«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық тәрбие беруді талап етеді. Ұлттық тәрбие жас ұрпаққа отбасы, балабақша, мектеп арқылы берілетіні анық. Қазір мектептерде Абай мұраларын насихаттау, жергілікті ақын-жазушылар шығармалары мұраларын оқушыға жеткізу, би-шешендердің нақыл сөздері мен күйшілік өнерді дәріптеуге арналған сабақтар, қолданбалы курстар, сыныптан тыс жұмыстар жүргізілуде. Біз бұл құндылықтарды өзгермелі заманға лайықты оқытып, ұрпақ игілігіне айналдыруымыз керек. Білім беру саласы үнемі ұлттық сипатпен байытылса, жас ұрпақтың бойынан іргелі ел болуға лайықты қасиеттер табылар еді.
Осы мақсаттарды жүзеге асыру жолында мектептегі іс-шаралардың қатарына сыныптан тыс өлкетану сабақтарын, қолданбалы курстарды атауға болады. Мәселен «Маңғыстау әдебиеті», «Маңғыстау тарихы», «Маңғыстау географиясы» оқулықтары оқушылардың таным көкжиегін арттырып, жергілікті өңірдің құндылықтарын ескеруді нығайта түсуде. Былтыр құрылған «Абай әлемі» клубында данышпан ақынның шығармаларын 3 тілде оқып-үйрену жалғасуда. Сондай-ақ би-шешендік өнердің қазіргі өмірмен байланыстылығы дәріптелуде.
Жаңа ғасыр, жаңа заманда кім жақсы жұмыс істейді, кім мамандығын жетік меңгереді, жаңалыққа қалай тез қол жеткізеді, соның жолы болмақ. Қазіргі білім – ұлттық рухани құндылықтарға негізделген білім. Сондықтан қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған идея уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай шешім болды.
Бүгінгі Қазақстан дамуының кепілі – білім. Бұл тек ұлттық бірлік жағдайында ғана жүзеге асады. Елбасы өмірімізге дендеп еніп жатқан ғаламдық жаңалықтарға дайын болу керектігін, жайбасарлықтан арылу керектігін айтып, білім мен ғылымды игеруге үндеп отыр. Ал біздің жастарымыздың білімге деген ұмтылысын әркез байқауға болады. Яғни, әлеуеті мықты жастарға тек дұрыс бағдар керек.
Анар ТӨЛЕУОВА,
Жалау Мыңбаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі
Маңғыстау облысы,
Түпқараған ауданы