Көкшетау қаласының автовокзалы 1981 жылы ашылған. Автовокзал бұған дейін жолаушылардың толассыз ағынын тиісті деңгейде қамтамасыз етіп отыратын. Уақыт өте келе, автовокзал жайлы әрі сыйымды көліктерге ие болғанымен, сапарға шығушылардың саны жылдан-жылға азайып бара жатқаны байқалады.
«InDriver» ме, әлде автобус па? Өзге қалаға жол жүруге дайындалған әр адамның ойында осы сұрақ туындайтыны рас. Дегенмен, адамдардың басым бөлігі темір жол бекеті алдына шұбырып жиналатын заңсыз тасымалдаушылардың қызметін пайдалануға бейім. Вокзал алдында әр қаланың атын айғайлап айтып жатқандардың даусынан құлақ тұнады.
Қалалық автовокзал жұмысында ойланатын жайлар бар. Жолаушылар тасымалдаумен айналысатын көліктер арнайы конкурс арқылы 5 жыл мерзімге іріктеледі екен. Яғни автобустар вокзал меншігі болып есептелмейді. Бүгінгі таңда автовокзал 60-қа жуық тасымалдаушы компаниялармен серіктестік орнатқан. Оның салмақты үлесін жеке ұйымдар құрайтындықтан, жаңа автобустарға қол жеткізу мүмкіндігі жиі туа бермейді. Әр компания өз тарапынан 3-4 автобус ұсынып, оның техникалық тексерісін өзі қадағалайды. Көліктердің ескі болуына да осы себеп деуге болады.
Автобекет бекіткен кесте бойынша, Көкшетаудан күн сайын Астана, Петропавл, Қарағанды, Павлодар мен Ресейдің Омбы, Қорған, Екатеринбург пен Тобыл қалаларына маршруттар белгіленген. Әр сапар алдында жүргізушілер денсаулығын арнайы медициналық топ тексеріп отырады. Жыл басынан бері 2 жүргізуші денсаулығына байланысты жолға шыға алмай, олардың орнына басқа жүргізушілер көлік тізгіндеген болатын. Сыйымдылығы 50 адамдық автобустар жиналмалы орындықтармен, кондиционермен, теледидармен жабдықталса да, ұзақ сапар шарттарына толық сай келеді деп айту қиын.
Жыл сайын жанармай мен дизель отыны, сонымен қатар көлік бөлшектері мен жөндеу жұмыстарының бағасы көтерілсе де, билет құны көтерілмейді. Бір маршруттың бағасы 2000-2500 теңгені құрайды. Жеке машиналарға қарағанда, бұл баға көрсеткіші айтарлықтай төмен. Сонымен қатар ағымдағы жылдың соңына дейін автовокзал билеттерді электронды түрде сату мүмкіндігін ұсынатын болады. Яғни билеттерді арнайы терминалдар арқылы немесе интернет көмегімен үйде отырып-ақ сатып алуға болады.
Көкшетау автовокзалының директоры Сайлау Нұртазин «Біз жыл сайын ескі немесе жабылған маршруттарды қалпына келтіріп, кеңейтіп отырамыз. Жолаушыларға жайлылықты қамтамасыз ету үшін автобустардың жағдайын да жақсартуға тырысамыз. Бірақ халық «InDriver» немесе жеке таксилерді таңдайды. Ал салық пен айыппұл мәселесін біз реттеуіміз керек. Сол себепті автобус жүргізушілерінің онсыз да аз жалақысының біраз бөлігі деп, қынжылысын білдірді.
Қазіргі уақытта салық органдарында тиісті тәртіппен тіркелмей-ақ такси қызметін атқарып жүрген субъектілердің заңсыз әрекеттері әлеуметтік әділетсіздік факторына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сол себепті жолаушыларды заңды тасымалдау қызметімен айналысушыларға қатысты прокуратура мен мемлекеттік кіріс органдарына шағымдар көптеп түсе бастапты. Бұл негізсіз де емес. Өйткені ресми тасымалдаушылар салық органдарында тиісті тәртіппен тіркеліп, мемлекетке жолаушылар тасымалы қызметі үшін заңды түрде салық төлеп тұрады. Ал салық органдарында тіркелмей, «жабайы» такси қызметін атқарып жүргендер олардың жұмысына кедергі келтіріп, бәсекелестік тудыруда. Сондықтан да мемлекеттік кіріс органдары тарапынан кәсіпкерліктің мұндай заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою мақсатында тиісті талаптар қойылуға тиіс.
Осы ретте «InDriver» туралы айта кеткіміз келеді. 2013 жылы Sineet компаниялар тобына негізделген «Тәуелсіз драйверлер қоғамдастығының» тапсырыстарын өңдеуге арналған арнайы мобильді қосымша әзірленіп, бұл «InDriver» деп аталған. Қазір барлық қызмет шарттары бойынша жүргізушілер мен жолаушылар арасындағы келісім нәтижесінде жұмыс жасайтын бағдарламаның 9 миллионнан астам қолданушысы бар. Аталмыш мобильді қосымша Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Мексика, Колумбия, Гватемала, Перу, Сальвадор мен Чили мемлекеттерінде қызмет ұсынады. Сапарға тапсырыс беру үшін пайдаланушы маршруттың басталу және жету мекенжайларын ол сапарға төлеуге дайын бағаны көрсету керек. Шын мәнінде жол бағасын сіз ұсынсаңыз да, жүргізушілер жоғары табысты көздеу мақсатында оны қабылдамауы әбден мүмкін. Осыдан, «арзан баға» бар болғаны кезекті маркетингтік құрал екенін байқауға болады. Тапсырысты драйверге тапсырғаннан кейін, жолаушы смартфонының экранында қандай көлік жүргізетіні, автокөлік жеткізілімінің болжамды уақыты және қалалық картаға тапсырыс берілген автокөліктің белсенді геометриясы туралы ақпарат беріледі. Бірақ жүргізушінің деректері мүлде көрсетілмейтінін байқауға болады. Сонда жолаушылардың қауіпсіздігіне кім кепіл болмақ деген сұрақ туады.
Елімізде адамдарды заңсыз тасымалдаумен айналысатын жеке жүргізушілер тарапынан құқық бұзушылық және қылмыстық фактілер жиі тіркелуде. Бас прокуратура ұсынған мәліметке зер салсақ, жыл сайын қалааралық бағдарлар бойынша жолаушыларды тасымалдаушылардың қатысуымен 120 жол-көлік оқиғасы тіркеледі екен. Осының салдарынан өткен жылы 370 адам түрлі дене жарақатын алса, 70 адам мерт болған. Мәселен, жуырда Астана қаласының «InDriver» көлігіне 26 жастағы тұрғыны тапсырыс берген жүргізушіден зардап шекті. Оның полиция қызметкеріне берген түсініктемесі бойынша, жүргізуші жолаушыны балағаттап, қол жұмсаған. Жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жіберілді. Бұл қақтығыстан кейін жүргізушінің қызметтен босатылғаны жөнінде «InDriver» қызметінің өкілі Надежда Алексеева мәлімдеді.
Осы тектес оқиғаларға қатысты Көкшетау автовокзалының директоры Сайлау Нұртазин: «Елімізде осындай қылмыстарға жол бермеу үшін арнайы шаралар өткізілуі керек. Бекеттер мен аялдамалардың алдынан шықпайтын лицензиясы жоқ машина жүргізушілерінің заңсыз жұмысына тыйым салған жөн. Бірақ бұл шараларды ешкім қолға алмай отыр», дейді.
Заңнамаға сәйкес, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын жеке тұлғалар Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 463-бабының 1-тармағы бойынша жауапкершілікке тартылады. Яғни жүргізуші жолаушыларды заңсыз тасымалдау кезінде ұсталса, 15 айлық көрсеткіш (31815 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Бір жылдың ішінде екінші мәрте қайталанған жағдайда салынатын айыппұл саны екі есеге артады. Сонымен қатар бұл бапта әкімшілік құқық бұзу объектісі болып табылатын мүлікті тәркілеу мәселесі де қарастырылғанын есте сақтаған жөн.
Ботакөз АМАЛБЕК, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті