Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында өскелең ұрпаққа ағылшын тілін үйренудің маңыздылығын атап отырады. Адамның үнемі ізденіске, жаңалыққа ұмтылуы физиологиялық құбылыс, ал заманауи технологиялардың қоғамымыздың түрлі салаларында орын алуы бүгінгінің басты талабы. Бүгінде елімізде білім беру мазмұны жаңарып, жаңа көзқарастар негізінде инновациялық оқыту технологиялары өмірге келді. Соның бірі «ММ publications» баспасы ұсынатын оқулықтар.
Аталған баспа ұлттың этникалық сипаттамаларын ескере отырып, ағылшын тілінің заман талабына сай коммуникативті, интерактивті және инновациялық бағытта ағылшын тілінде оқулықтар шығаруды көздейді.
«Инновация» термині ағылшын тілінің «Іnnovation» деген сөзінен шыққан, яғни «жаңалықты енгізу» ұғымын білдіреді. XIX ғасырда мәдениеттанушылардың зерттеуінен пайда болған, бір мәдениет түрлерін екінші ел мәдениетіне енгізу дегенді білдіреді.
Қазіргі таңда жаңа педагогикалық технологиялар түрі өте көп. Оны шет тілі сабағында тиімді қолдану мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Қоғам талабына сай шет тілдерін оқытуда қойылып отырған ортақ міндет – коммуникативті бағытта оқыту. Мақсат – оқушылардың өз ойларын жеткізумен шектеліп қана қоймай, оларды өзара тіл табысып, пікір алмасуға үйрету, өз жұмысына, топтағы немесе сыныптас оқушының жұмысына, жауабына сыни тұрғыдан талдау жасай алу, өз ойын қорытындылай білу, интерактивті жұмыс жүргізуге баулу.
«Interactive» ағылшын тілінен аударғанда «ортақ белсенділік» деген мағынаны білдіреді. Инновациялық оқыту технологияларының білім беру жүйесін дамыту ісіне берері мол. Оны қолдану оқушының өздігінен сабаққа дайындалу деңгейін арттырады, сондай-ақ оқу үдерісін жүргізуді қызықты етеді.
«ММ publications» баспасы осы мәселелерде оңтайлы жол ұсынады деуімізге болады. Баспа өнімінің оқулықтары мазмұны жағынан оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілетін дамытуға, бұрын болмаған кәсіби дағдыларды қалыптастыруға, сабақты интерактивті түрде өткізуіне мүмкіндіктер туғызады. Мысалға «Full Blast» оқулықтары орта мектеп оқушыларының ХХІ ғасыр құзыреттерін дамытуға, зерттеу және шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге, өз алдына мақсат қою арқылы оны жүзеге асыра білуіне, сондай-ақ өз әрекетінің нәтижелерін бағалап үйренуіне бағытталған. Кітапта қазақ халқының және басқа да елдердің мәдениеті мен ұлттық дәстүрлері, қалалары мен әдебиеті туралы тақырыптар назардан тыс қалмайды. Мәдениет төңірегіндегі тақырыптар оқушылардың ағылшын тілін үйрене отырып ұлттық сана-сезімін жоғалтпауға көмектеседі. Ал қызықты үй тапсырмалары оқушының өздігінен сабаққа дайындалу деңгейін арттырып, оқу үдерісін жүргізуді жандандырады. «ММ publications» баспасы сонымен қатар балаларға және ересектерге арналған оқу курстарын, грамматикалық және лексикалық құжаттарды, материалдарды дайындаумен бірге басқа да көптеген материалды ұсынады.
Айта кетерлік жайт, «MM publications» баспасы Еуропаның, Африканың, Американың, Аустралияның және Азияның көптеген елдерінде жұмыс істейді. Кітаптарды дайындау барысында баспа халықаралық стандартқа сай жетілдірілген әдістемелерді және АҚШ, Канада, Грекия ғалымдарының іс-тәжірибелерін пайдаланады. Ақмарал ШАЛҒЫНБАЕВА,
тәлімгер