• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Білім 05 Қазан, 2018

Ерлан Сыдықов: Елбасы Жолдауы – біз үшін жаңа белес

285 рет
көрсетілді

Елбасының әрбір игі бастамасы мен Жолдаулары ел дамуының негізгі қозғаушы күші. Президенттің 2018 жылы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы зор ықыласпен қабылдады.

Елбасы Жолдауы – біз үшін жаңа белес. Қазақстан Республикасының кемел келешегін бағдарлайтын, дүниежүзілік деңгейде өзінің беделін асқақтатып көрсететін негіз және Қазақстан Республикасының дамуының жаңа көкжиектерін белгілеумен құнды.

Егеменді байтақ еліміз Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті, халықаралық дәрежеде танылудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілді. Мемлекет барлық бағытқа өз тарапынан барынша қолдау көрсетіп келеді. Елбасы Жолдауда «5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет» деді. Бұл отандық білім мен ғылымға және денсаулық сақтау салаларына ғаламат серпін беретін фактор.

Елбасының бастамасымен ашылған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бүгінде әлемдік көшбасшы ЖОО-ның бірі.  (QS рейтингісі бойынша университет жас ЖОО ішінде әлемдік көшбасшы ТОП-50-дің қатарында, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің «QS: EECA»  өңірлік рейтингінде 24-орынға көтерілді).Университеттің мұндай әлемдік деңгейдегі жетістіктерге жетуі - Елбасының дәстүрлі Жолдауларының әрқайсысының нақтыланған мақсат-міндеттерін, бағыт-бағдарын бағамдап орындау нәтижесі деп білеміз.

Президенттің бес бастамасында қарастырылған жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту тапсырмасы бойынша университетіміз жүйелі жұмысты бастап та кетті. Биылғы оқу жылында мемлекет тарапынан қосымша 20 мың грант бөлініп, осы грант иегерлерінің көбі Еуразия университетін таңдады. «Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді» деді Елбасы бүгінгі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Ең бастысы, «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын» деді.

Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық еңбегінің аясында университет – «Рухани жаңғырудың» тұтастай ғылыми-әдістемелік алаңына айналды. Университет ғалымдары «Әлемдік 100 оқулықты аудару», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақы латын қарпі» жобаларын орындауға атсалысып келеді. Бір ғана осы мақала аясында біздің білім ордамызда мыңдаған шаралар өтті және ол алдағы уақытта өз жалғасын таба бермек.

Университет ұжымы Қазақстан Республикасының халықаралық аренада жан-жақты дамыған, сенімді, тұрақты, беделді, бейбіт ел ретінде танылуына бар күш-жігерін салып, атсалысады. Елбасы оқу орнының сапасы туралы өте жақсы айтты. Отандық оқу орнының сапасы оны бітірушілердің лайықты жұмысқа орналасуы көрсеткішімен өлшенсе, Елбасы айтқандай бұл зор ынталандыру болмақ. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екенін еске сала отырып, жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажеттігіне тоқталды. «Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды» деді Президент.

Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында Елбасы айқындаған стратегиялық бағытты әрдайым ұстансақ, ұлы істерді,  жетістіктерді кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жалғастырарымыз ақиқат. Бұл – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті.

Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынған Елбасының бүгінгі Жолдауы – бір күнде айтыла салған әңгіме емес, бұл елдің болашағы үшін тереңнен толғанып шешілген өте маңызды тарихи құжат. Сондықтан да, Елбасы Жолдауын университет жастары да мұқият тыңдады, енді ел болып қолдау білдірейік. Сонда ғана біздің Қазақстан ата-бабамыз армандаған қуатты елге айналары сөзсіз.

Ерлан СЫДЫҚОВ,

 Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры