Ресейде жоғары оқу орнын тәмамдаған алғашқы түлектер Сыр өңіріне оралды. «Егеменнің» өткен нөмірлерінің бірінде 2014 жылдан бері 452 қызылордалық студенттің Мәскеу мен Санкт-Петербургтің таңдаулы оқу орындарында Ресей Федерациясы үкіметінің гранты негізінде оқып жатқандығын жазған едік.
Биыл алғашқы 74 түлек оқуын бітірді. Олардың 43-і магистратурада оқуларын жалғастырады. 14-і облыстың ірі кәсіпорындарына – «СКЗ-У» ЖШС, «Қызылорда жарығы» ЖШС, «Ансар Сервис» ЖШС, «Теплотехник» ЖШС-на, мамандандырылған мемлекеттік мекемелерге – индустриялық-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары мен жастар ресурстық орталығына және тағы басқа жұмыстарға орналастырылды.
Қайбір жылы Өзбекстанмен шектесетін аудандағы жоғары оқу орнына жолымыз түскен. Бұрын асхана болған орталықтан институт ашқан азамат оқытушыларды, профессорларды Өзбекстаннан алдырамын деген еді. Шындығында, олар сабақ беріп те жарытпайды. Оқу орнын ұстап тұру, әлеуетін көтеру үшін тізімге қосқан, жалақысын белгілеген. Келсе де бәрібір, келмесе де бәрібір. Жоғары оқу орны талабына үстіндегі лыпасы келмейтін сол оқу орны жабылғанымен, ақшасын төлесең сабаққа келмесең де дипломды қолыңа беретін білім ошақтары әлі де көп. Өткенде Елбасы Үкімет басшысын қабылдағанда білім саласының сын көтермейтіндігін айтты. Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарындағы былықты жою жөнінде тапсырма бергенімен, әлі шешімін таппаған мәселелер жоқ емес.
Ал Ресейдің ең ірі екі қаласында оқып жатқан жастар біздегі көдедей көп мамандықтарға емес, ауадай қат техникалық мамандықтарға, Сыр өңірін өркендету үшін керек мамандықтарға машықтанып жатыр. Қызылордада келесі жылы тағы 150 түлек оқуын бітіреді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алғашқы түлектерді қабылдап, ақ тілегін жеткізді.
– Құрметті әріптестер! Сіздер бүгінде менің аймақ, ел дамуына етене үлес қосатын білікті маман, еңбек етуші үзеңгілес әріптесіме айналдыңыздар. Ата-бабамыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған, Елбасымыз да «Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», деп айтып келеді. Мен де өз кезегінде «Туған жерге тағзым ету – парызым, туған жерге қызмет ету – қарызым» деген ұранды ұстанамын. Сондықтан білім алып, белгілі бір мамандық иесі атанып, туған жерлеріңе оралған қадамдарыңыз оң болсын деп тілеймін, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты жиында түлектер мен олардың ата-аналары мектеп бітіргеннен кейін Ресейдің ең үздік техникалық жоғары оқу орындарында білім алуға және жұмысқа орналасу мүмкіндігін жасаған облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
– Мұндай мүмкіндік басқа аймақтарда болмағанын атап өткім келеді. Мәскеу мен Петербургте көбінесе сырбойылық жастар оқуда. Басқа студенттер бізге жасалған материалдық және рухани қолдауларыңызға қызыға қарайтын. Қазір тіпті Мәскеуге арзан әуе рейстері ұйымдастырылған. Сондай-ақ оқып жүрген кездің өзінде «Аралтұз», «Байкен-U», «Қызылорда жарығы», «Абзал және К» сияқты ірі компаниялар жұмыс ұсына бастады. Мен «Қызылорда жарығы» ЖШС-інде жұмыс істеймін. Ата-анам мен облыс басшылығының үмітін ақтап, алған білімімді туған жердің игілігіне жаратсам деймін, – дейді Ресейде оқу бітіріп, «Қызылорда жарығы» ЖШС-не жұмысқа орналасқан Еламан Меңдіқұл.
Кездесуде түлектер облыс әкіміне «Орда» жастар қоғамдық бірлестігінің куәлігін табыстады. Бұл ұйым биылғы жылдың тамыз айында сырбойылық жастардың мәселелерін шешуге және ресейлік жоғары оқу орындарындағы студенттер мен түлектерді біріктіруге арналып құрылған болатын.
Биыл 60-тан астам мектеп түлегі Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетіне, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне, Санкт-Петербург мемлекеттік индустриялық технологиялар және дизайн университетіне, Иннополис университетіне және Мәскеу энергетика институтына түсті.
Сонымен бірге, сырбойылық жастарға мамандандырылған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне жыл сайын 20 грант және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарына грант бөлінеді.
Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және цифрлы технологиялар бойынша жыл сайын қызылордалық түлектердің білім алуына келісім жасалған. Алдағы уақытта «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 900-ге жуық түлек облыс әкімінің білім грантына ие болды. 2018 жылы грант саны екі есеге артты, оның 70 пайызы IT мамандықтарына бөлінеді.
Биылғы жылы облыс әкімінің 116 стипендиаты оқуын бітірді.
Бүгінде Ресейдің жоғары оқу орындарында оқып жатқан жастар облыс әкімінің тікелей қадағалауында. Өңірді түлету, елдің әл-ауқатын көтеру заман талабына сай білім алып жатқан сол жастардың қолында екендігін білетін өңір басшысы, Мағжан ақын айтқандай, «Мен жастарға сенемін» деп отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы