Алматы қаласында сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 5426 әйел тұрады. Бұл көрсеткіш өткен 8 айдың ішінде 5 процентке ұлғайған. Сол себепті қатерлі аурудың бірден-бір емі саналатын «Герцептин» дәрілік препаратына сұраныс көбейе түсті. Сондықтан тиісті орындардан оған қаржы бөлудің талап етілуі орынды.
Алматы қалалық онкология орталығының бас дәрігері Нұрсұлтан Ізмағамбетов қазіргі таңда қалыптасқан жағдайдан шығудың барлық амалы жасалып жатқанын айтады.
«Герцептин»дәрісінің бір құтысы 300 мың теңге тұрады. Демек, кезекте тұрған науқастарға сондай 290 құты керек. Бұл 90 миллион теңге деген сөз. Аса қымбат дәріні шетелден тасымалдау да оңайға түспей тұр. Дегенмен дәрілік заттың бүгінге дейін уақытында жеткізілмеуі себептерін ашып айтқан «СК-Фармация» өкілі Наталья Зеленская 20 қыркүйекке дейін Қазақстан аумағына зәру препараттың қажетінше жеткізілетініне сендірді. Осы орайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қаласы бөлімшесінің директоры Төлеухан Әбілдаев:
– Биыл Алматының онкологиялық қызметі 2017 жылғы деңгейде қаржыландырылды. Дәрілік заттармен қамтуда түйткілді мәселе жоқ. Тек бір ауру бойынша дәрілік заттың бір түрі жеткізілмей жатыр. Қордың орталық аппараты мен министрлік бұл мәселенің шешілу жолын жан-жақты қарастыру үстінде, – деп түсініктеме берді.
Оның айтуынша, тек қана биыл Алматының онкологиялық қызметі үшін 3 млрд 222 млн теңге бөлінген. Жалпы, биыл Швейцариядан құны 2,5 млрд теңге болатын 55 атаулы дәрілік зат жеткізу жоспарланғаны да осы брифингте атап өтілді.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