– 2011 жылғы маусым айының аяғында Қазақстанның елордасы Астана қаласында Ислам Ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы болып өтті, онда Қазақстан Ұйымның Төрағасы болды. Сіз қазақстандық төрағалықтың негізгі ағымдағы қорытындыларын қалай бағалар едіңіз?
– 2011 жылғы маусымда Қазақстан ИЫҰ СІМК 38-ші сессиясының төрағалығын қабылдап алғаны белгілі. Он бес жыл бойы ИЫҰ-ға мүше бола отырып, Қазақстан Ұйымға мүше мемлекеттермен де, оның институттарымен де ынтымақтастықтың жоғары деңгейін орнатты. Мұны мойындап, ИЫҰ мемлекеттері бірауыздан Қазақстанды 2011-2012 жылдарға ИЫҰ СІМК 38-ші сессиясының төрағасы етіп сайлау жөнінде шешім қабылдады.
Өз төрағалығының басынан бастап, Қазақстан өз күш-жігерін ИЫҰ ішіндегі көп жоспарлы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Ұйымның мәртебесін халықаралық қатынастардың беделді қатысушысы ретінде сақтап тұруға шоғырландырды.
Жарғыны және ИЫҰ 10 жылдық іс-қимылдар жоспарын басшылыққа ала отырып, Ұйым демократияны, тиімді мемлекеттік басқаруды, заң үстемдігін, адам құқықтарын сақтауды ілгерілетумен, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетумен айналысуда. Қазақстанның төрағалығымен аталған үдерістер ИЫҰ кеңістігінде көзге көрінерлік деңгейде белсенді бола түсті. Мысалы, қазақстандық өкілдер Ұйымға мүше әртүрлі мемлекеттерде парламенттік және президенттік сайлаулардың мониторингін іске асырған ИЫҰ Бас хатшылығы делегацияларының құрамына енді.
Қазақстандық төрағалық Ұйымның басымдықтарын, бағдарламаларын және бастамаларын іске асыруға жәрдемдесетініне ИЫҰ-да берік сенім қалыптасты. Астана «Бейбітшілік, Ынтымақтастық және Даму» ұранымен табысты өтіп жатқан қазақстандық төрағалықтың басымдықтарына толық сәйкестікте, осы бағыттағы ИЫҰ күш-жігерін біріктіре отырып, барлық Ислам әлемінің дамуына елеулі үлес қосатынына күмән жоқ.
– Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы құрылғанына 40 жылдан астам уақыт өткен БҰҰ-дан кейінгі әлемдегі ең ірі халықаралық ұйым ретінде белгілі. Осы орайда Ұйымның әлемдегі алатын орны мен рөлі туралы айта кетсеңіз.
– Ең алдымен ИЫҰ бүкіл мұсылман әлемінің ұжымдық үн қатысуының көрінісі болып табылады және түрлі халықтар арасындағы қатынастардағы бейбішілік пен үйлесімділікті ілгерілету рухында осы әлемнің мүдделерін қорғауға ұмтылып отыр. ИЫҰ-ның қазіргі кездегі Жарғысы мүше мемлекеттер арасындағы пікірлестік пен ынтымақтастықты нығайтудан тұратын Ұйымның мақсаттары мен қағидаларын айқындайды. Ұйымның 40 жылдан астамғы тарихы ішінде оның мүшелерінің саны әуелдегі 25 елден бүгінде 57 мемлекетке дейін ұлғайды. ИЫҰ БҰҰ-мен және басқа да халықаралық, өңірлік және субөңірлік ұйымдармен сындарлы және мазмұнды қатынастар орнатты. Ұйымның Ислам әлемінің негізгі мүдделерін қорғау, мүше мемлекеттер арасындағы қақтығыстар мен қарсы тұруларды реттеу бойынша жұмысы басты басымдықтардың бірі болып табылады. ИЫҰ Исламның шынайы құндылықтарын қорғай отырып, барлық пішіндер мен көріністердегі мұсылмандарға қатысты кемсітушілікті жою бойынша қызметін жалғастыруда.
ХХІ ғасырда ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер көптеген сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Осы сын-қатерлерді еңсеру жолдарын қарастыру үшін 2005 жылғы желтоқсанда Меккеде Ұйымның үшінші төтенше саммиті шақырылып, оның қорытындылары бойынша, 10 жылдық іс-қимыл жоспары қабылданған болатын. Аталған жоспар ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты, төзімділік пен ұстамдылықты қамтамасыз етуді, ғылым мен технологияларды, білім беруді, сауда-саттықты қоса алғанда өмірдің барлық салаларында мазмұнды реформалар жүргізуді, Ислам әлеміндегі тиімді мемлекеттік басқаруды жүзеге асыра отырып, адам құқықтарын сақтауды көздейді.
– Сіз ИЫҰ-ның жоғарыда аталған жоспарларына қосымша олардың болашағы туралы не айтар едіңіз?
– Жоғарыда атап өткенімдей, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер басталған жүз жылдықта көптеген сын-қатерлерді кездестіруде және оларды еңсеру жолдарын дайындау үшін 2005 жылы Меккеде Ұйымның төтенше саммиті шақырылған-тұғын. Саммиттің қорытындылары бойынша мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимылдарын көздейтін ИЫҰ-ның 10 жылдық іс-қимылдар жоспары қабылданды.
ИЫҰ СІМК-нің Астанадағы 38-ші сессиясы Ұйымның Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясын құру туралы қарар қабылдады, ол ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі осы жағдайды бақылайтын болады. Жалпысында, аталған комиссияны құру мәселені ілгерілетудегі ірі қадам болып табылады. Сонымен қатар, төзімділік пен ұстамдылықты, ғылым мен технологияларды, білім беру мен сауда саттықты қоса алғандағы өмірдің барлық салаларында көлемді реформалар жүргізуге, Ислам әлемінде тиімді мемлекеттік басқару мен адам құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге қатысты нақты басымдықтар белгіленген. Осы орайда ана мен бала, аға ұрпақ құқықтарын қорғау, дәстүрлі исламдық отбасылық құндылықтарды сақтау, терроризм мен экстремизмге, дін беделін түсірудің кез келген көріністеріне, діни және мәдени төзімсіздік негізіндегі қорлауға және, әрине, исламофобияға қарсы күрес ИЫҰ қызметінің күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелер екенін айта кеткен орынды.
– Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ислам әлемінде, атап айтқанда, Таяу Шығыста және Солтүстік Африкада өріс алып отырған саяси оқиғаларды елеусіз қалдыра алмайтыны анық. Тунис, Ливия және Сирия сияқты елдердегі саяси жағдайды тұрақтандыруға ИЫҰ-ның қосатын үлесі қандай?
– ИЫҰ Жарғысы, Ұйымның 10 жылдық іс-қимылдар жоспары ИЫҰ-ның қызметі мен іс-әрекеттерінің негізі болып табылады. Мәселен, Ұйым басты құндылықтар мен қағидаларды басшылыққа ала отырып, мүше мемлекеттерде білімге негізделген қоғамдар құруға жәрдемдесіп, мемлекетті тиімді басқару, демократия қағидаларын ілгерілету, сондай-ақ әлеуметтік әділетсіздікті және халықты саяси басып-жаншу пішіндерін жою бойынша дәйекті жұмыс жүргізуде.
Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы саяси тұрақсыздықтың бастапқы кезеңінен, ИЫҰ қарсыласушы жақтарды үнқатысуға шақыра отырып, кикілжіңдерді бейбіт реттеуге үндеуде. ИЫҰ жетекшілігімен министрлік деңгейінде тұрақты өкілдердің және Атқарушы комитеттің төтенше кездесулері өткізілді. Мысалы, ИЫҰ Ливиядағы оқиғаларға алаңдаушылық білдірген алғашқы халықаралық ұйым болды.
Ресми мәлімдемелерді де уақытымен жасады, тұрақсыздық орын алған елдерде арнайы өкілдіктерінің жүйесін ашты. Сондай-ақ ИЫҰ қауіпсіздікті, тұрақтылықты, аумақтық тұтастықты және елдердің егемендігін сақтау, онда тұратын халықтардың заңды талаптарына тиісті жауап қайтару мақсатында «дәнекер дипломатия»әрекетін іске асыруда.
– ИЫҰ-дағы Қазақстан Төрағалығы біздің елде өте үлкен жетістік ретінде қабылдануда. Мұның ИЫҰ-ның әлемдегі танымалдығымен байланысты екендігі анық. Осыған байланысты, сіздің ойыңызша, Қазақстан мен ИЫҰ өзара ынтымақтастықтан қандай тиімділік көре алады?
– 1995 жылы Қазақстан ИЫҰ-ның толық мүшесі болды. Айналасы бес-алты жылда Қазақстан мен ИЫҰ Ұйым кеңістігінде ынтымақтастықты дамытуда жаңа кезең аша білді. Қазақстанның ИЫҰ-ға мүшелігі Қазақстанның Ұйымға мүше өзге де мемлекеттермен қарым-қатынасын нығайтуға айтарлықтай көмектесіп, Ислам әлеміндегі болып жатқан саяси және экономикалық үдерістерге қатысуына қолайлы жағдайлар туғызды.
ИЫҰ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты бірқатар қазақстандық халықаралық бастамаларға қолдау көрсетті. ИЫҰ Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасын байланыстырушы буын ретіндегі рөлін мойындай отырып, өркениетаралық және дінаралық үнқатысуларды ілгерілетудегі қызметін жоғары бағалауда.
Бұған қоса, ИЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесі ұдайы Қазақстан үшін аса өзекті Арал теңізі проблемаларын және бұрынғы Семей ядролық полигоны қызметінің салдарын еңсеруде халықаралық қатысудың маңыздылығын ерекше атап көрсететін қарар қабылдап келеді. Сондай-ақ Қазақстан үшін ИЫҰ-ның қаржы институттарымен, атап айтқанда, Ислам әлеміндегі ең ірі инвесторлардың бірі – Ислам Даму банкімен (ИДБ) ынтымақтастық өте маңызды. ИДБ-ның Қазақстандағы инвестициялық портфелінің жалпы көлемі 700 млн. АҚШ долларын құрайды. Қаржылық көмектен басқа, ИДБ институттары Қазақстанда Ислам банкингі қызметінің сипаты жөніндегі ағартушылық жұмыспен белсенді айналысады.
Қазақстан ИЫҰ-ның арнайы, субсидиарлық және аффилирленген институттарымен тығыз ынтымақтастық орнатты. Өзінің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін таныту мақсатында Қазақстан 2010 жылғы қазанда бірауыздан ИЫҰ-ның Экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комитетінің (COMCEC) Вице-төрағасы болып тағайындалды. Оның негізгі қызметі Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық өзара әрекеттесуді ілгерілету болып табылады. Бұл құрылым ИЫҰ кеңістігіне преференциалды сауда жүйесін енгізуге, мемлекеттердің тарифтік саясатын үндестіруге, индустриялды, қаржылық және банктік жүйені, сондай-ақ, туризм мен ауыл шаруашылығы салаларын қолдауға бағытталған ірі көлемдегі жобаларды іске асыру үдерісін бақылайды.
ИЫҰ сондай-ақ ИЫҰ-ның арнайы дайындалған Орталық Азиямен ынтымақтастық бағдарламасының іске асырылуын қадағалайды. Осы бағдарламаның көмегімен ИЫҰ инвестициялау, тауар айналымы көлемін ұлғайту, Орталық Азия мемлекеттері мен Ислам қоғамдастығының басқа да мүшелері үшін өзара мүддені білдіретін индустриялық жобаларды іске асыру шараларын жоспарлап отыр. Одан басқа, Қазақстан ИЫҰ-мен мәдени, білім беру және ғылыми-техникалық салаларда тығыз ынтымақтасуда.
Қазақстан мен ИЫҰ арасындағы соңғы жылдардағы ынтымақтастық өзара байланыстардың тиімді сипатын көрсетіп берді. Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалығы кезеңінде бұл қатынастардың одан әрі нығая түсетіні күмәнсіз.
Әңгімелескен Самат МҰСА.