Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Инвесторларды тарту мәселелері жөніндегі Үкіметтік кеңестің отырысы өтті, онда Ұлттық инвестициялық стратегияны іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында Ұлттық инвестициялық стратегияны іске асыру және еліміздегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар саласындағы үш тілді нормаларды шығару қызметіне көшуге, инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шараларын жетілдіру мен оңтайландыруға, инвестициялық омбудсмен қызметінің тиімділігіне кешенді зерттеу жүргізуге, Қазақстанда инвесторлардың құқықтарын қорғаудың институттық тетіктері мен саясатын іске асыруға қатысты тәсілдері, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғауды жетілдіру мен халықаралық сауда-саттық жағдайларын жақсарту мен логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Шараға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сонымен қатар бейнеконференция байланысы режімінде бірқатар өңірлер мен республикалық маңыздағы қалалардың әкімдері қатысты.
Б.Сағынтаев кеңес қорытындысы бойынша өңірлер әкімдерінің тарапынан инвестициялық жобалар бойынша айтылған ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.
Бақылау жұмыстары Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Маминге жүктелді.