Еліміздегі химия ғылымының дамуына ғұмырын арнаған, бірнеше жылдан бері қажырлы еңбек етіп, аянбай тер төгіп келе жатқан Еренғайып Мәлікұлының атқарған қыруар ісінің ел болашағы үшін маңызы зор. Бір бойынан ғылымға сүйіспеншілік, қоғамдық жұмысқа жауапкершілік қатар табылатын көрнекті ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайқұтдіновтің есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелге де жақсы таныс.
Е.Шайқұтдінов 1933 жылдың 10 мамырында Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданы Октябрь ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұспа-тұс келген Еренғайып Мәлікұлы аштық пен суыққа төзе жүріп, тез есейді. Зұлмат жылдардың қиындықтары аз болған жоқ. Орта мектепті күміс медальмен бітіріп, 1951 жылы Кеңес Одағындағы үздік жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы химиялық технология институтына түсіп, сәтті аяқтады. Қарағандыдағы синтетикалық каучук зауытында екі жылдай ауысым бастығы болған ол химиялық өндірістегі тәжірибелі, білікті инженер-технолог болып қалыптасты. Дегенмен, ғылымға деген құштарлық оны қайтадан Мәскеу химиялық технология институтына алып келеді, 1958 жылы осы оқу орнының аспиранты атанады.
Ол 1963 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған соң бірден С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне жоғары молекулалық қосылыстар кафедрасына шақырылды. Аталмыш кафедраны осы жылы химия факультетінің деканы, профессор Б.Бірімжанов пен ҚазКСР ҒА академигі С.Рафиков құрған болатын. Бұл білім және ғылым ордасы осы бағыттағы Кеңес Одағындағы Мәскеу және Ленинград университеттерінен кейін құрылған үшінші кафедра еді. Жаңа кафедраның аяғынан тік тұруында, әрі дамуында, оқу үдерісі мен ғылыми зерттеулерін ұйымдастыруда Еренғайып Мәлікұлының үлесі орасан зор. Е.Шайқұтдіновтің қызметтік жолының алғашқы сатысынан-ақ жас ғылымды, кенжелеп қалған әрі елімізге таңсық ғылымды дамытуға аянбай кірісіп кеткенін замандастары мақтанышпен айтады. Бұл қасиет бүгінгі ұрпаққа зор үлгі.
Академик Б.Жұбановпен бірге Е.Шайқұтдінов, алдымен С.Киров атындағы ҚазМУ-да, одан кейін В.Ленин атындағы ҚазПТИ-да жас полимерлі ғылымның негізінде оқытудың әдістемелік қағидаларын жетілдіруге, материалдық базасын жасақтауға және шығармашылық ұжымын қалыптастыруға белсенді атсалысты. Бұл салада 50 жыл үздіксіз қызмет етіп, маңдай терін төкті, аға оқытушылықтан бастап университет ректоры қызметіне дейінгі баспалдақтардан өтті.
1978 жылы Е.Шайқұтдінов В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының проректоры қызметін атқарса, 1992 жылы осы оқу ордасына басшы, ал 1994 – 2000 жылдар аралығында Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ректоры болды. 1989 жылы Е.Шайқұтдінов Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесіне сайланса, 1994 жылы толық мүшесі атанды. Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы кафедрасы құрылғаннан бастап Еренғайып Мәлікұлының ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметтері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен үздіксіз байланыста келеді.
1971 жылдан бастап 1978 жылға дейін ол кафедра меңгерушісі, ал 1972 жылы С.Киров атындағы ҚазМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы болды. 1972 және 1999 жылдар аралығында ҰҒА Химия институты мамандандырылған ғылыми кеңесіне және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы химия ғылымдарының докторы және кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертацияларды қорғау жөніндегі ғылыми кеңесіне мүшелік етті. Бірнеше жылдан бері ол органикалық заттар химиясы мен технологиясы, табиғи қосылыстар және полимерлер кафедрасының профессоры.
Академик Е.Шайқұтдінов жас әрі талантты ғылыми кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлді. Оның жетекшілігімен 40 шақты кандидаттық және 15-тен аса докторлық диссертация қорғалды.
Ғалымның көп жылдық ғылыми қызметінің нәтижелері 900-ден аса ғылыми еңбекте, соның ішінде 8 монография және 6 оқулық, КСРО-ның 124 авторлық куәлігінде, Қазақстан Республикасының патенттерінде және халықаралық патентте анық көрінеді. Еренғайып Мәлікұлы Қазақстандағы жоғары молекулалық қосылыстар химиясының негізін салушылардың бірегейі. Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы саласында іргелі және қолданбалы зерттеулері халықаралық жоғары дәрежеде мойындалған танымал ғылыми мектептің қалыптасуы ғалым еңбегінің нәтижесі.
Еліміздегі химия-технологиялық мамандықтардың алғашқы бастауы да Еренғайып Мәлікұлының қолдауымен көрініс тапқан болатын. Инженерлік кадрларды даярлап, қанаттандыру жұмыстарына арқау болған да осы Еренғайып Мәлікұлы. Академиктің іскер басшылығын дәлелдейтін бірнеше еңбектерін атауға болады. Ол өз саласын отандық деңгейде ғана дамытып қоймай, халықаралық аренаға шығарды. Ширек ғасыр бұрын әлем рейтингінен ойып тұрып орын алу, халықаралық байланысты дамыту күрделі шаруа еді. Ол зор қабілетті, терең білімділікті, іскерлікті қажет етті. Мұндай қасиеттерді бойына сіңіре білген Еренғайып Мәлікұлы отандық химияның салалық бағыттарын әлемдік деңгейге шығарды.
Осы орайда ерекше айта кету керек, дүние жүзіне мойындалған Thom-son Reuters ақпараттық базасының мәліметінше, академик Е.Шайқұтдінов ғылыми мектебінің бірден үш өкілі (профессорлар Г.Мун, З.Нүркеева, В.Хуторянский) наноғылым және нанотехнологияны зерттеудің дәстүрлі нысаны болып табылатын интерполимерлі кешендер саласында ғалымдардың әлемдік рейтингісінің алдыңғы үш орынын иеленген. Мұндай көрсеткішке Қазақстан ғана емес, бүкіл ТМД бойынша өзге ешбір ғылыми мектеп қол жеткізбеген. Мұндай белесті бағындыру ғылымға адалдықты, табандылық пен талапшылдықты қалайды. Еренғайып ағамыз сол табандылығымен, талапшылдығымен ел ғылымын әлемге мойындатты.
Ғалым ағамыз іргелі зерттеулер, білім беру процестерін реформалау және жетілдірумен қатар экономикада маңызы басым тәжірибелік жобаларға зор көңіл бөлді. Профессор Е.Шайқұтдінов – көрнекті педагог, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысының іскер ұйымдастырушысы, оқу процесіне жаңа кәсіби технологиялар мен әдістерді енгізуге ұйытқы болған білікті басшы. Ол дәстүрлі ғылым жолын заманауи талаптарға сай байланыста дамытып жүрген ғалым.
Ғылымдағы ерен үлесі мен көрнекті еңбегі, сонымен бірге әлемдік білім кеңістігіндегі өзекті мәселелерді шешудегі салмақты еңбектері үшін академик Еренғайып Мәлікұлының есімі «1997 жылғы жемісті еңбек иесі» Халықаралық биографиялық орталық кітабына (Кембридж, Ұлыбритания), сондай-ақ «Қазіргі заманда Кімнің кім екені туралы» библиографиялық көптомдық басылымының заманауи уақыттың 200 көрнекті қайраткері атты бөліміне енді.
Бір бойында педагогтық, басшылық әрі ізденімпаздық қасиеттерді, ұйымдастырушылық және жаңашылдық қабілеттерді игере білген Еренғайып Мәлікұлының өмір жолы шежіреге толы тарих. Дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстыра білген, әлем талабын игерген Еренғайып Мәлікұлы әлі де өз идеяларын бөлісуден, ой айтып, жөн сілтеуден шаршаған емес. Бүгінге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен қол үзген емес. Өзінің төл кафедрасы органикалық заттар химиясы мен технологиясы, табиғи қосылыстар және полимерлер кафедрасында, жалпы университеттің тыныс-тіршілігінде ақылшы аға, қамқор ұстаз, ҚазҰУ Бақылау кеңесінің мүшесі.
Жемісті ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметі үшін академик Е.Шайқұтдінов «Құрмет», «Парасат» және «Барыс» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», Ыбырай Алтынсарин медальдарымен, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың және Ресей Президенті Д.Медведевтің Алғыс хаттарымен марапатталды. 1991 жылы оған «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мемлекетіміз бен қоғамымызды өркендету жолында айрықша қызмет еткен, қажырлы еңбегінің арқасында халықаралық кеңістікте Қазақстанның ғылыми бейнесін қалыптастыруға зор үлес қосқан ғылым мен білім қайраткерлерінің, аса көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын баяндайтын кітаптар топтамасын шығарып келеді. Сол «Өнегелі өмір» сериясының кезекті шығарылымы академик Е.Шайқұтдіновке арналып жарық көрді. Бұл Еренғайып Мәлікұлының өмір жолы жас ұрпақ, жаңа буынға өнеге болып қалатындығының айғағы.
Академик Е.Шайқұтдінов Отанымыздың тәуелсіз таңында өзінің қажыр-қайратын аяп қалған емес. Ол қазақ жұртының Мәңгілік елге айналуына тілекші, баталы ұстаз әрі ел болашағына бек сенімді. Өз еліне, төл халқына қалтқысыз қызмет етуді өмірлік мұраты еткен ғалым ағамызға күш-жігер қосатын да осы сенім болса керек.
Ғалым МҰТАНОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры