Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы» және «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын өндіріске қабылдау туралы қаулы қабылдады.
Сондай-ақ еліміздің шекарасын шегендеу мен белгілеуге қатысты заң жобаларын мақұлдады. Атап өтерлігі, шекараға байланысты бұл құжаттар еліміздің шекара сызығын түпкілікті белгілеуге мүмкіндік бермек.
Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы шекараның ұзындығы 1257,07 шақырымды құрайды. Екі мемлекет арасындағы шекараны делимитациялау жөніндегі келіссөздер процесі 2001 жылы халықаралық тиісті шартқа қол қою арқылы басталған. Ал өткен жылы Қырғызстан Президентінің Қазақстанға ресми сапары кезінде мемлекеттер басшылары Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы шекара сызығын халықаралық құқықтық тұрғыда бекіту туралы құжаттарға қол қойған. Қол қойылған келісімдерге сәйкес, Қазақстан-Қырғызстан-Қытай шекараларының түйісу нүктесі – шекараның бастапқы нүктесі, ал Қазақстан-Қырғызстан-Өзбекстан шекарасының түйісу нүктесі – шекараның соңғы нүктесі болып белгіленген.
Аталған мәселелерді депутаттарға баяндап берген Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді еліміздің шекараларын демаркациялауға байланысты сауалдарға жауап берді.
Оның айтуынша, еліміз 2010 жылы – Қытаймен, 2017 жылы – Түрікменстанмен арадағы шекараларды шегендеп алған. Қазіргі уақытта осындай жұмыстар Өзбекстанмен арадағы шекараға қатысты жүргізілуде. Осы ретте, Сыртқы істер министрлігінің өкілі әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара – Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны шегендеу әлі 5-7 жылға созылатындығын атап өтті.
Осы орайда, депутат Зәуреш Аманжолова көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрген мәселені көтерді. Депутаттың айтуынша, Қазақстан-Қырғызстан шекарасының бойында 8 шекаралық өткізу бекеті бар. Сонымен қатар Қордай және Қарасу бақылау бекеттерінде жыл сайын жолаушылар мен көлік ағыны өсіп келеді. Әсіресе, мұндай көлік ағыны курорттық маусымда арта түседі. Мәселен, жолаушылар мен автокөліктердің жаз мезгіліндегі өту қарқыны екі есе ұлғаяды. Соның салдарынан екі елдің азаматтары ұзақ кезекте тұруға мәжбүр.
Бұл мәселеге байланысты түсінік берген ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов, Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы 8 шекара бекетінің негізгілері Қордай, Ауқатты және Сортөбе бекеттері екендігін айтты.
– Жаз мезгілінде шекара бекеттері, оның ішінде Қордай шекара бекеті толық қуатында жұмыс істейді. Соңғы ескертулерді ескере отырып, төлқұжат тексерушілердің санын көбейттік. Енді келушілердің құжаттарын 18 бақылаушы, кетушілердің құжаттарын 18 бақы-
лаушы тексереді, – деді Д.Ділманов.
Дәл осы жерде Шекара қызметі директорының сөзін бөлген Мәжіліс Төрағасы бұл мамандар шекарада кептеліс туғызбауға жеткілікті ме, деп сұрады.
– Жеткілікті, – деді Д.Ділманов.
– Шекара бекетінің кеңейтілгендігін БАҚ жарыса жазды, үлкен басшылар сұхбат берді. Алайда шекарада биыл да ұзын-сонар кезек қалыптасты. Бұл мәселені барлық деңгейдегі басшылар жақсы біле тұра, жылда шекарадан өтетін халық қиыншылыққа кезігуде. Осы мәселе бойынша кешенді шара қабылдап, соңына дейін жеткізу керек, – деп ескерту жасады Мәжіліс Төрағасы.
Жалпы, баяндамашылар қалыптасқан геосаяси жағдайларда шекараны шегендеудің жақын мерзімдерде аяқталуы мемлекетіміздің аумақтық тұтастығына, шекараның мызғымастығына оң ықпалын тигізетінін, ел егемендігіне төнетін ықтимал қауіп-қатерді болдырмайтындығын жеткізді.
Депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын талқылай келе, құжатты толық мақұлдады.
Жалпы, отырыс барысында мақұлданған құжаттың бірі – «Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесінің ауданы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы. Шарттың басты мақсаты – үш мемлекеттің шекараларының түйісу нүктесінің орналасқан жерін айқындау болып табылады.
Отырыс соңында депутаттар – А.Нұркина, Ш.Нурумов, Б.Смағұл, К.Мұсырман, Т.Сыздықов, Е.Никитинская, А.Коңыров бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»