Алматыда жыл соңына дейін 20 жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министр Алматыдағы студенттік жатақханаларда қанша орын жетіспейтіні туралы айтты. Оның айтуынша, 2019 жылы ел бойынша жатақхана тапшылығы 82 мыңнан астам орынды құраған. Қазір орын жетіспеушілігі тек Алматы қаласында ғана сақталып отыр.
«Алматыда 5176 орын жетіспейді. Жыл соңына дейін 10 мың орынға арналған шамамен 20 жатақхананы пайдалануға береміз. Бізде мемлекеттік және жергілікті бюджет есебінен 10 мың орын салу жоспары болды. Сонымен қатар субсидиялау тетігі өзін жақсы көрсетті. Соңғы бес жылда осы механизмді пайдаланған жеке инвесторлардың көмегімен шамамен 60 мың орын мәселесін шештік», деді министр Үкіметтегі брифингте.
ҚазҰУ-да 5 жаңа жатақхананың құрылысы басталды
Министрдің сөзінше, жатақханаға қатысты талаптар қайта қаралған. Қазір министрлік жоғары оқу орындарынан студенттердің кемінде 80 пайызын орынмен қамтамасыз етуді талап етеді.
«Соңғы 3-4 жылда жатақхана мәселесі, студенттерді орналастырмау туралы шағымдар азайды. Қазір бұл жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Тамыз-қыркүйек айларына дайындық басталып кетті», деді министр.
Сәуір айының соңында Жоғары аудиторлық палата жоғары оқу орындары студенттеріне арналған тұрғын үй тапшылығы әлі де өзекті екенін мәлімдеген болатын. 2024-2025 оқу жылында жатақханадағы орын тапшылығы 10 мыңнан асқан.
Студенттерді еден жууға мәжбүрлеген: Түркістанда жатақхана қызметкерлері сөгіс алды