Интернетті заңдық тұрғыдан реттеу саласындағы тәжірибелер бұл салаға мемлекеттік бақылаудың қажеттігін көрсетті. Интернет желісіндегі ұлттық сегменттегі ресурстардың мазмұнын бақылау мақсатында және ұлттық қауіпсіздікті сақтау бағытында жағымсыз ақпарат көздерінің алдын алу үшін дамыған елдер жылына миллиондаған доллар қаржы жұмсайды.
Құқықтық тұрғыдан қалай реттелуде?
Әлемде интернетті құқықтық тұрғыдан реттеудің бірнеше тәсілдері бар. Біріншісі – мемлекет интернетті реттеу жұмысына араласпайды, екінші тәсіл – интернетті басқару және құқықтық қарым-қатынасты реттеу ісінде (балалар порнографиясы, терроризм, экстремизм және т.б.) мемлекеттің араласу үлесі шектеледі. Ал үшінші тәсіл – интернетті заңдық реттеудің қатаң түрін қолдану.
Қазақстан осы құқықтық реттеу тәсілдерінің үшінші үлгісін таңдап алды. Әрине бұл мәселеге қатысты заңгерлер мен медиа сарапшылар қарсы пікірлерін жария түрде білдірді. Мәселен, олар интернет азаматтардың еркін пікір білдіру құқығын іске асыруға технологиялық мүмкіндік беретін құрал болуы керек десе, екіншіден, мемлекеттің реттеудің «жоғарыдан төмен» ұстанымын алға тартуы интернет қолданушыларының қарсылығын тудыруға әкеледі, бұл жағдайда мемлекет контентті бақылау және сүзгіден өткізу артықшылығын өз мүддесіне сай реттейтіндігі сөзсіз деген тұжырым жасайды.
Қазақстан интернетті реттеуді шектеу үлгісін заңдық тұрғыда бекітіп отыру үрдісін соңғы жылдары үздіксіз жалғастырып келеді. 2009 жылы интернеттегі барлық сайттар, әлеуметтік желілер «бұқаралық ақпарат құралы» деп заңдық тұрғыда бекітілді. Әкімшілік, азаматтық, құқықтық жауапкершілік өлшемдері де БАҚ-қа теңестірілді. «Ақпарат туралы» заң қабылданар алдында еліміздің медиа сарапшылары мен құқық қорғаушылары бұл мәселені шешудің оңтайлы тәсілін ұсынып көрген еді. Яғни, заңға «желілік басылымдар» деген түсінік енгізіп, интернеттегі барлық жарияланған дүниелерді БАҚ деп танымай, тек «желілік басылым» деген тіркелім жасаған сайттарды мойындау ұсынылды.
Сайттар неліктен бұғатталады?
Соңғы жылдары мемлекет сайттарды қаржыландыру көлемін арттырды. Қазақстан интернет ассоциациясының жетекшісі Шавкат Сабировтың айтуынша, «Қазақстанның құқық қорғау органдары өткен жылы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізетін жүйелерді сатып алуға қомақты қаржы жұмсаса, биыл Ақпарат және коммуникациялар министрлігі интернетке мониторинг жүргізуге 2 миллиард теңге бөліп, осы іске тендер жариялады». Тағы бір айтып өтерлігі, Қазақстанда тыйым салынған сайттардың тізімі жоқ, бар болған жағдайда да бұл ақпарат көпшілікке қолжетімді емес, негізінен алғанда мұндай мәліметтердің жария болғаны дұрыс дер едік.
Еліміздің заңнамасында заң бұзушылық нысанасына жеке адамдар көбірек ілінеді, яғни оның әлеуметтік желілерде өз парақшасында жазылған ақпараттар және басқа пайдаланушының жазған жазбасына қалдырған комментарий мазмұны көбірек бақылауға алынады. Ресей заңында бұғаттау ісінде көп жағдайда сайттардың ақпараттары бақылау тезінен өтетіндігі байқалады. Бұл сөзімізге «Ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңындағы 36-бап қосымша дәлел бола алады. Осы баптың 5-1 тармағы негізінде енді тіркелмеген қолданушылар қазақстандық интернет-ресурстарда бүркеншік атпен пікір қалдыра алмайды. Көпшілікке қолжетімді электронды ақпараттық ресурстардың иелері қолданушының ақпараттарын «электронды үкімет» порталында идентификация немесе SMS-идентификация жасағаны туралы екеуара жасаған жазбаша келісімшарт болған жағдайда ғана жариялай алады.
Заңдағы бұл жаңа норма Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, әлеуметтік желілердегі қолданушылардың бір-бірін бейәдеп сөздермен балағаттау, әлеуметтік және ұлтаралық жанжал тудыратын мазмұндағы комментарийлер қалдыру деректерінің көбеюінен пайда болған. Сонымен қатар әлеуметтік желі қолданушылары комментарийді жалған атпен бұрынғыдай қолдана береді, тек портал иелері бүркеншік атпен кімнің тіркелгенінен хабардар болып отырады.
Бұл бағытта елімізде нақты шаралар атқарылып жатыр. Әлеуметтік желіде ойланбай жазған бір сөзі үшін темір тордың ар жағынан шыққан азаматтардың саны арта түсті. 2016 жылдың соңғы екі айында Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде ұлтаралық шиеленіс тудырды деген күдікпен 3 жылға сотталса, Щучье қаласының тұрғыны терроризмді насихаттағаны үшін 6 жылға түрмеге қамалды. Бұл, әрине алаңдататын мәселе. Әсіресе оқушылар мен жастар үшін. Әлеуметтік желіде «ерігіп» отырған олар ойланбай жазған бір сөзі үшін өмір бойы опық жеуі мүмкін.
Елімізде қазіргі кезде дәстүрлі БАҚ-та немесе әлеуметтік желіде болсын адамдардың бір-бірін сөзбен қорлап, ар-намысына тиіп, бейәдеп сөздер айтқан жағдайлары жиі кездеседі. Мәселен, «Гәкку» телеарнасында «Follow Wars» деп аталатын бағдарлама бар. Онда еліміздің танымал адамдары, көп жағдайда шоу-бизнес өкілдері әлеуметтік желіде оқырмандардың өздері туралы жазған жағымсыз пікірлеріне немесе өздеріне қатысты сыни пікірлерге тікелей эфирде жауап береді. Кезекті бір санында танымал продюсер қонақ болып, өзіне желі арқылы бейәдеп сөз жазған қолданушыға былапыт сөзбен жауап қайтарды. Көрермендер бұл іс-әрекеті үшін продюсерді қатты сынады. Негізі мұндай жайттардың отандық телеэфирлерден немесе әлеуметтік желілерден орын алуы көпшіліктің ар мен ұяты және заң алдындағы жауапкершіліктерін терең сезінбеулерінен туындаса керек.
Кез келген тұлғаның жеке арналар ашып, өздерінің бейне, аудио туындыларын интернет желілері арқылы әлемге тарата алу мүмкіндігіне ие болғаны белгілі. Бұл орайда авторлық құқықты сақтамаған кез келген адамды жауапкершілікке тартып, заң алдында жауапқа тарту қиындық тудырмайды. Бұған елімізге танымал режиссер Алина Мұстафинаның жеке бейнеролигін ресейлік «Первый канал» телеарнасы рұқсатсыз қолданғанын анықтағаны мысал бола алады. Ресейлік журналистер Ургант пен Познер жүргізетін «В поисках Дон Кихота» бағдарламасында Алинаның YouTube арнасында жариялаған Каталония туралы ролигі пайдаланылған.
Арнайы статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, 2016-2017 жылдарда интернеттегі заң бұзушылықтарды былайша жіктеп көрсетуге болады: біріншіден, интернетте терроризмді насихаттау; екіншіден, дәстүрлі емес діни ағымдардың ісін насихаттау; үшіншіден, ұлтаралық шиеленісті тудыру; төртіншіден, Қазақстанның тұтастығына қол сұғу.
Қазақстан азаматтарының әлеуметтік желілерді қолдану үлесінде айтарлықтай серпін жоқ: 2015 жылы – 56%; 2016 жылы – 66,6%; 2017 жылы – 65,7%. Ал еліміздегі интернет желісін жаңадан пайдаланушылардың өсімі тұрақты деуге болады: 2014 жыл – 17,3; 2015 жыл – 26; 2016 жыл – 21; 2017 жыл – 23,1%.
Ендігі кезекте еліміздегі әлеуметтік желілердің қолданылу үлесі туралы сөз етсек. Beeline.kz-тің хабарлауынша, 2017 жылдың қазан айындағы мәлімет төмендегідей: ВКонтакте әлеуметтік желісінің қолданушылар саны – 4 млн, Facebook – 3,3 млн, Instagram – 3 млн. Мессенджерлер арасында WhatsApp алдыңғы орында, қолданушылар саны – 2,5 млн, Telegram – 2 млн, Viber – 1 млн.
Блогерлердің бәсі неге жоғары?
Еліміздегі интернетке қатысты ойлантатын мәселе, қазіргі таңда билік өкілдері мемлекеттің қаржысын кәсіби медиалық салаға емес, блогерлерге бөлуді жөн санайды. Бұл орайда «Билік бүгінде сарапшылар қоғамдастығы немесе медиалық саланы емес, әлеуметтік желілерді, нақтырақ айтсақ, өз салаларында кәсіби емес адамдарға тапсырыс беріп, оларды қаржыландыру ісін бастап кетті. Негізінде, мемлекет тек кәсіби саланы реттеуі керек. Шенеуніктермен араласқанда көз жеткізгенім, олардың белгілі бір адамдардың сөздеріне сілтеме жасап сөйлейтіні. Бұл оның желінің ықпалында кеткендігін көрсетеді, оның өзіндік көзқарасы жоқ және жеке сарапшылық бағам жасай алмайды. Шындап келгенде қаржыны сауатты түрде қолдануға болады. Негізі, ақшаны блог-постқа емес, жаңалық үшін медиалық басылымға төлеген ұтымдырақ болар еді» дейді Қазақстан интернет ассоциациясының жетекшісі Шавкат Сабиров.
Қазіргі кезде кәсіби журналистерден блогерлердің бәсі неге жоғары десеңіз, оның бір ұшығы жазушы Дмитрий Шишкиннің «Еліміздегі көптеген мемлекеттік органдар газеттермен қалай жұмыс істеу керектігін білмейді. Газетке келіп, «маған ыңғайлы етіп жазып бер» деп айта алмайды. Ал блогерге ондай ұсыныс жасауға болады» деген сөзінде жатыр.
Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Дәурен Әбеннің пікірі назар аударарлық: «Білімділік пен саяси белсенділік тұрғысынан алғанда көзіқарақты аудитория Facebook желісіне тән. Facebook үкіметке тиімді қызмет атқарумен қоса, саяси белсенді азаматтарға өздерінің қарсылықтарын көрсетуге мүмкіндік бере отырып, бу шығарушы (пароотвод) және найзағай тартқыш (громоотвод) құралдардың рөлін атқарып отыр. Бірақ бұл екіұшты таяқ сияқты. Әлеуметтік желідегі өткір әрі ымырасыз пікірталастар адамдардың бойында саяси үрдістерге қатысып, мемлекеттік саясатқа ықпал етіп жатқандай жалған әсерге бөлейді, олар өтірік елестің жетегінде отырады, осы арқылы жалған (эрзац) азаматтық қоғам құрылады. Осы себепті де әлеуметтік желілер көп жағдайда қоғамдық пікірді манипуляциялау бағытында пайдаланылады».
Сондықтан елімізде интернет кеңістікті заңдық тұрғыдан реттеу мәселесі нақтыланбаған, жалпылама сипаты басым екенін айтқымыз келеді. Сонымен қатар заң бұзушылық нысанасына әлеуметтік желідегі жекелеген адамдардың жазбалары алына бермей, сайттарда жарияланған ақпараттардың мазмұнын бақылау тезінен өткізу ісіне басымдық берілсе дұрыс болар еді. Мемлекет, интернет қолданушылар және қызмет ұсынушылар бірлесе отырып, көпшіліктің пікір еркіндігіне қол сұқпайтындай реттеу шараларын ойластырып, әрі балаларды интернеттегі зиянды ақпараттардан қорғаудың жүйесін құруы қажет.
Орынтай ОШАНОВА,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
АЛМАТЫ