Биыл өңірдің машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 31,3 процентке төмендеп, 21 миллиард теңгенің өнімін жоғалтқан. Өңірде шығарылатын барлық өнеркәсіп өнімдерінің 60 процентке жуығы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамындағы С.Киров атындағы, Петропавл ауыр машина жасау, «Мұнаймаш» зауыттарына тиесілі. Олар болса тапсырыстардың аздығын сылтауратып, мемлекет қолдауына үміт артқылары келеді.
2015 жылдан бері қорғаныс бағытындағы тапсырыстар көлемі 7,9 миллиард теңгеден 3,9 миллиард теңгеге дейін азайған. Кәсіпорын басшыларының жаңа нарық көздерін іздестірмегені, қосалқы өндіріс түрлерін игермегені секілді самарқау қимылдары облыстық әкімдіктің отырысында қатты сынға алынды. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов тек үкіметтің көмегіне иек арту, бәрін мемлекет шешеді деген дағдыдан арылып, жыл аяғына дейін берген уәде үдесінен көрінуді талап етті. «ЗИКСТО» АҚ-ы да жекеменшік қарамағында. Келесі жылдан бастап контейнер, астық тасымалдайтын платформалар мен заманауи вагондар шығаратын ауқымды жобалар қолға алынбақ. Олай болса, технологиялық жаңғырту – кезек күтпейтін міндеттердің бірі. «Петропавл ауыр машина жасау» АҚ-да мұнай-газ кешендері үшін құрал-жабдықтар өндіру көлемі 50 процентке дейін төмендеуі салдарынан жалақы мөлшері де, жұмысшылар саны да қысқарған. Тапсырыстар портфелі 4,4 миллирд теңгені ғана құрайды. Жергілікті ұн өндірушілер де Орта Азияға өнімдерін өткізе алмай жүр. Енді Қытай еліне ұн мен бидайды экспорттаудың жолдарын іздестірмекші.
Әлі күнге дейін облыста бірде-бір кірпіш зауытының жұмыс істемеуі құрылыс индустриясы саласында бағаның қолжетімділігін қалыптастыра алмай келеді.
Шыбын жанын шүберекке түйіп...
Өнеркәсіп нысандарында 74 лифт тіркеуге алынса, олардың 14-і ғана ауыстырылған. Қалғандарының тозығы жетіп, пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Биыл жүргізілген мониторинг есебі бойынша сегіз кәсіпкерліктегі жеделсатылардың техникалық талаптарға мүлдем сай келмейтіні анықталған. Бұл олқылықтар екі айдың ішінде түзетілмеген жағдайда кіші кәсіпкерліктерге – 30, орта кәсіп иелеріне – 50, ал ірі бизнес нысандарына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бірақ оларға Ақтөбедегі қайғылы оқиғаның сабақ болатын түрі көрінбейтін сияқты. Тек «Тимирязев элеваторы» ЖШС ғана сыннан қорытынды шығарып, қондырғыны алмастырудың жобалық құжаттарын рәсімдеуді аяқтапты.
Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын тұрғындар да шыбын жанын шүберекке түйіп жүр. Өйткені, мұндағы лифтілердің жайы сын көтермейді. 338 қондырғының 178-і шұғыл жаңалауды қажет етеді. Бұлардың басым бөлігі өткен ғасырдың 80-ші жылдары қойылыпты. Қолданылу мерзімінің бітуіне орай осыдан 10 жыл бұрын ауыстырылуы тиіс екен. Бірақ әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.
– 2013 жылы Кеден Одағы комиссиясы қабылдаған «Лифтілердің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке сәйкес қызмет көрсету мерзімі өтіп кеткен жеделсатыларды 2020 жылға дейін түбегейлі жаңалау міндеті тұр. Бұл шара «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, 2011 жылы – 5, 2012 жылы – 14, 2015 жылы 15 лифт алмастырылды. Алайда соңғы үш жылда бұл салада ілгерілеу байқалмайды. Бір қондырғының бағасы – 8 миллион, орнатуы 3-4 миллион тұратындықтан, тұрғындар мен пәтер иелері кооперативтерінің қаржылық шамасы жете бермейді, – дейді жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы басшысының орынбасары Павел Шилов.
Адамдар өміріне үлкен қауіп төндіріп отырған лифтлер жүйесінің қазіргі сиқы осындай.
Құрылыс сапасына сын көп
Өңірде жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі 1,5 есе артып, 13 көпқабатты тұрғын үй мен 211 жеке баспананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Олардың жалпы аумағы 165 мың шаршы метрді құрайды. Бұл мақсат үшін 14,7 миллиард теңге қарастырылған. Келесі жылы 1600 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Алайда, қолданысқа берілген үйлердің сапасына қатысты айтылатын шағымдар аз емес. Мәселен, «Береке» шағын ауданындағы Гастелло көшесінің тұрғындары екі жыл бойы жергілікті биліктің табалдырығын тоздырумен келеді. Олардың айтуынша, «Стройкомпания» фирмасы мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызған көпқабатты баспананы көптеген ақаулармен тапсырыпты. Бесінші қабатқа ыстық су жетпейді. Қыста суық. Бір таңданарлығы, құрамында құрылыс бөлімінің мамандары, техникалық, бақылау өкілдері бар комиссия кемшіліктерге көз жұма қараған тәрізді. Олқылықтарды түзетудің кепілдік мерзімі өтіп кеткеніне алаңдаған арыз иелері моральдық және материалдық шығындарды өтету үшін сотқа жүгінуге бекініп отыр. Компанияның кінәсі дәлелденсе, тендерге қатысу құқынан екі жылға дейін шеттетіледі.
Осы шағын ауданда Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы тамыз айында салтанатты түрде тапсырылған бес қабатты үйге әлі күнге дейін газ жүйесі қосылмаған. Амалсыз электр плитасын пайдалануға мәжбүр. «Севимсталькон» компаниясы мен қалалық әкімдіктегілер үш күннің ішінде барлық қажетті коммуникациялармен қамтамасыз етуге міндетті екені белгілі болса да, бұл талап не себепті орындалмай отырғаны түсініксіз.
Берешекке белшеден батқан
«Қарыз күліп келеді, жылап кетеді» деген рас-ау. Алайда өңір тұрғындары «алаған қолым – береген» деген қанатты сөзді естен шығарып алған тәрізді. Қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге 5,6 триллион теңге қарыз болса, 6,5 миллиарды Солтүстік Қазақстан тұрғындарына тиесілі. Былтыр берешекке белшеден батқанына қарамастан биыл да «тегін ақшаны» қалтаға салудан алдарына жан салмай тұр. Жалпы кредиттер мөлшері 77,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылға қарағанда 14 процентке өскен. Сауда саласындағылар қарыз бойынша алдыңғы орында.
«СевКазЭнерго» ЖШС-тың баспасөз қызметі жариялаған мәліметтер бойынша электр қуатын тұтынатын 85 мыңға жуық тұрғынның оннан бірі уақытылы есеп айырыспайды екен. Соның салдарынан дебиторлық берешек 300 миллион теңгеден асып кеткен. Былтыр 4500 тұтынушы электр желісінен ажыратылып, желіге рұқсатсыз қосылған борышкерлердің істері сотқа жолданған. Қарызды өтеу үшін дүние-мүлікті тәркілеу, пәтерлер мен автокөліктерді саудаға қою, борышкерлердің ел аумағынан шығуына тыйым салу, еңбекақы мен жалақыдан ұстап қалу секілді мәжбүрлік шаралардың нәтижесінде 334 тұлға қарызын жедел төлеген. Әкімшілік сот 1300 тұтынушыға 165 миллион теңгені өтеу туралы шешім шығарған. 20 миллион теңгенің 150 талап-арызы қаралуда. Олардың арасында қалталы азаматтар, кәсіпкерлер аз емес.
«Қызылжар су» кәсіпорны қарызды қайтартудың оңтайлы әдісіне көшкен. Атап айтқанда, арнайы қондырғылардың көмегімен бірқатар пәтерлердің кәріз жүйесі тоқтатылған. Сол-ақ екен, 5 миллион теңгеге жуық қарыз қайтарылған. Бұл амал қарызын үш ай бойы төлемеген адамдарға ғана қолданылады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы