• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қыркүйек, 2018

Қала көшелерін қоқысқа толтырмайық

3243 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде көне Тараз қаласында көптеген жұмыс атқарылып, алғаш­­­­қы нәтижелерін беруде. Облыс орта­лы­ғындағы талай аумақ, оның ішін­де бір­неше саябақ қайта ретке келті­рі­луде. 

Сонымен қатар жасыл қала қалып­тастыру мақсатында да тал-дарақтар отырғызылып, шаһар шырайын арт­тыруда. Мұндағы басты мақсат таза­лық пен тәртіпті ту ету болса керек. Алайда бір жер бүтінделсе, бір жердің қиюы кетіп жататыны өтірік емес. Оған да күнделікті тіршілік барысында адамдардың өзі жол беріп жатады.

Тіршіліктің түрлі себептерімен кө­шеге шыға қалған жағдайда, әуелі көшелердің әр бұрышында шашылып жатқан қоқысты байқауға болады. Яғни тұрғындар қолындағы затты қоқыс алаңына апарып тастаудан гөрі, аяқ астына тастай салғанды дұрыс көреді. Қала берді көпқабатты тұрғын үйлердің алдында да, артында да шашылып жатқан темекі қораптары, түрлі сусындардың ыдыстары, қалбырлар, пакеттер сияқты нәрселер ешбір адамға жағымды әсер сыйлай қоймайды. Қоршаған ортаны құрметтеу, адамдарды сыйлау адамның ішкі мәдениетіне байланысты болса керек. Әсіресе Тараз қаласындағы ықшамаудандарды түрлі қоқыстан аяқ алып жүргісіз деуге болады. Бұл тазалықтың сақталмауынан түрлі инфекциялардың таралуына жол беруі мүмкін. «Әр адам үшін гигиена басты орында тұруы тиіс. Адамның тазалықты ұстануы мәдениеттілігін көрсетеді. Қазір қоғамда, қоршаған ортада тазалық толық сақталуда деп айта алмаймын. Ең өкініштісі, бұл мәселені тудырып отырған тұрғындардың өздері. Кей тұрғындар көшеде келе жатып қолындағы түрлі заттарды ойланбастан тастай салады. Мұның бәрі ауаны ластайды. Тағы бір айтарым, темекі тұқылдары, шараптардың бос бөтелкелері, кө­көніс, түрлі жемістердің қабықтары мен қалдықтары ауаға инфекция таратады. Одан бөлек, қоқыс шашылып жатқан жерлерге шыбын үймелейді. Сондықтан да тазалық болған жерде ауру болмайды», дейді медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков.

Шындығында да тазалық мәселе­­сіне келгенде әлсіздік танытып жатамыз. Бүгінге дейін шаһардағы барлық қоқыс алаңының беті ашық күйде жа­тыр. Әсіресе ықшамаудандарда, ілгеріде салынған тұрғын үйлердің маңайында қаңғыбас ит пен мысық көп. Ал бұлар кезі келгенде қоқыстан әлденелерді тартып әкетіп, әуреге түсіп жатады. Бұл орайда да қала тазалығына әрбір тұрғынның жауапты екенін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан айтты. «Барлығы жанашырлыққа байланысты ғой. Сырттан келген қонақтар қаланы мақтап кетсе, бәрімізге абырой. Қазақ хандығының 550 жылдық тойында Тараз бір жаңарып қалды. Елбасы көңіл бөліп, талай құндылықтар бой көтерді. Солар қазір өз деңгейінде таза тұр ма? Жә­нібек пен Керей ханның ескерткіші ма­ңайына серуен­ге шыққан жас­тар бөтелке сындырып, сыра және өзге де сусындардың қалдықтарын қал­ды­рып, бүлдіріп кетіп жатқан жоқ па? Қоқыс былай тұрсын, қала көше­лерінде қаңғыбас иттер көбейіп кетті» дейді мәдениет саласының ардагері.

Әрине Тараз қаласы қоқысқа белшесінен батқан шаһар емес. Өзіне тән тазалығы, салтанаты бар көне мекен. Алайда күнделікті тұрмыс барысында тұтынған дүниелердің кейде көшелерде бейберекет жатуы жағымсыз әсер етеді. Бұл тұрғыда тиісті мекемелер жұмыстарын да атқарып отыр. Бірақ шағын құрамның шаһар тұрғындарын бір мезгілде қадағалауға мүмкіндігі жетпейді ғой. Сондықтан да әрбір тұрғын тазалықты өзінен бастаса, өте дұрыс болар еді.

Әрине тиісті тазалықты сақта­ма­ған азаматтар заң алдында жауап береді. Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті жергілікті поли­­­ция қызметі учаскелік полиция инспек­торларының жұмысын ұйымдастыру бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Қуаныш Ақболатовпен сөйлескенімізде, ол облыс бойынша қоғамдық орындарда тыйым салынған жағдайлар бойынша қанша азаматтың әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтып берді. Мәселен, облыс аумағында көшеге темекі қал­дық­тарын лақтыру бойынша 1936 азамат, масаң күйде 4945 азамат, белгіленбеген жерде темекі тарту бойынша 2212 азамат және тұрмыс­тық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерге тастау бойынша 6118 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сонымен қатар тиісті азаматтарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл да салынған. Қарап отырсақ, бұл да аса жақсы нәтиже емес. Сон­дық­тан да әр тұрғынның тазалық мәселесінде мәдениетті болғаны жөн. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

ТАРАЗ