Жамбыл облысында пайдаланатын ағын су ресурстарының 80 проценті көршілес Қырғыз Республикасының аумағынан басталып, трансшекаралық өзендер арқылы берілетіні белгілі. Соңғы жылдары Қырғыз Республикасының «Кировское» су қоймасынан Жамбыл облысы Талас өзеніне құятын су көлемі белгіленген мөлшерден көп жіберілуі салдарынан арақашықтықта өзен арнасы едәуір шайылып, жақын маңдағы елді мекендерге су жайылу қаупі туындауда.
Аталған өзен жағалауында төтенше жағдайдың орын алуына жол бермеуді қажет ететін ірі елді мекендер – Жасөркен, Қызылқайнар Жамбыл ауданында, Талас, Казпоселок, Сарыкемер, Түймекент Байзақ ауданында, Тектұрмас, «Дачный массив» Тараз қаласында орналасқан. Қатерлі аймақта автомобиль жолдары, электр жүйелері және газ тасымалдау қондырғылары бар. Өкінішке қарай 2016 жылғы 15 маусымда «Кировское» су қоймасынан Талас өзеніне құятын су көлемінің артуына байланысты Жамбыл ауданының Қызылқайнар, Жасөркен ауылдарына газ тасымалдайтын жоғары қысымды құбырдың тірегі шайылып, істен шыққан болатын. Соның салдарынан 720 үй отынсыз қалған.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Жамбыл облысында Тараз қаласының және Жамбыл, Байзақ аудандарындағы Талас өзені арнасы бойындағы жағалауды бекіту жұмыстары бойынша» ЖСҚ әзірленіп, 2017 жылғы 1 шілдеде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Сметалық құны – 3 477 257 мың теңге. 2018 жылы жергілікті бюджеттен 10 млн теңге көлемінде қосымша қаржыландыру есебінен жағалауды бекіту жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет етеді.
Осыған байланысты біз 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында жоғарыда аталған Жамбыл облысының әлеуметтік маңызды жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 2019 жылға қаржы бөлінуге ықпал етуді сұрап, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадық және бюджеттік өтінім мен қажетті құжаттардың Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырылғаны хабарланды.
Әбдәлі НҰРАЛИЕВ,
Cенат депутаты