Бұл туындысында автор АҚШ-тың бүгінгі таңдағы рөліне, атап айтқанда үлкен қарқын алып келе жатқан ақпарат революциясы мен жаппай жаһандану дәуіріндегі ішкі-сыртқы саясаты мен мақсат-мүдделеріне, сондай-ақ сол елді күтіп тұрған сан алуан сынақтарға терең бойлап, байыпты талдау жасайды және сыңарполярлық билік тізгінін уысынан шығарып алмау үшін ендігі жерде АҚШ қандай геосаясат жүргізуі қажет деген мәселенің төңірегінде көкейге қонатын дәйекті пайымдарын ортаға салады.
АҚШ-тың бүгінгі таңда қай тұрғыдан болмасын әлемдегі ең алпауыт держава екеніне ешкім шек келтіре алмайды. Өйткені бұл – шындық. Сосын әлгі шындықты күллі әлем мойындайды десек, артық айтқандық емес және мұның дәлелдері жетіп артылады және олардың бір парасы төмендегідей.
Әлемге әйгілі ағылшын тілді «The Economist» журналы «Рим империясынан бергі заманда Америка Құрама Штаттары секілді бірде-бір мемлекет өзгелерге шекеден қараған емес және бұл АҚШ-тың өктемдігі тек бизнес саласында ғана емес, сауда-саттық, коммуникация, сондай-ақ экономиканың өзге салаларында да, тіпті әскери сала мен халықаралық дипломатия саласында да белең алып отыр», деп атап өтсе, Францияның бұрынғы сыртқы істер министрі – Губерт Ведрин (Hubert Vedrine) 1999 жылы Америка Құрама Штаттарының XX ғасырдағы болмысын былайша сипаттапты: «АҚШ-тың бүгінгі басымдығы мен мықтылығы оның алпауыт экономикасынан да, қаржы саласынан да, қарулы күштер саласынан да, өмір салты мен тілінен де, тіпті мәдениет саласынан да менмұндалап тұр. Бұл шындықты бүгінде оның достары ғана емес, жаулары да жаппай мойындайды». Ал Германияның жаңалықтар тарататын күллі әлемге әйгілі «Der Spiegel» журналы жоғарыдағылардан да асып түсіп, «Америка идолдары мен икондары Катмандудан Киншасаға дейін, тіпті Каирден Каракасқа дейінгі әлемді түгел жаулап алған. Сосын жаһанданудың бүгінгі белгісі «Америкада жасалған» деген эмблемамен айшықталады», – депті.
Әрине солайы солай болғанмен, сәуегей ғалымдардың және бір тобы: «АҚШ-тың сыңарполярлық басымдығы тек Кеңес Одағы күйреп қалған соң ғана пайда болды және бұл басымдықтың ғұмыры алысқа ұзамайды», деген кереғар пікір білдірген.
Джозеф Най соңғы пікірмен санасу керектігін ескертеді. Себебі ол бүгінгі таңдағы заманауи ақпарат технологиялары мен жаһандану үдерістері тек АҚШ-ты ғана күшейтіп отырған жоқ, сонымен қатар Жапония, Қытай, Ресей және Үндістан сияқты іргелі мемлекеттердің әлеуеттерін де қоса нығайтып, халықаралық нарықта соңғылардың АҚШ-пен бәсекеге түсе алатынын жоққа шығармайды. Сөйте тұра, Джозеф Най кез келген мемлекеттің саяси билігінің қуаттылығы, ең алдымен ондағы халық санының молдығымен, территориясының көлемділігімен, табиғи ресурстарының байлығымен, сондай-ақ экономикалық әлеуетінің биіктігімен, қарулы күштерінің тегеуріндігімен және саяси билік жүйесінің тұрақтылығымен айқындалатынын көлденең тарта келіп, кәдімгі карта ойынындағы секілді, кімнің қолы күшті болса, соның мысы басатынын ескертеді. Әрине бұл тұста ғалымның бүйрегінің қай мемлекетке бұрылып тұрғанын айтпасақ та түсінікті.
Дегенмен, Джозеф Най кез келген мемлекет қуатының және бір маңызды қырына жете мән береді. Ғалым былай дейді: «XXI ғасырдағы мемлекет қуаттылығы үш іргетасқа негізделеді. Олардың біріншісі – қуатты қарулы күш; екіншісі – қуатты экономика; үшіншісі – қуатты жұмсақ күш, яғни мәдени, адами және ғылыми-технологиялық құндылықтар. Егер біздер бүгінгі таңда жоғарыдағылардың тек бір өлшеміне ғана басымдық беріп, тек қарулы күштерге ғана иек артатын болсақ, ең үлкен қателікке ұрынатынымыз сөзсіз. Өйткені біздер қуаттылығымызды тек қарулы күш немесе ядролық қару ғана қамтамасыз ете алмайтынын мойындауымыз қажет».
Туынды авторының бұл пайымымен толық келісуге болады. Өйткені ол дана халқымыздың «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген аталы сөзін қайталап тұрғандай әсер қалдырады.
Джозеф Най одан әрі қуатының үш іргетасы тұрғысынан, XXI ғасырда АҚШ-қа бәсеке тудыруы мүмкін Қытай, Жапония, Ресей, Үндістан және Еуропа Одағының әскери, экономикалық және мәдени (жұмсақ күш) әлеуеттеріне де сындарлы талдау жасайды. Сонымен қатар ғалым үстіміздегі ғасырға тән ақпарат дәуіріндегі мемлекеттер қуатының ауқымын сипаттайтын статистикалық сараптамаға да сілтеме жасайды. Онда АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Британия, Ресей, Қытай және Үндістан сынды мемлекеттердің жер көлемі, халқының саны, халықтың сауаттылығы, қарулы күштері (ядролық оқтұмсықтар саны, әскери бюджеттің көлемі, қарулы әскер саны), экономикалық көрсеткіштері (Ішкі жалпы өнім, жан басына шаққандағы ішкі өнім, өндіріс өнімдерінің жалпы құны, жоғары технологиялар экспорты, мың адамға шаққандағы жеке компьютерлер саны) сияқты нақты статистикалық көрсеткіштерге сілтеме жасайды. Онда автор АҚШ-тың әскери бюджетінің өзінен кейінгі сегіз мемлекеттің жиынтық бюджетінен де асып түсетінін, Америка Құрама Штаттарының өзгелерді шаң қаптыратын цифрлы технологиялармен жарақтанған әскери саладағы басымдығын; экономикалық тұрғыдан, әлемдік жиынтық өнімнің 27%-і, әлемдегі 100 алпауыт компанияның 59-ы, сол сияқты, әлемдегі 500 жаһандық компанияның 219-ы, сондай-ақ Британиямен салыстырғанда АҚШ-тың әлем экономикасына салған инвестициясының екі есе артық екенін, сол сияқты әлемдегі ең қуатты 10 инвестициялық банктің де АҚШ-қа тиесілі екенін, алпауыт мемлекеттің жұмсақ күшінің де өзге мемлекеттерден оқ бойы озық тұрғанын сипаттап өтеді.
Ақпарат революциясының бүгінгі екпінді динамикасын ескере отырып, Джозеф Най осыдан төрт ғасыр бұрын өмір сүрген британдық философ Фрэнсис Бэконның «Ақпарат – билік» деген қанатты сөзіне сілтеме жасай отырып, XXI ғасырда әлем халқының басым көпшілігі ел ішінде ғана емес, сыртында, яғни шалғайда жүрсе де әлгі ақпарат-билікке иелік етіп отырғанын көлденең тартады. Сонымен қатар ғалым бүгінгі ақпарат революциясының аса қуатты техникалық жабдықпен, нақтырақ айтқанда, заманауи компьютерлермен жарақтанып отырғанын және бұл үдерістің ақпаратқа кететін шығын мөлшерін соншалықты арзандатып жібергенін, сондай-ақ 1954 жылдан бері қарай, жаңа компьютерлердің бағасының әр жыл сайын 20%-ке арзандап келе жатқанын да, сонымен қатар АҚШ-та ақпарат технологияларына бөлінетін инвестицияның 7%-тен 50%-ке дейін өсіп кеткенін, сондай-ақ компьютер қуатының соңғы 30 жыл бойы әрбір 18 айда екі есеге артып отыратынын, ал таяу болашақта бұл үдерістің одан да жылдам өсетінін және соның арқасында 1970 жылдары ақпарат алмасу шығындарының бір ғана процентті құрағанын, сосын 1993 жылы күллі әлемде 50-ақ ғаламтор болса, 2000 жылдың басында олардың санының бес миллионға жеткенін де тілге тиек етеді.
Ең ғажабы 1980 жылдары телефонның мыс сымдарының қауқары бір секундта бар болғаны бір бетке сиятын ғана ақпарат өткізе алса, бүгінгі таңда оптикалық талшықтар технологиясы бір секундта 90000 бетке тең ақпарат өткізе алатынын және 1930 жылдары телефонмен үш минуттық ақпарат алмасу 250 долларға түссе, 2000 жылы ол шығынның бір доллардан аспайтынына таңғалады. Сондай-ақ 1980 жылдары бір гигабайт ақпаратты сақтау үшін бақандай бір бөлмеге тең кеңістік керек болса, бүгінгі таңда қалтаға салып қоятын кредит картасының көлеміндей ғана кеңістік қажет екеніне де назар аударады. Мұның сыртында әрбір адамның қалтасында жүрген заманауи ұялы телефондардың шексіз мүмкіндіктерін де алға тартады. Сосын кейбір ғалымдардың жоғарыда аталған ақпарат революциясын «үшінші индустриялық революцияға» теңеп жүргенінің мүлде негізсіз емес екеніне де назар аударады.
Индустриялық революция демекші, туынды авторы адамзат өркениеті XVIII ғасырдан бермен қарай басынан үш индустриялық революцияны өткізіп, енді төртіншісіне де аяқ басып отырғанына сілтеме жасайды.
