«7 – 20 – 25» бағдарламасының шартына сәйкес толық аяқталып біткен, құжаттары дайын жаңа баспаналарға ғана ипотека берілуі тиіс. Көп жағдайда құрылысы аяқталмаған пәтерлердің бағасы арзанға түскендіктен, ерте сатылып кетеді. Сөйтіп «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасына берілетін баспаналар саны жеткіліксіз болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін бағдарлама аясында арнайы тұрғын үйлер салу жоспарлануда.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Баспана» ипотекалық компаниясының басшысы Қайрат Алтынбеков «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасының іске асырылу барысына тоқталды.
− Бүгінде Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облыстарында «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша берілген ипотеканың көлемі тым аз. Себебі аталған өңірлерде жаңа тұрғын үйлер саны жеткіліксіз. Осыған байланысты Ұлттық банк «Баспана» ипотекалық компаниясымен бірлесе отырып, «7 – 20 – 25» бағдарламасына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, біз бағдарлама аясында салынатын жаңа үйлерді арттыру үшін шамамен 150 млрд теңге бөлуге әзірміз, – деді Қ.Алтынбеков.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа бағдарламаға сұраныс жоғары болғанымен, банктер барлық өтінішті қабылдауға асықпай отыр. Мәселен, осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерге 26 млрд теңгеге өтінімдер түсіп, соның ішінде 18 млрд теңгенің ипотекасы мақұлданған. Бұл – шамамен 1 500 пәтер.
Айта кетерлігі, бүгіннен бастап «7 – 20 – 25»-ке қосымша «Баспана-Хит» атты жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Онда алғашқы жарнаның көлемі өзгермейді. Алайда проценттік мөлшерлеме Ұлттық банктің ставкасына байланысты болмақ.
− Мәселен, Ұлттық банктің базалық ставкасы 9 процентті құрайды. Оған тағы 1,7 процент қосылады. Осылайша, «Баспана-Хит» бағдарламасы бойынша проценттік мөлшерлеме 10,7 болады. Ипотеканың мерзімі – 15 жыл. Ал бастапқы жарнаның мөлшері 20 процент болып қала береді, – дейді Қ.Алтынбеков.
«7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасына қатысушылар саны бойынша Алматы, Астана қалалары, сонымен қатар Маңғыстау облысы көш бастап келеді. Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында да несие беру қарқыны өсуде.
Осы жиында айтылғандай, аталған бағдарлама шеңберінде жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін «Жас арман» және «Қамқор баспана» жобалары әзірленіпті. Жергілікті атқарушы органдар жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға бастапқы жарнаны қысқарту үшін субсидия қарастыруда. Бұл ретте үй кезегінің тізімін жасау, өнімге қатысу үшін азаматтарды іріктеу әкімдіктердің еркіне берілген. Таяуда «Баспана» ұйымы Шымкент қаласы әкімдігімен бірге алғашқы жобаны іске қосты. Жоба бойынша Шымкент әкімдігі 2 мыңға жуық тұрғынға қолдау көрсету үшін 2 млрд теңге субсидия бөлген.
Бұған дейін аталған бағдарлама негізінде Центркредит банкі, АТФ Банк, Цеснабанк, BankRBK, Евразиялық банк арқылы несие рәсімделетін болса, 11 қыркүйектен бастап, Қазақстан Халық Банкі және ForteBank те осы тізімге қосылып отыр.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақсан»