Елордада тұңғыш рет Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана аспаны» атты «Positive» қысқаметрлі фильмдер фестивалі өтті.
Бас қаланың 20 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырылған жас киногерлер байқауына 10 режиссер таңдалып алынып, үздік жұмыстар «Қазығұртфильм» киностудиясында таспаланды. Жобаның бас продюсері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов. Көркемдік талап тұрғысынан бағалап, сараптаған – кинорежиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сатыбалды Нарымбетов бастаған кинематография саласының кәсіби мамандары.
«Бұл фестивальды ұйымдастырудағы ең басты мақсат – тақырып өз алдына, жастардың жұлдызын жағып, кино әлеміне 10 жаңа есім әкелгіміз келді. Көптеген жастарымыз халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі оралып жүр. Бірақ өкінішке қарай, ол жұмыстардың барлығы авторлық кино – артхаус бағытында түсірілгендіктен, кинотеатрларда көп көрсетіле бермейді. Көрермен мен киногерлер арасында көпір болсақ деген ұсынысымызды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қуана қолдап, жастардың шығармашылық тынысын сезініп, қиял-қарымын айқындауға тамаша мүмкіндік алдық», дейді фестивальдың бас сарапшысы, белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов.
10 режиссер Астана қаласына қатысты өрбитін он түрлі тақырыпты қозғап, суреткерлік қиял-қарымы мен кәсіби шеберліктерін сарапшылар талқысына ұсынды. Олардың қатарында: Мақсат Оспановтың «Астана аспаны», Самат Әлімнің «Сарбаз», Елена Лисасинаның «Қазына», Айдын Сахаманның «Бақыт биі», Ардақ Төлеубайдың «Өзбек құда», Бексұлтан Әнуаровтың «Алтын балық», Айгүл Ақсамбиеваның «Я тебя слышу», Рустам Отаршиннің «Чемодан», Сафуан Шаймерденовтің «Нұрлы жолда» және Жандос Құсайыновтың «Құтты қонақ» қысқаметрлі картиналары бар. «Positive» қысқаметрлі фильмдер фестивалі бағдарламасына енген 10 картинаның 6-ауы комедия жанрында түсірілсе, 4 туынды драмалық сюжетке құрылыпты. Аталған фильмдердегі басты рөлдерді Жалғас Толғанбай, Санжар Мәдиев, Ернар Жұматаев, Жанар Мақашева, Әбілмансұр Серіков, Ақмарал Танабаева бастаған отандық актерлермен қатар, Өзбекстанның халық әртісі Мұрат Раджабов, Ресейдің халық әртісі, театр және кино актері Юрий Кузнецов, ресейлік танымал киноактриса Ольга Кузмина, талантты қырғыз актері Әзиз Бейшенәлиев және тағы басқа өнер майталмандары кейіптеді.
«Режиссерлер жұмысы негізінен Астананың ең бір көрікті, позитивті сәттері суреттелетін көріністері мен сәулетті де сәнді архитектурасын, жалпы бас қаламыздың бүгінгі рухани тынысын көркем тілде, яғни кино тілінде бейнелеуге бағытталды. Адамды ерекше әсерге бөлеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын сценарийлермен жұмыс жасадық. Әр фильмнің айтар ойы мен қамтитын сюжеті бөлек болғанымен, барлығына ортақ мақсат біреу. Ол – елдігімізді, еңселі елордамыздың жетістіктерін дәріптеу», дейді жоба продюсері Сәбит Әбдіхалықов.
Рас, қысқаметрлі фильм – режиссер шеберлігінің шыңдалып, шығармашылық қиял мүмкіндігінің нағыз сыналар тұсы. Ұзақтығы 2 сағатқа созылатын фильмдердегідей емес, бұл жерде айналдырған 15 минут уақыттың ішіне барлық айтқың келген ойды сығымдап сыйдырып, кино тіліндегі ықшам ғана, бірақ көркемдік қуаты толықметрлі картиналардан титтей де кем емес дүние тудыру.
Бас шаһар төріндегі «Қазақстан» Орталық концерт залында көрсетілген 10 түрлі тақырыпта түсірілген дәл сонша фильмді көріп, алуан ойдың жетегіне еріп, көрермен залынан түсініксіздеу сезімде шыққанымыз сондықтан болса керек. Бұл фестивальда да сауатты, оқиғаны шытырман сюжетке құра алатын сценарийстер тапшылығымен бетпе-бет келдік. Астана дегенде санаулы ғана сюжеттің айналасына тоқайласқан фильмдерде оқиға көп, бірақ адамның көңілін қозғап, жан дүниесін әлемтапырық күйге бөлейтін тереңдік, есте қаларлық диалог аз. Әйтсе де бізді қуантқаны – қазақ киносындағы сондай бір олқылықтардың орнын толтыруға бағытталып «Positive» фестивалі секілді ауқымды жобалардың қолға алынуы. Аталған кинобайқау арқылы өнер әлемі болашақта қазақ киносының туын көкке көтеретін жаңа есім, тың талпыныстармен танысты. Әрине алғаш рет ұйымдастырылып, тұңғыш рет додаға түсіп тұрғаннан кейін де кейбір тұста кемшіліктің кетіп жатуы заңдылық және ол қауіп емес. Бастысы – фильм түсіруге, кейіпкерлерін кино тілінде сөйлетуге бағытталған талпыныстың, алғашқы қадамның жасалғаны. «Positive» фестивалінің басты позитиві де осында болса керек, біздіңше.
Хош, сонымен өмір шындығын өнер биігінде бедерлеуге талпынған түрлі деңгейдегі жұмыстарды саралай келе, мамандар қатысушыларды арнайы аталымдар бойынша марапаттады.
«Үздік фильм» жүлдесіне Айгүл Ақсамбиеваның режиссерлік қолтаңбасында көрерменіне жол тартқан «Я тебя слышу» фильмінің ұжымы ие болды. «Үздік актер» аталымындағы сыйлық – Өзбекстанның халық әртісі Мұрат Раджабовқа бұйырса, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Жанар Мақашева «Үздік актриса», «Я тебя слышу» фильмінің актері Вилли Пылков-Вайдман «Екінші пландағы үздік актер» атанды. Сонымен қатар сарапшылар алқасының шешімімен «Ең үздік режиссерлік жұмыс» – «Сарбаз» фильмінің режиссері Самат Әлімге, «Ең үздік операторлық жұмыс» – «Я тебя слышу» картинасының операторы Ринат Қосанға, «Ең үздік сценарий» – «Астана аспаны» фильмінің сценарий авторы Нұржан Тұтовқа, «Ең үздік позитивті фильм» – Бексұлтан Әнуаровтың «Алтын балық» туындысына, «Ең үздік монтаж» – Рустам Отаршиннің «Чемодан» картинасына, «Ең үздік суретші» аталымындағы жүлде – «Құтты қонақ» фильмінің суретшісі Еркен Сүлейменовке, «Ең үздік грим» аталымындағы сыйлық «Астана аспаны» фильмінің гримдеуші маманы Данияр Садығұловқа табысталды. Бұдан бөлек, «Қазылар алқасының арнайы сыйлығы» – Айдын Сахаманның «Бақыт биі» картинасына, ал дебюттік жұмысы үшін «Арнайы сыйлық» «Нұрлы жолда» фильмінің режиссері Сафуан Шаймерденовке берілді. Сондай-ақ шетелдік қонақ актерлер Юрий Кузнецов, Владимир Моисеенко, Азиз Бейшенәлиев, Азамат Нығмановқа ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар табыс етілді. Марапаттау рәсімінің соңында фестивальдың құрметті қонағы болған Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов жас киногерлерге сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»