Ұлт денсаулығын сақтау – қашанда әлеуметтік маңызы зор мәселе. Деннің саулығы ең алдымен дұрыс тамақтанудан басталатынын білсек те күнделікті өмірде бұл мәселеге аса мән бермей жатамыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптауынша, әлемдегі мерзімсіз өлім жағдайларының 80 проценті төрт негізгі қауіптен тұрады. Оның ішінде физикалық белсенділіктің төмендеуі мен дұрыс тамақтанбау көш басында тұр. Ғалам дабыл қағып отырған бұл проблемамен қалай күресуіміз керек?
Бабаларымыз «ауру астан» деп әлдеқашан айтқан. Тамағын талғамай татпаған қазақ сары жайлауда сары қымызын сапырып, қатығы мен ірімшігін жасап, құрт қайнатып, май шайқап, өмірлік қуат көзін табиғаттың өзінен алды. Уақыт ағымына сай бұл дәстүр келмеске кетті демесек те, жұрттың бәрінде бірдей табиғи тамақтарды тұтыну мүмкіндігі жоқ. Бүгінгі дамыған технологиялар заманында адамзаттың өмір сүру салты мүлде басқа арнаға бұрылды. Әлемдік зерттеу бойынша 65 жасқа дейін өлім құшқандардың 12 проценті қатаң диета, шамадан тыс тамақтану, зиянды тағамдарды жиі тұтынудан туындаған аурулардың салдарынан көз жұмғандар. Қимыл-қозғалыс күрт азайып, артық калория, ағзаға дұрыс сіңбеген тамақ семіздікке шалдыққандардың санын арттырған. Ғалымдар артық салмақтың 98 проценті тамақтан, тек 2 проценті ғана эндокринология мен жүйке жүйесіне байланысты екенін, адам бойындағы 4 кило артық салмақ өмір сүру мерзімін бір жылға қысқартатынын дәлелдеп отыр. Ең өкініштісі, семіздікке ұшырағандардың басым бөлігі кәмелет жасына толмаған жеткіншектер. Ресми мәлімет бойынша, әлемде 170 миллион баланың салмағы 100 килодан артық. Мамандар бұл кесел адам ағзасына зиянды қаныққан май қышқылдарының, әртүрлі дәмдеуіштер мен трансмайлардың ошағы саналатын фастфуд өнімдерін, түрлі газды сусындарды шамадан тыс тұтынудың салдары екенін айтады.
Жасыратыны жоқ, бүгінде атынан адам жаңылатын түрлі фастфудтар, шетелдің жылдам даярланатын тағамдары мен жартылай фабрикат өнімдер өмірімізге дендеп еніп кетті. Оның бір ғана дәлелі, соңғы жылдары еліміздегі фастфуд тағамдарын сату көлемі 45 процентке, фастфуд мейрамханалары 47 процентке, ал онда жұмыс істейтіндердің саны 29 процентке өскен. Жуырда ғана отандық телеарналардың бірінде келтірілген мәліметке сүйенсек, қазақстандықтар жылына тек фастфуд тағамдарына 260 миллион доллар қаражат жұмсайтын көрінеді. Фастфудтың атасы саналатын түрлі бургерлердің құрамындағы ароматизатор, бояғыштар, антиоксидант пен консерванттар, дәмдеуіштер бір дәмін татқан жанды бас тарта алмайтын жағдайға жеткізеді. Ағзаға аса қуат бермесе де бауыр мен жүрекке, қан тамырларына май болып жиналады. Тез тойдырады әрі жеп отырған адамның көңіл күйін жақсартады. Дәрігерлер мен мамандар қанша жерден дабыл қақса да тіске жұмсақ болғанымен ажалға апаратын аурулардың апанына баланатын бұл тағамдардан тыйылатын түріміз жоқ. Мұндай өнімдерді үздіксіз тұтыну семіздік, атеросклероз, гипертония, гастрит, холесцистит, инфаркт сияқты аурулармен қатар, қатерлі ісіктерді де дамытатын күшке ие.
Ми қайнатар ыстықта шөлімізді басатын түрлі құты-қалбырлардағы қызылды-жасылды сусындардың ағзаға тигізер алапат зиянын мың сан рет естісек те, оны ойлап бас қатыра бермейміз. «Кез келген газдалған сусынның құрамында көмірқышқыл газы кездеседі. Бұл сусынның ұзақ сақталуына ықпал етеді. Мұндай сусындар асқазан секрециясының қабынуына, ішек ауруларының өршуіне әкеледі. Қант немесе жеңіл сіңетін көмірсулар адам ағзасына түскеннен кейін тез ыдырап, артық салмақтың жиналуына, әрі қарай семіздікке және қандағы қант мөлшерінің көбеюіне байланысты қант диабетіне соқтыруы ғажап емес. Егер осы сусындардың құрамындағы газдарды есепке алатын болсақ, әсіресе буыны қатаймаған балалар арасында гастрит, холесцистит, панкреатит сияқты асқазан-ішек жолдарының ауруларын дамытады» дейді мамандар.
Бір ғана мысал келтірейік. Ғаламтор бетіндегі зерттеу-тәжірибесіне үңілсек, жиі тұтынатын «Кока-кола» сусынын ішкеннен кейін ағзада мынадай процестер белең алады. «Он минут ішінде он қасық қант бірден ағзаға түседі. Көп көлемде қабылданған қант құрамындағы фосфор қышқылының әсерінен жүректі айнытпайды. 20 минуттан кейін қан құрамында инсулин мөлшері күрт шарықтап, бауыр денедегі артық қантты майға айналдырады. 40 минуттан соң денені кофеин дендейді. Көз қарашығы үлкейіп, қан қысымы жоғарылайды. Өйткені бауыр қанға үлкен көлемде қант жібереді. Ағзадағы рецепторларды тоқтатады. Адам ұйқысырай бастайды. 45 минуттан кейін адам денесі дофомин гормонын нормадан көп өндіреді. Бұл мидың жұмысын бәсеңдетеді. Бір сағат аралығында фосфор қышқылы метоболизмді үдете отырып, ішектегі кальцийді, магнийді және цинкті бір-бірімен байланыстырып, кальций несеп арқылы сыртқа шығып кетеді. Несеп арқылы сүйектегі кальций, магний, цинк және одан бөлек натрий мен су электролиті ағады». Жаңа зерттеу нәтижесі аталған сусынның қатерлі ісікке шалдығу қаупін жақындататынын көрсеткен. Джон Хопкинс университетінің жанынан ашылған Блумберг денсаулық сақтау мектебі сусында жасанды карамель бояғышы ретінде қолданылатын 4-метилимидазол канцерогені адам денсаулығына аса қатерлі екенін анықтаған. Жалпы, газдалған сусындардың адам организміне келтіретін зияны оның құрамындағы әртүрлі заттектердің түрлері мен мөлшеріне байланысты. Көп жағдайда, оған арнайы дәм беру үшін түрлі қанттар мен дәм беретін қоспалар қосылады.
Білікті диетологтер тамақтанудың ең дұрыс тәртібі ретінде күніне төрт мезгіл тамақтануды мойындап отыр. Таңғы, түскі, түс ауа және кешкі ас ішудің арасындағы ұзақтық төрт-бес сағатты құрауы тиіс. Әрі дұрыс тамақтануға негізделген диета белгілі бір уақытты қолдайды. Дұрыс тамақтану қағидасы мынадай: Таңғы ас тәуліктік норманың шамамен төрттен бірін, яғни 25 процентін, түскі ас – 50%, түс ауа – 10%, ал кешкі ас 15 процентін құрауы керек. Мамандар кешкі асымызды ұйқыға жатардан кемінде 2-3 сағат бұрын ішуді қатаң қағидаға айналдыру керектігін алға тартады. Тіпті дұрыс тамақтануды арықтау үшін пайдаланғанның өзінде, тұтынатын калория мөлшері жұмсалатын энергияны өтеуі тиіс. Бұл адамның жынысына, жасына, жеке физиологиялық ерекшеліктеріне, өмір сүру салтына, жұмыс істеу сипатына байланысты.
Сайып келгенде әр адамның денсаулығы өз қолында. Ақпараттың кең заманында ес тоқтатқан әр азамат пайдалы ас пен зиянды тағамның аражігін өзі-ақ ажыратып алар. Негізгі мәселе – әлі де оң-солын тани қоймаған жеткіншектерді фастфуд өнімдерінен ата-ана мен мектеп, барша қоғам болып арашалау. Өйткені бүгінде қазақстандық оқушы балалардың 13 проценті күніне бір рет болса да фастфуд тағамдарымен қоректенеді. Осылай жалғаса берер болса, ұлт денсаулығына өлшеусіз зиян келетінін бағамдай беріңіз.
Күн өткен сайын дұрыс тамақтану адамзат алдында тұрған өзекті проблемаға айналып келеді. Алысқа бармай-ақ еліміздегі кез келген дүкен сөрелерінен табиғи азық-түлік өнімдерін табу қиын. Яғни тамақ өнімі нарығындағы ахуалды қалыпты қадағалау күрделі болып отыр. Елімізге сырттан әкелінген технологиялары белгісіз, соның ішінде халықтың денсаулығы үшін қауіпті сапасыз тамақ өнімдеріне тосқауыл қоймай, бұл мәселені жолға қоя алмасымыз анық. Отандық тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары мен қоғамдық тамақтану орындарындағы өндірістік бақылауды барынша күшейту керек. Есесіне ұлттық тағамдардың ассортиментін кеңейтіп, оның биологиялық құндылығын арттырудың маңызы зор. Ұрпақ қамын ойлаймыз десек, жасалу құрамы құпия саналатын, тегі жоқ тағамдарды тұтынудан тартынғанымыз абзал.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