Соңғы кездері әлемдегі геосаяси жағдайларға, терроризм мен экстремизм қаупіне байланысты көптеген мемлекеттер өз шекарасынан өткізу тәртібін қатаңдатты.
Атап айтқанда, бірқатар елдер төлқұжаттық-визалық бақылаудан өткізуді және жеке тұлғаны растау үлгілерін жетілдіріп, бүгінде биометриялық мәліметтері бар құжаттар (цифрлы фотосуреттер, саусақ таңбасы, көз шарасының кескіндемесі және т.б) беруге көше бастады.
Оған қоса 16 жасқа дейінгі балалардан да жеке төлқұжат талап ететін мемлекеттердің де қатары көбейіп келеді. Мәселен, Шенген аумағындағы еуропалық мемлекеттер, АҚШ, БАӘ және басқа да мемлекеттер қауіпсіздік шараларын алға тартып, шетелдіктерді өз аумағына кіргізу тәртібіне осы талапты енгізген.
Осыған орай, Ішкі істер министрлігі де Қазақстан азаматтарының басқа елдердің шекарасынан еркін өтуін қамтамасыз ету үшін қазіргі қолданыстағы құжаттандыру тәртібін өзгертуге ниетті.
Нақтырақ айтқанда, министрлік «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы 16 жасқа дейінгі балалар шетелге шығатын жағдайда төлқұжат алуды міндеттеуді құп көріп отыр. Ал қазіргі уақытта шетелге сапарлаған балалардың фотосуреттері ата-аналарының төлқұжаттарына жапсырылуда.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, шетелге шығатын балалардың жеке төлқұжат алуын міндеттейтін тәртіп 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін.
Айта кетерлігі, биылдан бастап Қазақстан төлқұжатын рәсімдеу құны 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге қымбаттап 8 АЕК (19240 теңге, 1 АЕК – 2405) құрады. Ал төлқұжатты бір күн ішінде рәсімдеп, қол жеткізуге болады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»