Қызылжар ауданына қарасты Шахау ауылы мен облыс орталығының арақашықтығы 15 шақырым ғана. Демек, жетуі қиын, жол қатынасы нашар, жас мамандар бара бермейтін қияндағы елді мекендерге қарағанда мұнда білім мазмұны да, мұғалімдердің сапалық құрамы да әлдеқайда, көш ілгері болуы заңды. Алайда жаңа оқу жылының айғай-шумен басталуы, атап айтқанда, қазақ сыныбындағы оқушылардың бір апта бойы сабаққа бармай қалуы аудандық оқу бөлімі мен мектеп әкімшілігінің мемлекеттік маңызды іске деген «жаны ашымастың қасында басы ауырмас» салғырт көзқарасын танытса керек. Шетін мәселені жан-жақты зерделеудің орнына кабинеттік солақай шешімнің шығарылуы тұрғындардың ашу-ызасын тудырғанын Ботагөз Оспанова ащы жанайқаймен жеткізді. Қазақ сыныптарын жабу еш қисынға келмейтінін біле тұра, ата-аналардың қарсылығына қарамастан өз ұстанымдарын күштеп өткізбекші болғанына күйінеді. Расында да, жаңа оқу жылының басталып кеткеніне, мұғалімдердің сағат саны жүктемесінің бекітілгеніне қарамастан мектеп ішін ала тайдай дүрліктіріп қойғандары қалай деген оймен мәселенің мән-жайына үңілуге тырыстық.
Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанар Ақылбекова мен «Парасат» мектеп-лицейінің директоры Сағат Елеукина алашапқын болып жүрген ата-аналармен кездесіп, тығырықтан шығудың жолы ретінде көздері жаутаңдаған оқушыларды аудан орталығындағы интернатқа орналастыруды, болмаса орыс сыныптарына көшіруді ұсыныпты. Олардың айтуларынша, қазақ сыныптарындағы оқушылардың саны – 10. Бесеуі 6, 7, 8-жинақталған сыныптарда, қалғандары 10-сыныпта оқиды. «Парасат» қазақ мектебі үздік білім ордаларының бірі саналады. Қосымша білім алуға мүмкіндік мол. Спорт, өнер үйірмелері жұмыс істейді деп үгіттеп баққанымен, қарсы тарап иілмеген. Ата-аналар «балаларымыз ана тілінде білім алуға құқылы» деп табандап тұрып алған. Мектеп директоры Әдемі Қалмұрзинованың сөзіне қарағанда, тарих, информатика, география, физика, химия, биология пәндерінің мамандары тапшы. Ал орыс сыныптарының ұстаздары жауапкершілік арқалағысы келмейді. Мысалы биология пәнінің мұғалімі ұлты қазақ болғанымен орыстілді. Сондықтан «оқушыларға сапалы білім бере алмаймын» деген желеумен ат-тонын ала қашатын көрінеді.
«Жаңа оқу жылына дейін кадрлар іздестіру, табу сіздердің тікелей міндеттеріңіз, неге айналыспадыңыздар?» деген сауалға күмілжи жауап берулеріне қарағанда таяқтың бірі ұшы өздеріне тиетінін іштері сезетін секілді. Шынында да шабан қимылдауы ала жаздай «гуляйттап», уақытты босқа өткізген шырылдауық шегірткенің тірлігіне көбірек ұқсайтын тәрізді. Алдын ала қамданып, жүйелі түрде айналыспағандарын аңғару қиын емес. Сөз арасында қазақ сыныптары бойынша мектепті «Алтын белгіге» бітірген, ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсеткен шәкірттер болғанын айта кеткен жөн. Демек, білім сапасы еш күмән тудырмайды деген сөз.
Экономикалық әлеуеті жоғары ауылда 300-ден астам отбасы тұрса, дені – қазақтар. Бірақ басым бөлігі ұл-қыздарын қазақша оқытуға селсоқ. Мұның себебін директордан сұраған кезімізде оның қызы да орысша тіл сындыратын болып шықты. «Бастауышта ана тілінде оқыды. Әрі қарай алып кете алмады. Амалсыз ауыстыруыма тура келді» деген уәжіне күлерсің бе, жыларсың ба? Қосшы басшыға қарап ой түзейтінін ескерсек, ана сүтімен бойға даритын туған тіліне қамқор болудан тартыншақтайтыны түсініксіз. Өзгелерді жұмылдырып, ұлт тілінің өсіп-өркендеуіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей шырылдап жүрсе, жағдай осылай шиеленісіп, оның соңы дау-дамайға ұласпас еді. Мұғалімдердің дені балаларын орыс тілінде оқытуды қош көретіні байқалады. Біреуге кінә артудан аулақпыз. Дегенмен, Кеңес Одағы тұсында жөргегінде тұншықтырылып, айбынынан айрыла жаздаған асыл тіліміздің босағадан төрге озуына зиялы қауымның бетке шығар қаймағы іспеттес ұстаздар қауымы алдымен ықыласты болуы керек емес пе? «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» демекші, балаларын ұлттық рухта тәрбиелейміз деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген «арпа ішіндегі бір бидай» секілді үркердей топтың шырылы жүректі еріксіз шымырлатады. Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аударған Абай Жораев ұл-қыздарым ұлттық құндылықтан ажырамай өссе екен деген жүрек түкпіріндегі арманын жасырмайды. Ал әкімшілік интернатқа бергілерің келмесе орыс сыныбына ауыстырыңдар деген талап қойыпты. Бұдан асқан мәңгүрттік, сорақылық жоқ шығар! «Интернатқа орналастыру қиын шаруа емес. Бірақ бұдан кейін Шахау ауылында қазақ сыныбы ашыла ма, міне, мәселе қайда? Біздің бар ойымыз – қазақ сыныптарын сақтап қалу. Білім бөлімінің басшылары қолдау көрсетудің орнына шиқандай жарылғалы тұрған мәселені бір ғана бұйрықпен белден басқысы келеді», дейді атқамінерлердің әрекетіне қарадай күйінген азамат. Дастан Айдыралиевтің ұлтжанды кесек мінезі де сүйсіндірмей қоймайды. Отағасы отбасымен басқа жаққа көшсе де қазақ сыныбы жабылып қалмаса деген игі тілекпен баласын туысының үйіне қалдырып кетіпті. «Ұлымды қалада да оқытуға болар еді. Бірақ ол кетсе бала саны азайып, сынып жабылып қала ма деп уайымдадым», дейді ол.
Сапар барысында осы ауданға қарасты Соколовка ауылында да қазақ сыныбы жабылғалы жатқанын естідік. Білім бөліміндегілер оны оқушының аздығымен түсіндіргенмен жанашырлықтан гөрі салқын ызғар лебі соғып тұрғандай сезілді.
Үркердей ғана топтың ана тіліміздің беделін арттыру, мәртебесін көтеру жолында ешкімнен қаймықпайтын қайтпас қайсар мінезінен ықты ма, әлде қоғамдық дүмпуден сақтанды ма, жергілікті билік бастапқы шешімін өзгертуге мәжбүр болған. Сондай дейміз-ау, көпшілікті сең соққан балықтай әре-сәре күйге түсірулері қалай?
Сыныққа сылтау іздегенше...Облыс орталығында тұңғыш қазақ сыныбы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әупіріммен ашылғанын сол кезде табанынан тозып, үй-үйді аралаған, оқушы жинау үшін ата-аналарға жалынып, пұшайман халге түскен «Қазақ тілі» қоғамының белсенділері ұмыта қойған жоқ. Ол уақытта қазақ тілді мұғалімдердің, оқулықтардың, әдістемелік құралдардың қасқалдақтың қанындай тапшылығын былай қояйық, жеке сынып бөлмесі дәретханаға тақау тұстан бұйырғанына шүкіршілік дескен. Қолдан жасалған кедергілер мен қарсылықтарға қарамастан партаға 15 балдырған отырып, «Әліппемен» қоштасу кешіне жұртшылықтың тайлы-тұяғымен жиналуы естен кетпес ерекше оқиға ретінде қалып еді. Ел тәуелсіздігіне дейін Петропавл қаласында бір ғана ұлттық мектеп болса, одан кейінгі кезеңде іркес-тіркес төрт білім үйі бой көтерді. Оларға балалар сыймағандықтан 20-шы шағын ауданда ағайындарымыздың көп тұратыны ескеріліп, обалы не керек, осы маңдағы № 9 орыс мектебінің директоры М.Романовскийдің қолдауымен бірнеше қазақ сыныптарын қоныстандыруға тура келген. Уақыт өте келе бастауыш мектеп мәртебесі беріліп, орысшамен терезесі тең толыққанды білім үйіне айналып келе жатқан шақта бәзбіреулердің өңменіне тікендей қадалып, көзіне түрпідей көрінді білем, биыл үш сыныпты басқа мектептерге көшіру жөнінде пәрмен беріліпті. Бұл жайтты мектеп басшысы Сәуле Байболова растағанмен, шырылдаған шындықты бүкпесіз жайып салуға батылы жетпей тас жұтып алғандай күмілжи берді. Жоғарының нұсқауын қалтқысыз орындауға төселіп алған басшы өзіне де, өзгелерге де шаң жуытпауға тырысты. Оны 1074 орынды мектепте 1338 оқушының екі ауысымда оқитыны көбірек толғандыратын сияқты. Қазақ сыныптарында балалар аз, пән мамандары жетіспейді деген уәжіне сендіруге тырысқанымен, ақиқат ауылынан әлдеқайда алыс жатқанын қолдағы деректер айғақтап берді. Сегіз сыныпта 100-ге жуық бала оқиды. Басқа мектептерге көшірілетін 5, 6, 7 сыныптарда да оқушы саны аз емес. Әбден үйренісіп, бауыр басып қалған жылы орыннан қозғауға аралас мектептерде қазақ тілді оқу меңгерушілерінің тапшылығы, қосымша білім беру мүмкіндіктерінің қарастырылмауы, кабинеттердің жетіспеушілігі сыныққа сылтау болмаса керек. Сегіз жыл бойы күрмеуі қиын проблемаларды біртіндеп шешудің орнына көз жұма қарап келген қалалық білім бөлімі мен мектеп басшылығының салғырттығы салдарынан қазақ сыныптары неге жапа шегеді? Толыққанды мектептерде де келіп-кетіп жұмыс істейтін мұғалімдер аз емес. Ауызды қу шөппен сүртіп, «жоқ» деп қол қусырып отыра бергенше жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірген жас мамандарды тартудың жолдарын ойластырған абзал», дейді ата-аналар.
Қазақ сыныптарын басқа мектептерге ауыстыру туралы қалалық білім бөлімінің шешіміне №21 орыс мектебінде ана тілінде оқып жүрген балалардың ата-аналары түгелдей қарсы шығып, жартыкеш бұйрықтың орындалуына жол бермепті. Мектеп директоры Болат Сатыбалдиновтың айтуына қарағанда, жетінші сыныптың екі оқушысы №20 қазақ мектебіне баратын болыпты. Үш оқушының қайда орналасары әзірше белгісіз. Қалған сыныптар осында оқуларын одан әрі жалғастырады. 420 орынды ғимаратта 710 баланың білім алатынына қарамастан жоғарыда сөз еткен проблемалар мұнда шешілгенге ұқсайды. Оқушылар санының аздығын көлденең тартып сыныпты қысқарту немесе басқа мектептерге ауыстыру басты мұрат саналмаған тәрізді. Пән мұғалімдері де, кабинеттер де жеткілікті.
Егемендігіміздің елең-алаң шағында ұлттық мүддеміздің жаңғыруына көлденең тұрушылар жиі кездесетін. Бүгінгідей тәуелсіздік заманында аралас мектептер жанында онсыз да өгей баланың күйін кешіп отырған қазақ сыныптарын негізсіз жауып тастамақ ниетінде жүргендерге тоқтам салмай болмайды.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан», Айгүл ЫСҚАҚОВА, журналист
Солтүстік Қазақстан облысы