Автор туындысынан кезінде қирап қалған Рим империясының тағдыр-талайы да тыс қалмаған. Джозеф Най Америка Құрама Штаттарын Рим империясымен бірнеше рет салыстыра келіп, сол империяның соншалықты мықты болғанына қарамастан, кешірілмес қателіктерге бой алдырып, соның салдарынан мүлде жойылып кеткеніне саналы түрде сілтеме жасайды.
Айтса айтқандай-ақ, Рим империясының күйреуіне негіз болған себептер аз болмапты. Әсіресе ұлы империяның өз ішінде орын алған шиеленістер мен қайшылықтар ондағы саяси-экономикалық, идеологиялық және діни бірліктің негізін шайқап, алапат дағдарысқа ұшырауына әкеліп соққан. «Іштен шыққан жау жаман» демекші, Рим империясын іріткен сырттан келген жау емес, керісінше, императорлардың ішкі саясатының осалдығы болған.
Екіншіден, алып империяның саяси-экономикалық билік жүйесі әрі әлсіз, әрі тұрақсыз болғандықтан, тек императорлар ғана емес, ұлан-байтақ империяның алыс-жақын аймақтары мен провинцияларының басшылары да жиі-жиі алмасып отырған.
Үшіншіден, империя аумағындағы көпұлтты және полиэтносты халықтардың мәдени деңгейі мен білім сауаты төмен болғандықтан, олардың арасынан жасақталған армияның қуаты да төмен болған.
Төртіншіден, аталған кемшіліктердің салдарынан әлсіреп, титықтаған империя халқының демографиялық әлеуеті де күрт төмендеп кеткен.
Бесіншіден, Рим империясының күйреп қалуына сол дәуірдегі құл иеленушілік қоғам да тікелей себеп болған. Мұның салдары, өз кезегінде, күллі империяның экономикасы мен саяси жүйесінің шексіз құлдырауына және ыдырауына әкеліп соққан.
Алтыншыдан, күш-қуаты кеміген мемлекет осы тығырықтан шығу үшін, халықтан алынатын салықтың мөлшерін шамадан тыс шарықтатып жіберген. Өз кезегінде мұның салдары инфляцияны молайтып, күллі халықтың империя билігіне деген наразылығын өршітіп, төңкеріске тікелей жол ашқан.
Жетіншіден, империя аумағындағы мемлекеттік қызметкерлердің саны шамадан тыс көбейіп, күллі қоғамды бюрократия мен жемқорлық жайлап кеткен.
Сегізіншіден, жоғарыда аталған себептердің салдарынан мәдениет атаулы жаппай кері кетіп, өнер, білім, әдебиет, архитектура түгелдей дағдарысқа ұшыраған.
Тоғызыншыдан, Рим империясының біржолата күйреуіне діни қайшылықтардан туындаған ішкі шиеленістердің жиілеп кетуі де үлкен себеп болған.
Әккі саясаткер Джозеф Найдың жоғарыда аталған сынақтарды тізбектеп отырғаны бекер емес. Өйткені бүгінгі әлемнің теңдесі жоқ алпауыты – АҚШ ендігі жерде құрдымға кеткен Рим империясы ғана емес өзге империялардың тағдыр-талайынан ешбір сабақ алмаса, я болмаса әлемдік халықаралық аренада өзге мемлекеттермен таразы басын тең ұстап, олармен сындарлы саясат жүргізбейтін болса, тек Рим империясының ғана емес, тарих қойнауында күйреп қалған өзге де империялардың кебін киюі де әбден мүмкін деген пайымды тұспалдап отыр.
Сонымен қатар автор АҚШ-тың Республикалық партиясы болсын, Демократиялық партиясы болсын елдің ішкі саясатына көбірек басымдық беріп, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатқа мүлде немқұрайды қарайтынын, соның салдарынан АҚШ Конгресінің өзге мемлекеттерге санкция салуға мүмкіндік беретін заңдар шығаруға тым әуестеніп отырғанын және соның салдарынан кейінгі кездерде ондаған халықаралық конвенциялар мен келісімшарттарды ратификациялаудан бас тартып, тіпті БҰҰ мен өзге де халықаралық институттарға жыл сайын төленетін міндетті жарналардың да көлемін жөнсіз қысқартып тастағанын әділетті сынаққа алады. Сосын бұл орайда автор өзінің жалғыз емес екенін білдіріп қана қоймай, мұның нақты дәлелдеріне де дәйекті сілтемелер жасайды.
Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынып, аударылған алғашқы еңбектер бүгінде оқырман қолына тигені белгілі. Осы орайда Ұлттық аударма орталығы АҚШ-тың ХХI ғасырдағы геосаясатын терең де түбегейлі зерттеген америкалық ғалым Джозеф С.Найдың (Joseph S. Nye) «Оксфорд» баспасынан 2002 жылы жарық көрген «Америка билігінің оғаш сыры» («The Paradox of American Power») атты бағалы монографиясын да ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударып, халықаралық қатынастар және дипломатия мамандықтарын таңдаған жастарға хрестоматия ретінде ұсынса, артық болмас еді деген ой туады.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі