• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 03 Қазан, 2018

Абай атын­дағы Қазақ Ұлттық педагогикалық универ­ситеті - тұңғыш жоғары білім ордасы

7608 рет
көрсетілді

Еліміздегі алғашқы жо­ғары білім ордасы Абай атын­дағы Қазақ Ұлттық педагогикалық универ­ситетінің бүгінгі таңда еңсесі биік. Университет алғаш құрылған кезден бастап күні бүгінге дейін басынан сан алуан тарихты өткізе отырып, қоғам өмірінің барлық салалары үшін білікті маман даярлауда еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап келеді. 

Қазақ АКСР Халық Комис­сарлары Кеңесінің 1927 жылғы 23 наурызда қабылдаған қау­лысы негізінде 1928 жылғы қазанда тұңғыш Қазақ мем­лекеттік университеті ашыл­ды. Алғашқы кезде он­да педагогикалық, ауылша­руа­шы­лық және медициналық факультеттер құру жоспарланды. Алайда кең-байтақ қазақ сахарасындағы сауат­сыз­дықты жою жөніндегі кезек күттірмес міндет бәрінен бұрын педагог кадрларды қар­қынды түрде даярлауды талап еткендіктен, алғашқы университетті педагогикалық бағытта ашуды өмірдің өзі ұсынды. Тұңғыш жоғары оқу орнында әуелде физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден құрылған жал­ғыз ғана факультет болды. Тұң­ғыш жоғары оқу орны 1930 жылдан бастап Қазақ пе­дагогикалық институты (ҚазПИ) деп аталып, оған 1935 жылы ұлы ойшыл, ақын Абайдың есімі берілді. Ол бүгінде Абай атындағы Қа­зақ ұлттық педагогикалық университеті деп аталады. 

Алғашқы кезден бастап оқу орнында сапалы мамандар даярлау үшін оқытушы-профессорлар құрамын бі­лік­ті педагог-ғалымдармен жа­сақтау мәселесі күн тәр­тібіне қойылды. Қазақ хал­қы­ның аяулы перзенттері, ұл­тымыздың мақтаныштары О.Жан­досов, С.Асфендияров, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Х.Досмұхамедов, І.Қабылов, Б.Алманов, Т.Жүргенов инс­титут қабырғасында дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуге бел­сене атсалысты. Белгілі тіл мамандары Қ.Жұбанов, М.Әуезов, С.Аманжолов, М.Жол­дыбаев, математик Ә.Ер­меков және басқа да ға­лымдарымыз оқытушы-профессорлар құрамының ал­дың­ғы сапында болды.

Институт басшылығы осын­­­дай күрделі кезеңде Мәс­кеу мен Ленинград уни­вер­ситеттерінің көмегіне сүйен­ді. Олар Қазақ педаго­гика институтына кітап қоры­мен, оқу және әдістемелік құ­­­рал­­­дарымен, зертханалық жабдықтарымен көмектесіп отырды. Мәскеуден Қазақ пе­да­гогика институтында жұ­мыс істеу үшін әдебиетші-ға­лым Н.Фатов, математик­ Б.Кругляк, физика маманы В.Литвинов, биология ғы­лымдарының докторы С.Ло­ги­нов, эмбриолог А.Захваткин сияқты көптеген белгілі ға­лым­дар келді. Сонау Қазан төң­керісінен бұрын ағартушылық ұран тастап, бүкіл қазақ жұртын дүр сілкіндірген Ахмет Бай­тұр­сынұлы сол кез­дің өзінде-ақ халқым білімді жұртпен теңессе екен деп, жас ұрпақ­қа арнап өнегелі сөздер, оқулықтар жазса, Алматыда тұңғыш қазақ университетін ашуға да жанталаса үлес қос­қан қайраткерлеріміздің бірі болған. Ахаң Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орнында студенттерге тіл білімінен дәріс оқыды, тіл және әдебиет­тен «Тіл – құрал», «Әдебиет таныт­қыш», Жүсіпбек Аймауы­тов «Психология» («Жан­тану»), Мағжан Жұ­ма­баев «Педагогика» оқулық­тарын жазды. 

Сәкен Сейфуллиннің қа­зақ әдебиеті тарихынан оқы­ған лекциялары да тың­дау­шы­ларын білім айдынына қанат­тандыра түсті. Көрнекті мемлекет және қоғам қай­рат­кер­лері Ораз Жандосов пен Халел Досмұхамедов те оқу орнын қалыптастыру ісіне белсене атсалысып, болашақ мамандарды тәрбиелеуге өл­шеусіз үлес қосқан ұлағатты ұс­таздар болды. Алғашқы жо­ғары оқу орнын ашуға, оны қалыптастыруға зор еңбек сіңір­ген алғашқы ректор Сан­жар Асфендияров есімін ерек­ше ілтипатпен атаған жөн. Оның қастерлі есімі оқу ор­нының тарихында алтын әріптермен жазылды. Араб, парсы, ағылшын, француз тіл­дерін жетік меңгерген, қала берді оқу-ағарту ісі­нің қайраткері, дарынды ға­лым, көрнекті мемлекет қайраткері С.Асфендияров уни­верситеттің ұйымдасты­ру­шылық жұмысын жан аямай атқарды, алғашқы сту­дент­терді қабылдады. Оқу ор­нының оқу-материалдық базасын қалыптастыруға, оны оқулықпен, оқытушылармен қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты. Ол 1930 жылы Алматы медицина институтын ашуға да белсене атсалысып, оның да алғашқы ректоры, кейін республика Денсаулық сақтау Халық комиссары және Халық ағарту комиссары болды. Осы ретте қазақтың көрнекті ақын-жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, бі­лікті мұғалім кадрлары мен ғалымдарының үлкен шо­ғыры осы ҚазПИ-ден шық­қанын ерекше атап өткен жөн. Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Құдайберген Жұбанов және т.б. ғалымдар оқу орнында ұстаздық етті. ҚазПИ профессорлары Қа­зақстандағы басқа да жоғары оқу орындарына арнап мамандар даярлау ісіне белсене атсалысты. Алғашқы жылдардан бастап институт бас­тауыш және орта мектептердің білікті мамандарын даярлап шығара бастады. Уақыт өткен сайын мамандар даярлау сапасы анағұрлым жақсарды, студент-шәкірттерді оқытып-тәрбиелеудің салиқалы дәс­түр­лері қалыптасты. Оқу орны ғылыми ойдың орталығына айналды. Тіл мен әдебиет, тарихқа қоса жаратылыстану ғылымдарының сан саласы бойынша да алғашқы зерттеулер жүргізілді. Сонымен отызыншы жылдардың аяқ ке­зінде тәжірбие жи­нақ­тауы, материалдық-техни­ка­лық базасының нығай­ты­­луы, білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар қата­ры­ның көбеюі жағынан ҚазПИ-дің оқу-ғылыми ор­талығы ретіндегі рөлі өлшеу­сіз­ өсті.

Ұлы Отан соғысы бастал­ғанда 1941-1945 жылдардағы ҚазПИ-дің көптеген студент­і мен оқытушысы май­­дан­ға аттанды. Ұрыс дала­сын­­да көрсеткен ерен ер­лік­­тері үшін ҚазПИ-дің оқытушылары мен сту­дент­­тері жоғары мем­ле­­кет­тік награ­даларға ие бол­ды. Мәскеуді неміс-фа­шист басқыншыларынан қор­ғау­­дағы ерен ерлігі үшін ат­қыштар батальонының саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Өзі батыр, өзі әдебиетші-ғалым Мәлік Ғабдуллин кейінірек ҚазПИ-ді ұзақ жыл басқарып, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Сондай-ақ ҚазПИ-дің белгілі оқытушылары мен студенттері Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рахымжан Тоқа­таев, Ахмедияр Құсайынов, Сәду Шәкіров, Евгений Бреу­сов майдандағы жанқиярлық ерліктері үшін Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атанып, омырауларына Алтын жұлдыз тақты. Соғыстан кейінгі жылдары мектептерде мұғалім кадрларға деген қажеттілік күрт өсті, сондықтан студент­терді қабылдау, әсіресе сырттай оқуға қабылдау саны еселей артты. Егер 1946 жылы күндізгі бөлімнің бірінші курсына 362 студент қабылданса, сол жылы институтты сырттай 60 адам ғана бітірді. Ал 1956 жылы күндізгі бөлімге 567 студент оқуға түссе, сырттай оқуды 594 адам тәмамдады. 

Абай атындағы ҚазПИ 1978 жылғы өзінің 50 жылдық мерейтойын лайықты табыс­тармен қарсы алды. Көрнекті әдебиет, мәдениет және ғылым қайраткерлері С.Аманжолов, Х.Бекхожин, Қ.Жұмалиев, О.Жәутіков, М.Қаратаев, А.Ыс­қақов, А.Қалыбаева, С.Қи­рабаев, А.Нүсіпбекова, Ш.Сәтпаева, Р.Сыздықова – осы оқу орнының мақтан тұтар түлектері. Олар ҚазПИ-де мамандар даярлау ісіне өлшеусіз үлес қосты. Біз бүгін қазақ білім ордаларының қара шаңырағында білім алған түлектердің ішінен еліміздің ғылым, білім, мәдениет салаларын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан белгілі ғылым және қоғам қайраткерлері М.Әбдіхалықова, Т.Тәжібаев, А.Закарин, К.Айманов, А.Сембаев, Н.Жан­ділдин, Б.Бөл­тірі­ко­ва, Ә.Шәріпов, Е.Мәм­бет­қазиев, Ө.Жәнібеков, М.Ах­ме­това, А.Тұмарбекова сияқ­ты аға ұрпақ өкілдерінің есі­мін құрметпен атаймыз. Сек­се­нін­ші жылдары институтта жүр­гізілген ғылыми-зерт­теу жұмыстарында халық­қа бі­лім беру жүйесіндегі күр­­­­де­лі мәселелер зертте­ліп, оқу-әдісте­ме­лік конферен­циялар жыл сайын өткізіл­ді. Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы­­­ жыл­дарында кез­дес­кен­ экономикалық қиын­дық­тар­ға қарамастан, 1992 жылы 24 қарашада Қа­зақ­­стан Республикасы Үкіме­ті­нің шешімімен Абай атын­дағы ҚазМПУ Алматы Мем­лекеттік университеті (АлМУ) болып классикалық үлгі­де қайта құрылды.

2003 жылы 26 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың №1201 Жарлығымен қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы «Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ)» бо­лып қайта құрылып, «ұлт­тық» мәртебені иеленді. 2007 жылы 24 қыркүйекте уни­верситет жоғары білім көшбасшыларының Окс­форд­тағы саммитінде (Ұлы­британия) «ХХІ ғасыр көш­басшылары» бағдарламасы аясында «Біріккен Еуропа» және «Еуропалық сапа» тәрізді халықаралық марапаттарға ие болды. Ал 2007 жылы университетке «Сапа сала­сын­дағы жетістігі үшін» Қазақ­стан Республикасы Прези­денті­нің сыйлығы, «Алтын сапа» белгісі тапсырылды. Университетіміздің бұл табысында оқу орнын әр жылдары басқарған Санжар Сейітжаппарұлы Асфен­дия­ров, Бәймен Алман­ұлы Алманов, Сер­ғали Еспем­бетұлы Толы­бе­ков, Халел Мұхамеджанұлы Әділгереев, Ахмеди Ысқақұлы Ысқақов, Асқар Закарияұлы Закарин, Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабдул­лин, Жұмабек Жү­ніс­бек­ұлы Жүнісбеков, Құл­жабай Әбді­қалықұлы Қа­сымов, Тоқмұхамед Сәл­мен­ұлы Садықов, Серік Жай­лау­ұлы Пірәлиев сынды белгілі ғы­лым, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің үлесі зор. 

