Балама энергия көздерін табу – бүкіл әлем болып жаппай кіріскен әйдік жобаға айналғалы қашан. Әсіресе тас төбеде шақырайған күннің көзін энергия қуатына айналдыру сынды шарапатты істе дамыған елдердің тасы өрге домалап-ақ тұр. Тіпті Жапонияның бір энергетикалық компаниясы жер аздай-ақ, оның серігі айға күн электр стансасын орнатпақшы екен. Айды қоя тұрып, жерге оралар болсақ, біздің елімізде де жарқыраған күн жарықтықтың қуатын игілік көзіне айналдыру бойынша айтулы жобалар іске асып, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі Қарағанды облысындағы Саран қаласында салынып жатқан күн электр стансасы.
Қуаты 100 МВт күн электр стансасының іргетасы өткен жылдың маусым айында қаланған болатын. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысан 160 гектар аумаққа кереге керген. Мұнда күн энергиясын электр қуатына айналдыратын 370 мыңнан астам фотовольтаикалық панельдер орнатылады.
Күн электр стансасының құрылысы Қарағанды облысы үшін биылғы жылдың ең ірі инвестициялық жобасы болып саналады. Содан да болар, өңір басшылығы нысанның жоспарланған мерзім ішінде әрі сапалы салынып бітуіне ерекше мүдделілік танытып отыр. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі облысқа жұмыс сапарымен келгенде бұл жобаның құрылысы туралы құлағдар болған еді. Сол кезде Президент бұл жобаға мемлекет тарапынан қажетті қолдауды толығымен көрсету туралы нақты тапсырма да берген болатын.
Маңызды нысан құрылысын аймақ басшылығы жіті қадағалап отыр. Жуырда облыс әкімі Ерлан Қошанов күн электр стансасының құрылыс алаңында болып, ондағы қауырт жұмыс барысымен танысты. Күн паркі аумағында өңір басшысына жұмыстың жай-жапсарын «SESSaran» ЖШС-ның бас директоры Евгений Гребенников баяндап берді.
– Қазіргі таңда компания бес бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Бірінші нысан – күн паркінің, екінші нысан – 100-30-30 қосалқы стансаның құрылысы. Нәтижесінде, олар қуаты 100 МВт күн электр стансасына біріктірілетін болады. Бұған қоса тағы үш жоба бар. Ол – «Қарағанды Жарық» ЖШС жүргізетін 110 КВт электр желілерін, сондай-ақ «ВЭЛ-35» жоғары вольттік желі мен «Ару-110» желісін қалпына келтіру жобалары. Бұл жобалар бізге станса желіге қосылып, электр қуатын шығарғанда оны ұлттық электр желілеріне тарату үшін қажет, – деп атап өтті компания басшысы.
Қазіргі таңда қада қағу бойынша жұмыстар 60 процентке орындалған. Металл құрылғыларды құрастыру да қауырт жүргізілуде. Алдағы күндері күн панельдерін орнату жұмыстары басталмақ. Күн паркінің аумағы 20 инвекторлық қосымша стансаны орнатуды қарастырады, ол стансалар электр қуатын тұрақты токтан ауыспалыға айналдыратын болады. Желінің жағдайы туралы ақпаратты жинақтап, күн сайын мониторинг жүргізеді. Бұл жұмысты «Смартгин» деп аталатын соңғы үлгідегі өте ақылды машиналар атқарады. Мысалы, егер қандай да бір бөлшек істен шықса, ол жайлы ақпарат қоймаға автоматты түрде жеткізіледі. Сондай-ақ ол өздігінен жаңа бөлшекке тапсырыс бере алады, яғни барлық процесс толығымен автоматтандырылған. Бұл машиналар да жақын арада орнатылмақ. Басты мақсат – қазан айының соңына дейін күн паркінің аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау, қарашада іске қосу-реттеу жұмыстарын толығымен бітіру. Жақын күндері қосымша стансада нысанның жүрегі саналатын күш беретін трансформатор орнатылатын болады.
Бас инвестор, «Solamet/GoldbekSolar» компаниясының бас директоры Йоахим Голдбек нысан салынып жатқан алаңды не себепті таңдағандықтарын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, Қазақстандағы климаттық жағдай күн электр стансасы үшін өте тиімді екен.
– Мұндағы локация жақсы, алқап теп-тегіс, құрылысқа ыңғайлы жер, – дейді Йоахим Голдбек. – Осы сәтке дейін инвестицияланған барлық қаражат – менің жекеменшік қаржым. Инвестициялар сенімділікті талап етеді. Мен осылайша өзімің сенімді әріптес екендігімді көрсеттім деп ойлаймын. Осыған дейін берген уәделеріміздің бәрін де орындап жатырмыз.
Бұдан бөлек, бас инвестор мемлекеттік қолдаудың барлық түрін көріп жатқанын тоқ көңілмен айтты. Саран қаласының атқарушы билігі, Қарағанды облысының әкімдігі, барлық мүдделі министрліктер, «ҚазақИнвест» ұлттық компаниясы қолдан келген көмектің бәрін жасап жатқан көрінеді. Мұндай жан-жақты қолдауға ризашылық білдіріп, алғыс айтқан Йоахим Голдбек алдағы уақытта елдегі басқа да жобаларға инвестиция салуға құлықты екенін жеткізді.
Йоахим Голдбек мәлімдегендей, жаңа нысан іске қосылғанда, барлық электр қуаты «SES Saran» ЖШС және «KEGOC» компаниясының есеп-қаржы орталығы арасында жасалған келісім шартқа сай тұрақты бағамен сатылмақшы. Негізі стансаның мұндай түрі 30 жылдан астам уақыт қызмет етеді, ал электр қуатының құны белгіленген шамадан ауытқымайды.
Жалпы, инвестор күн энергиясы стансасының құрылысымен ғана шектеліп отырған жоқ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең түсініп, Саран қаласындағы бірқатар жобалар бойынша мойынға алған міндеттемелерін толығымен орындауға пейіл танытуда.
Инвестициялардың жалпы сомасы 988 миллион теңгені құрайтын күн электр стансасы жобасының Еуропалық Одақ өкілдері Ян Зонненшайн (Чехия), Арнольд Беренс (Германия) және Душан Подгорскидің (Словакия) бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқанын, оның базалық серіктестері «Шнайдер Электрик» және «Грасс Инжиниринг» (Германия) компаниялары екенін айта кеткен ләзім.
Облыс басшылығы жаңа стансаның ашылу салтанатын желтоқсан айында болатын Индустрияландыру күніне орайластыруды ұсынды. Ал бас инвестор болса мұның жүзеге ойдағыдай асарына шәк келтірмеді.
Орталық Азиядағы ең ірі күн электр стансасының жыл бойы өндіретін электр энергиясы 145 млн кВт/с болады деп жоспарланған. Осы жерде бір мысал келтіре кетсек, нысан орналасқан Саран қаласы бұдан 10 есе аз қуат көзін тұтынады екен. Бұл өз алдына, ал бәрінен бұрын жаңа электр стансасының қоршаған ортаға инедей зиян келтірмейтінін айтсаңызшы!
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы