Премьер-министр Олжас Бектенов демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Олжас Бектеновтің айтуынша, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері әкімдіктермен бірге балалар мен жастар көп жиналатын орындарда патрульдеуді ұйымдастырып, мектеп бітіру іс-шаралары кезеңінде, балалар орталықтары мен сауықтыру ұйымдарына полиция қызметкерлерін бекітіп қоюы қажет.
«Балалар лагерьлерінің жетекшілерімен, нұсқаушылармен және тәрбиешілермен қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, демалушыларды эвакуациялау және құтқару бойынша жаттығулар өткізіңіздер», деді Премьер-министр.
Министр: Балалардың жазғы демалысы жаңа талаппен ұйымдастырылады
Олжас Бектенов демалыс кезінде жастарды заңсыз әрекетке тарту қаупі арта түсетінін атап өтті.
«Каникул кезінде жастарды заңсыз әрекетке тарту қаупі арта түседі. Кәмелетке толмағандарды қылмыс тұзағына тартатындарға бұлтартпас жаза қолдануды қамтамасыз ету қажет. Қоғам мен әлеуметтік желілердегі кез келген дабылға дереу жауап беру керек», деді Премьер-министр.
Еске салайық, балалар қауіпсіздігі үшін 7 мыңға жуық сайтқа шектеу қойылды.