Елімізде 2022 жылдан бері жинақталған тікелей инвестиция көлемі 84 млрд доллардан асқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 50%-ға артты. Бірақ былтыр елімізге тартылған тікелей инвестицияның көлемі өссе де, оның қарқыны әлі де баяу болып тұр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президенттің айтуынша қаржыны қазынадан алып, оны инвестиция деп көрсете салу әлдеқайда оңай. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, нарықтық экономика қағидаттарына бағыну қажет.
«Бізге жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жеке бизнес айрықша рөл атқарады. Кәсіпкерлер экономикамызға сапалы инвестиция салу арқылы жұмыс орындарын ашады, жұрттың табысын арттыруға үлес қосады.
Біз «Бәйтеректі» инвестициялық холдинг ретінде қайта құрдық. Мұндай қадамның нақты себебі болды. Холдинг нарықтық экономикаға серпін беруде, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шектемеуге тиіс. «Самұрық-Қазына» қорына да дәл осындай талап қойылады.
«Самұрық-Қазына» қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды», деді Президент.
Тоқаев Үкіметке үй шаруашылықтарының әлеуметтік цифрлық профилін қалыптастыруды тапсырды
Мемлекет басшысы инфляция деңгейі тұрақталып, төмендегеннен кейін нарық қағидаттарын күшейту керек болатынын атап өтті.
«Даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен тиімді қарым-қатынас орнатып, бұл қатынас бәсекелестікке емес, өзара серіктестікке негізделуі керек. Елімізде инвесторлардың қызығушылығын арттыратын салалар көп. Осы салаларды дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық болуға тиіс. Әсіресе, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн.
Мысалы, қазір технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материалдарға, яғни, сирек металдарға сұраныс күрт артып келеді. Қазақстанда мұндай жобаларды жүзеге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы. Осы артықшылықты тиімді пайдалануымыз керек, оны ел игілігіне жарату қажет», деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке жыл соңына дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын толық цифрландыруды тапсырды
Алайда инвесторлармен жұмыстың қазіргі тәсілдері сапалы инвестиция тартуға кедергі келтіріп отыр. Қағазбастылық әлі көп, бір міндет бірнеше органға қатар жүктелген.
«Инвестициялық штаб Роман Склярдың арқасында өз жұмысын жалпы тиімді атқарып отыр. Көп нәрсе бірінші басшыға байланысты. Олар инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіс. Жоба іске қосылғаннан кейін де инвесторға қолдау көрсете беру керек. Жұмыс барысына үнемі мониторинг жүргізіп, әкімшілік кедергілерге жол бермеу қажет. Мен инвестициялар мәселесімен айналысатын арнайы көмекшіні тағайындадым. Шетелдік немесе отандық инвесторлардың сұрақтары болса, Мұрат Нұртілеуге Focal point ретінде шағымдануға болады.
Ал халықаралық қаржы институттарымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – Президенттің кеңесшісі Әсет Ерғалиев байланыста болады. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды тәсілдің бірі – ұзақ мерзімге арналған офтейк-келісімшарттар жасау. Бірақ қазір елімізде мұндай келісімшарт жасаудың бірыңғай әрі түсінікті ережесі жоқ. Оның үстіне, мемлекеттік органдар селқостық танытуда. Соның салдарынан стратегиялық маңызы бар бірқатар инвестициялық жоба іске аспай жатыр.
Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне осы мәселені шешу үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық антифрод-орталығы 90 мың азаматты алаяқтардың арбауынан сақтап қалды