Тура келген қиындыққа қаймықпай қарсы тұру кез келген адамның қолынан келе бермейтін шаруа. Оған жиырма сегіз жасының өзінде тағдырдың ауыр жүгін арқалап өткен Жайнагүл Қайымхан қарындасымыздың қайсар мінезінің өзі дәлел. Қазақстан мен Қытай шекарасының арғы бетінде – Көктоғай ауданында әкесі мен шешесінің арманы Отанымызға жету болыпты. Ес білген балаларына әкесі үнемі туған жерге, өз қазағының ортасына жетуді аманат қылған.
Жайнагүл сегіз жасқа келгенде анасы, бес жылдан кейін әкесі дүние салады. Көрші елден қозғалған үлкен көшпен бірге Қайымхан әулеті 2005 жылы елімізге қоныс аударып, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қалжыр ауылына табан тірейді. Аға-жеңгесі Қуанбек пен Нәзігүл, одан кейінгі ағасы Ерболат пен сіңлісі Гүлнұр да сонда.
Жайнагүл орталау мектепті бітіріп, одан әрі базарлы болашағына ұмтылған сәтте күтпеген науқасқа шалдығады. Ішкі құрылысы – ас жүру жолдары бұзылған. Аудан орталығындағы дәрігерлер операция жасайды. Алайда бір айдан соң жарақат орны іріңдей бастайды. Бірнеше ай бойы жарасын өзі тазартып, таңып жүреді.
Келесі жылы облыс орталығы – Өскемендегі облыстық ауруханаға келген Жайнагүлге қайтадан ота жасалады. Емдеуші дәрігер оған: «...енді 15 күндік өмірің қалды» деген қатал «үкім» шығарып береді. Ас жүру жолдары бұзылған Жайнагүлдің бүйірінен жасанды түтік шығарып, ыдыс байлап қояды. Бұл жайт бұрынғыдан бетер қинай түседі. Жайсыздық салдарынан көпшілік ортада жүріп-тұра алмайды.
Бірақ мұнымен де болмайды. Жайнагүл ауылда екі үйдің отын жағып, бала бағып, қаржы жинайды. Шамасы келген қандай жұмыстан да қайтпайды. Сөйтіп жүріп облыс орталығындағы ауруханаға ота жасатуға тағы келеді. Бұл – алтыншы операция. Сырқаттың жағдайын қараған дәрігерлер бұл жолы отадан кейін біржола жазылып шығарына күмәнданады. Ендігі үміт – Астана. Оған арнайы комиссияның шешімімен жеңілдік беру керек.
Сонымен 2014 жылы сәті түсіп, астаналық дәрігерлердің алдына келген болатын. Бірақ әбден асқынып кеткендіктен ішкі құрылысты ашуға ешкімнің дәті бара қоймайды. Германия, Израиль, АҚШ сияқты елдерге барып емделуге кеңес береді. Барар еді-ау, бірақ оған қаржы қайда? Шетелдік дәрігерлер мыңдаған доллар берсең ғана емдейді. Онда да құлан-таза айығып кетуіңе кепілдік бере алмайды. Қытайға барған, ондағылар 30 млн теңге сұраған. Бір жағынан қаржы тапшылығы еңсені басса, екінші жағынан ауру меңдеп барады. Сөйтіп жүргенде өзі сияқты ауыратын Қадиша есімді қызбен әлеуметтік желі арқылы танысып қалмасы бар ма? Хабар-ошар алысып жүрген сол құрбысы Жайнагүлге «Астанада Қобландин деген профессор бар, сол ғана көмектесе алады» деп кеңес береді.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі Сәрсен Қобландинді білмейтін жан некен-саяқ. Ең соңғы үмітін үкілеп Жайнагүл де академиктің алдына келеді. Атағынан ат үріккендей болғанмен, Сәрсен Қобландин өте кішіпейіл адам екен. Көңілі пәс, дерті әбден мазалаған жанды дәрігер риясыз пейілмен қарсы алады.
Сырқаттың жағдайымен танысқан соң Сәрсен Нағымұлы кафедрасындағы дәрігер-ғалымдарды жинап, кеңес өткізеді. Кафедра ғалымдары бірауыздан «тәуекел» деп ұйғарымға келеді. Бұрын тәжірибеде мұндай жағдайлар кездескен. Бірақ мына сырқаттікі ерекше. Он жыл бойы жасанды түтікпен жүрген. Ендеше ішкі құрылыстағы ішектер соншама уақыт бойы жұмыс істемеген. Жұмыс істемеген ағза қатып қалады. Ең қиыны, тоқ ішек өз қызметін атқарудан тыс қалған. Демек, қайта қалпына келтіру керек. Ал онда қаншама қан тамырлары бар...
– Әрине он жыл бойы жұмыс істемей тұрған ас жүру жолдарын қайтадан іске қосу оңай емес. Енді бұлай жүре бергенде жаман ауруға айналып кетуі де мүмкін болатын. Ішкі құрылысты ашып, емдедік. Енді ешқандай қауіп жоқ, – дейді білікті оташы Сәрсен Нағымұлы.
Бүгінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, 2011 жылғы үздік дәрігер, Н.И.Пирогов атындағы Хирургтер қауымдастығының толық мүшесі Сәрсен Нағымұлының шетелден ем-дом таба алмай келген талай науқасты аяғынан тік тұрғызып жібергеніне жұрт куә. Астана медицина университетінде жалпы хирургия кафедрасын басқарып отырған С.Қобландиннің жасаған отасы шипалы болған талай сырқат алтын қолды дәрігердің есімін құрметпен айтады.
...Өмірге құштар Жайнагүлдің жанарынан жарық дүниеге деген іңкәрлік сезімі жарқ-жұрқ етеді. Біз тілдескенде жанында құрақ ұшып Ерғазы есімді жігіт жүрген болатын. Сұрастыра келе оның болашақ жары екенін білдік. Сонда екеуі «Үйленеміз!» деген болатын. «Он жыл мүгедек халде азап шеккен мені бұл кісі он күнде өмірге қайта әкелді. Сәрсен ағаның жасаған жақсылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ғажап адам!» дейді Жайнагүлдің өзі ризашылық сезіммен. Айтпақшы, жақында Ерғазы мен Жайнагүл телефон шалды. Адамның қуанышы дауысынан сезіліп тұрады ғой. Шаңырақ көтерген жастардың көңілдері шат-шадыман. Денсаулық түзелген. Енді бөпелі болмақ ойлары бар.
Ғалымжан ТӨРЕХАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі