын ферма маңайында орналасқан шаруа қожалықтарынан сүт қабылдау арқылы толтырмақ. Сөйтіп ферма өзіне жақын жерде шоғырланған шаруа қожалықтары мен шағын шаруашылықтардың дамуына да өз үлесін қоспақ. Бұл зауыт та толықтай автоматтандырылған жағдайда жұмыс істейтін болады.
«Бөрте милка» тауарлы сүт фермасының құрылтайшысы Нұралы Әбішев тыңнан түрен салғанмен тең істі алға бастыруда ел Үкіметі қабылдаған ауыл шаруашылығы саласындағы бағдарламалардың көмегіне жүгінгендерін айтады. «Қазір тағы бір бағдарлама басталып жатыр. Үкіметтің кіші кәсіпорындарды біріктіру бағытындағы бағдарламасы біздің айналамыздағы шағын қожалықтар өндірген сүтті өзіміздің зауытқа сатып алып, өңдеу көлемін кеңейтуімізге жақсы мүмкіндік береді» дейді ол.
Сонымен «Бөрте милка» ЖШС-тың «ақылды фермасын» дамыған елдердегі дәлме-дәл мал шаруашылығын, яғни «ақылды ауыл шаруашылығын» құрудағы еліміздің алғашқы нақты қадамдарының бірі ретінде бағалауға болады. Осындай істі одан әрі дамытуға еліміздің әлеуеті де жеткілікті.
Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев Үкіметте жасаған баяндамасында еліміздегі табиғи жайылымдардың жалпы көлемі 180 млн гектарды құрайтындығын, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемде Қытай, Аустралия, АҚШ, Бразилия елдерінен кейін бесінші орын алатындығын, егер істі дұрыс ұйымдастыра білсе аталған аумақта 25 млн шартты мал басын өсіруге болатындығын айтқан-ды.
1 шартты мал басы дегеніміз, шамамен алғанда, 1 сиыр немесе 10 қой. Сонда 180 млн гектар жерімізге 25 млн мүйізді ірі қара немесе 250 млн қой өсіруге болады екен. Әрине бұл тым үлкен көрсеткіш. Өйткені бізде осы жайылымдықтардың бәрі бірдей суландырылмаған. Жалпы, 110 млн гектар жерде су көздері бар деп есептеледі екен. Мұнда кемінде 12 млн шартты мал басын өсіруге болады. Осы көрсеткіштің өзі бізге жетіп артылады. Өйткені Қазақстан жерінде 50 млн қой өсіру кешегі Кеңес үкіметінің де қолынан келмеген болатын.
Екіншіден, елімізде «ақылды» ауыл шаруашылығын қалыптастыру үшін бірінші кезекте қаржы тауып, шетелдік жаңа технологияларды әкелумен қатар, малдың сенімді жем-шөп базасын қамтамасыз ету керек. Өйткені ондағы малдар көп жағдайда қолдан азықтандырылатындығын естен шығармауымыз қажет. Мәселен, Голландия бар-жоғы 41 мың шаршы шақырым аумағымен және бар болғаны 4,5 млн мүйізді ірі қарасымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде әлемде екінші орын алады. Соның ішінде май мен ірімшік, қатық шығару жөнінен Еуропада алғашқы орындардың бірін еншілейді.
«Голландия ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортынан жылына 100 млрд доллардай кіріс табады. Себебі мұнда бәрі жолға қойылған. Салаға «ақылды технологияларды» енгізу ісі жылдан жылға дамып келеді. Қазір Голландия өздері жасап шығарған осындай технологияларды сыртқа саудалау арқылы да мол табыс тауып отыр. Яғни, мұндай іс аграрлық, техникалық ғылымнан бастап ауылдағы шаруа қожалықтарына дейін жан-жақты ұйымдастырылуы керек. Оларды қанаттандыратындай шаралар қолға алынуы қажет. Әйтпесе еліміздің мал өсірудегі табиғи әлеуеті алақандай Голландияға қарағанда әлдеқайда зор екендігі анық. Олқылықты «ақылды ауыл шаруашылығын» ұйымдастыру арқылы ғана толтыра аламыз» дейді елімізде «ақылды ауыл шаруашылығына» негізделген дәлме-дәл егіншілік жүйесін енгізу жөнінде тұжырымдама әзірлеген ғалым Оңғарбек Әліпбек.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев та электроника мен электротехника саласының жетістіктерін ұтымды қолданудың ауыл шаруашылығы саласы үшін ерекше маңызды екенін айтады.
Қазіргі автоматтандырылған жүйелер бұрын адамдар қолымен істелген жұмыстарды компьютер арқылы мыңдаған шақырымнан басқаруға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, компьютер адамға қарағанда жерге қандай тыңайтқыш керек, қанша суару керек екенін дәл есептейді. Бұл тыңайтқыштарды қолдануды 30 процентке азайтуға, өнімнің өзіндік құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Әрі қоршаған орта үшін де қауіпсіз. Осындай озық технологиялармен танысып, оны Қазақстан жағдайына бейімдеу қажет. Демек заман талабына ілесу үшін аграрлық ғылымды қоса дамыту қажет. Бәрін бірдей көшіріп әкеле саламыз деуге де болмайды. Себебі ауыл шаруашылығы тірі организмдермен жұмыс істейтін сала», дейді ол.
Сарапшылардың пікіріне қарағанда, 60 сиыры бар шағын фермада сүт саууды роботтар арқылы жүргізу фермердің 2 сағат уақытын, ал автоматтандырылған технологиялық жүйе арқылы малды азықтандыру тағы 3 үш сағат уақытын үнемдейді екен. Егер қалдықтарды шығару ісі автоматтандырылған болса, тағы біраз уақыт үнемделеді. Шетелдік фермерлер осы үнемделген уақытты оқуға, ізденуге, өнімдерді өткізу ісімен айналысуға жұмсайды екен.
Елімізде «Бөрте милка» секілді тағы үш «ақылды ферма» жұмыс істейтіндігін жоғарыда айтқан едік. Енді осы шаруашылықтардың негізінде арнайы семинарлар ұйымдастырып, басқа фермерлер мен шаруаларға көрсеткен жөн болар еді.
Еліміз ерте заманнан бері мал өсірумен шұғылданып келеді. Қазақтың сайын даласы мен қойнауы құтты таулар, қолат-сайлары мал өсіруге ыңғайлы. Демек мал шаруашылығы атакәсіп қана емес, елімізді заман талабына сай дамытудың мызғымайтын берік іргетасы болып қала беретіндігі анық. Енді міне, әлем бойынша алғанда нақ осы салада революциялық мәндегі өзгерістердің басталып, дүниеде жаңадан пайда болған тиімді технологиялар мен құрал-жабдықтардың оған қарыштай даму кілтін ұсынуы еліміздегі осы бір байырғы салаға және оның болашағына мүлдем жаңа көзқараспен қарауға жетелейді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»