Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа кезекті Жолдауына ерекше ден қойып, мұқият тыңдап шықтық. Мазмұны еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытының өзекті мәселелеріне арналған бұл құнды құжатта ұрпақ тәрбиесі мен мұғалімдер қауымына қатысты да өте бағалы ойлар мен тың тұжырымдар айтылды. Атап айтқанда, бізді Мемлекет басшысының келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдауы керектігі туралы байламы айрықша қуантты.
Елбасы өзінің сөзінде аталған заңның мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерін жемісті еңбек етуге ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы тиіс екенін атап көрсетті. Мұның ықпалында оқу орнындағы барлық жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылту тапсырылды. Соның ішінде мұғалімдерді елді мекендердегі барлық жұмыстарға қоғамдық негізде тарта беруді тоқтату керектігі ашып айтылды. Иә, барлық жерде сайлауды өткізетін, оның барлық қиындықтарын көтеріп, үгіт-насихат науқанын жүргізуші болып табылатын мұғалімдер екені де рас.
Президент өз сөзінде енді саладағы біліктілік талаптары, оқыту әдіснамасы, тәрбиешілер мен балабақшадағы өзге де қызметкерлердің еңбегін төлеу жүйесі қайта қаралатынын алға тартты. Сондай-ақ Жолдау жолдарынан біз биыл Білім және ғылым министрлігінің әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті Жол картасын әзірлейтінін де білдік. Мұның бәрі өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесін жақсарта түсуге бағытталған нақты қадамдардың бірі екені анық.
Жолдау арқылы біз, сондай-ақ республикада Назарбаев Университет секілді тағы бір іргелі жоғары оқу орны ашылғалы жатқанынан хабардар болдық.
Нұрсұлтан Назарбаев сонымен бірге жоғары оқу орындарында кездесіп қалатын сыбайлас жемқорлық деректері жөнінде айтып өтті. Президенттің айтуынша, тек нарыққа төтеп бере алатын жоғары оқу орындары ғана қалуы керек. Олардың арасындағы бәсеке таза кәсіби біліктілік тұрғысында жүруі тиіс. «Жаһандық университеттермен ынтымақтастықты жалғастырып, Назарбаев Университеттің тәжірибесі бойынша әлемнің үздік топ-менеджерлерін тарту керек», – деді Елбасы.
Президент Жолдауда Үкіметке білім мен ғылымға қаржыландыруды арттыруды да жүктеді. Бізде қазір ғылымның ақсап тұрғаны рас. Мұны Елбасы дөп басып айтты. Ал әлемдегі дамыған елдердің көшінен қалмай жүру үшін ең алдымен ғылымды дамытуға тура келеді. Даму қашанда ғылымға байланысты. «Бес жылдың барысында білімге, ғылымға және денсаулық сақтауға арналған шығыстарды барлық көздерден елдің ішкі жалпы өнімінің 10 процентке дейін жеткізу керек» деген тұжырымды Мемлекет басшысы сондықтан да алға тартты.
Қорыта айтқанда, Президент өзінің Жолдауында дамудың тетігі де, негізі де ғылымда, білімді ұрпақта жатқанын тайға таңба басқандай етіп айтып берді.
Жаңагүл СҰЛТАНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті департаментінің директоры,
PhD доктор