Бүгінде университет ұжы­мы Мемлекет басшысының қазіргі таңдағы білім саясаты мен алға қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін жұмыла еңбек етуде. Осы орайда айта кету керек, біздің универ­си­тет өзінің статусына сай «Білім», «Гуманитарлық ғы­лымдар», «Жаратылыстану ғы­лымдары», «Техникалық ғылымдар және технологиялар», «Әлеуметтік ғылымдар және бизнес», «Өнер», «Құ­қықтану» мамандықтары бо­йынша жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ірі ғылым және білім орталығы. Сонымен бірге әлеуметтік және гумани­тарлық ғылымдар бойынша халықаралық қа­ты­настар және құқықтану, эко­номика және бизнес, пе­дагогикалық білім беру са­лаларында ғылыми-педа­го­гикалық кадрлар дайындай­тын көп салалы орталық. Бү­гінгі таңда 135 мамандық бойынша білім береді. Осы тұста былтырдан бас­тап оқу­ орнында жаңа ұйым­дас­тыру құрылымы енгі­зіл­­генін тілге тиек етсек орын­ды. Бүгінде уни­вер­си­теттің білім беру қыз­ме­тін мамандандырылған 7 оқу институты іске асырады. Атап айтсақ, олар – Педа­го­гика және психология; Математика, физика және ин­форматика; Филология және көптілді білім беру; Өнер, мәдениет және спорт; Жа­ра­тылыстану және география; Тарих және құқық; «Сорбонна-Қазақстан» институттары мен шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті. Уни­­верситетте ма­ман дайындау бағыттары бойынша 36 кафедра, сонымен қатар 4 жалпы университеттік кафедра – әскери кафедра, де­нешынықтыру және спорт кафедрасы, педагогика кафедрасы, саясаттану және әлеу­мет­тік-философиялық пән­дер кафедрасы жұмыс іс­тейді. Ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар Ғылыми инновациялық паркі (ҒИП) болып қайта құрылды. Сондай-ақ бірнеше жаңа құрылымдық бөлімшелерді ашып, жүйеге қойдық. Мы­са­лы, біліктілікті арттыру және қашықтықтан оқыту ор­талығы, студенттерге цифр­лы қызмет көрсететін «Ша­па­ғат» орталығы, Білімді ақ­параттандыру мәселелері және білім технологиялары халықаралық ғылыми зерт­ханасы, Қазақстан халқы Ас­самблеясы кафедрасы, Қар­жы­лық талдау бөлімі, университет бюджетін жоспарлау және оның орындалуын бақылайтын бюджет комитеті құрылды. Университетте 8 дис­­сертациялық кеңес, жас ға­лымдар кеңесі, ЮНЕСКО педа­гогикасы кафедрасы, Ғы­лыми кітапхана және «Ұлағат» баспасы жұмыс істейді. Абай атын­дағы ҚазҰПУ әлем­дегі үздік университеттер қа­та­рында жыл сайын өз позициясын жақсартып келеді.     

QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2018 жыл­­дың қорытындысы бо­йын­ша университет 481-орынды иеленді (2017 жылы – 491- орын).

2018 жылы Emerging Europe&Central Asia Еуропа мен Орталық Азияның дамып келе жатқан 30 еліндегі 200 үздік университеттер арасында 86-орында тұр­са (2017 жылы – 91-орын), рес­публиканың педаго­ги­калық жоғары оқу орындары арасында көш бастап келеді. Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жө­ніндегі Қазақстан тәуел­сіз агенттігінің Бас рейтин­гін­де педагогикалық маман­дық­тарға арналған 32 білім беру бағдарламасы үздік үштікке енді. Университеттің 51 оқу бағдарламасы халықаралық және ұлттық аккредитациядан өтті.

Абай атындағы Қазақ ұлт­­тық педагогикалық уни­вер­­­ситеті ерекше мәрте­бе­сі бар еліміздің жетекші педа­гогикалық жоғары оқу орны ретінде елімізде педа­го­­гикалық кадрларды да­йындауды оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қам­тамасыз ету орталығы бо­лып табылады. Шетелдік әріптестермен бірге дайын­дал­ған педагогикалық ма­ман­дықтар бойынша жаңа үлгідегі оқу бағдарламаларын енгізу жұмыстары жолға қойылған. Көптілді білім беруге бағытталған Кембридж, Сассекс университеттері ға­лым­дарымен және елі­міз­­­дің педагогикалық ЖОО-ларымен, мектеп ұстаздарымен бірге физика, инфор­матика, химия, биология мамандықтарын ағылшын тілінде оқытуға арналған оқу бағдарламалары әзірленді. 

Университеттің осы білім беру бағдарламаларын оқу-әдістемелік қамтамасыз ету үшін 19 оқулық ағылшын тілінде дайындалды. Универ­си­тетте бакалавриат, магис­тратура және докторантурада 13 мамандықты ағылшын тілінде оқыту қолға алынды. Осы орайда еліміздің орта білім беру жүйесіндегі оқу­лықтардың 85 пайызын біз­дің университетіміздің ға­лымдары жазғанын атап өт­кенім жөн сияқты.

Оқу орны қызметінде ха­лықаралық ынтымақтастық маңызды орын алады. Бү­гінгі таңда Абай атын­да­ғы университет 11 халық­ара­лық ұйымдарға, ассоциа­ция­лар­ға мүше. Әлемнің 23 мем­лекетіндегі шетелдік университеттермен бірлескен жұ­мыстар бойынша 130 ке­лісімшарт, меморандум­ жа­салды. 2014 жылғы қыр­күйек­те Францияның 800 жылдан астам тарихы бар Сорбонна-Париж сити уни­верситетінің филиалы «Сор­бон­на-Қазақстан» институты ашылғаны университет өміріндегі елеулі оқиға болды. Бұл – Париж Сорбоннасының әлемдегі екінші, ал Орталық Азиядағы бірінші филиалы. Университетте жалпы саны 790 профессор-оқытушы дәріс оқиды. Ғылыми дәрежесі мен атағы барлар – 528 адам, оның 134 ғылым докторы, профессор, 349 ғылым кандидаты, доцент және 45 PhD докторы еңбек етеді. Сондай-ақ бізде 14 ҰҒА академиктері мен корреспондент-мүшелері, 45 басқа да қоғамдық академия­лардың академиктері қызмет істейді. 

Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық универ­си­теті өз болашағын зерттеу университеті ретінде да­мыту бағдарын қолға алу­да. Университетте ғылы­ми зерттеулердің басым ба­ғыт­тары анықталған. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция­ жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жол­дауы мен «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласынан туын­дайтын міндеттер, үш тіл­ді білім беру, қазақ тілін ла­тын әліпбиіне көшіру мә­селелеріне байланысты Қа­зақ­стан Республикасы білім беру жүйесінің міндеттері, «Цифрлы Қазақстан» және ақпараттық-компьютерлік 3D-­­­­технологиялар негізінде жаңа білім ресурстары бойын­ша зерттеулер жүргізілуде. Сондай-ақ «Цифрлы университет», «Инновациялық университет», «Әлеуметті жауапты университет», «Жалпыға қолжетімді ашық университет», инфрақұрылымы бо­йынша «Жайлы универси­тет», мұғалімдер мен оқы­ту­шылардың біліктілігін ар­тырудың көшбасшысы сияқ­ты мәртебелерге қолжет­кізу үшін күресуде. Уни­вер­ситет стратегиясының бас­ты мақсаты – ең озық әдіс­тер мен бағдарламалар не­гізінде ХХІ ғасыр педагог­терін даярлау, таяу жылдары білім алушылар санын 10 мыңға жеткізу, шетелдік университеттермен бірлесе отырып, педагогикалық ма­ман­дықтар бойынша 15-тен­ аса «қос дипломдық» білім беру бағдарламаларын енгізу, бізде оқитын шетелдік студенттердің үлесін 5 процентке көтеру және QS World University Rankings әлемдік рейтингісі бойынша 450-орын­ға көтерілу. 

Жалпы, университеттің бі­лім мен тәрбие жөніндегі атқарып жатқан іс-қызметі орасан. Университеттің тарихы терең, болашағы ерен дейтін болсақ, сол тарихтың бастауында тұрған Алаш қай­раткерлерін де университет ұжымы бір сәт естен шығарған емес. Қасиетті қа­ра шаңырақтың сан қилы тарихында университеттің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан, көргені мен түйгені мол тәжірибелі басшылар мен қоғам қайраткерлерінің алатын орны ерекше. Мұның бәрі келешек ұрпақтың кемел тұлға болып қалыптасуына жарқын жол ашатын өнегелі тәрбие құралдары.

Такир БАЛЫҚБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық  педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының  докторы, профессор

АЛМАТЫ