Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дінаралық үнқатысудың халықаралық деңгейдегі бірегей алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтті. «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбымен ұйымдастырылған Съезге 42 елден 82 делегация қатысты. Олардың арасында діни көшбасшылар, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйымдар өкілдері болды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VI cъезінің ашылу рәсімінде түрлі ұлт өкілдерінен құралған хор халқымызға кеңінен таныс «Ақ көгершін» әнін орындады. Бұл ән алқалы жиынның басты бағдарын, міндетін айқындап бергендей болды.
Бұдан кейін Съезд жұмысын жүргізген Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды.
Мемлекет басшысы Съезд делегаттары алдында Қазақстанның осы шараны өткізу жөніндегі бастамасына қолдау көрсетіп, оған атсалысып келе жатқан дін көшбасшыларына, халықаралық ұйымдар өкілдеріне, саясаткерлер мен сарапшыларға зор ризашылығын білдірді.
– Алғашқы тарихи Съезден бері 15 жыл уақыт өтті. Бүгін біз алтыншы рет бас қосып отырмыз. Мен өткен жиындарға қатысқан ескі достарымызбен қайта қауышқаныма өте қуаныштымын. Астанаға алғаш рет келгендерге ризашылық білдіремін. Біздің елордамыз биыл өзінің жиырма жылдығын атап өтуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бітімгершілік, серіктестік, толерант-
тылық, жасампаздық идеяларын жаһандық деңгейде ілгерілету жолында Қазақстанның жұмсаған күш-жігері мен елорданың рөлі жөнінде айтты.
– Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бейнесі қалыптасуда. Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздіктің, жек көрушілік пен қақтығыстың иірімінен шыға алмай келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Басты мақсат – қауіпсіз әрі әділетті әлем қалыптастыру
Қазақстан Президенті геосаяси шиеленістің және санкциялық текетірестің өршіп келе жатқанына арнайы тоқталды.
– Елдердің, геосаяси блоктардың арасында жаңа дуалдар мен «темір перделі» кедергілер бой көтеруде. Бірақ ең қауіптісі, адамдардың ой-санасы мен жүректерінде бір-бірімен араздық сезімі күшейіп келеді. Көп күш-жігер ынтымақтастықтың негізін қалауға емес, бәсеке үшін сылтау іздеуге, халықтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын бірлескен жобаларға емес, бірін-бірі қырып-жоятын құрал жасауға бағытталып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлемде қалыптасқан жағдайдың адамзат үшін жағымсыз салдары болатынына назар аударды.
– Технологияның қарыштап дамуына, жалпыәлемдік байлықтың артуына қарамастан, әлеуметтік кеселдің ауқымы арта түсуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, жер шары халқының 14 пайызы аштықтың азабын тартып отыр. Жұмыссыздардың жалпы саны 190 миллион адамнан асты. Бұл радикализмнің өріс алуына негіз болатын әлеуметтік теңсіздікті күшейте түседі. Сондықтан қауіпсіз әрі әділетті әлем қалыптастыру негізгі мәселе болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы түрлі мәдениет, дін және мемлекет көшбасшылары арасында өзара сыйластық, сындарлы ынтымақтастық идеяларын нығайту ісіндегі Қазақстанның тәжірибесі жөнінде айтты.
– Қазақстанда 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни субъектілері тіркелген. Осыншама алуан түрлілікке қарамастан, біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білдік. Біз елімізде конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің көпшілік мойындаған ерекше қазақстандық моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан тәжірибесін әлемдік ауқымда да толық қолдануға болады деп сенемін, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев сенімнің жаһандық дағдарысын еңсеру үшін күш біріктірудің маңыздылығын атап өтіп, Съезге қатысушылардың бірлескен жұмысының жекелеген бағыттарына тоқталды.
– Ақпараттық қоғам дәуірінде біз бейбітшілік пен келісім идеясын жаһандық деңгейде ілгерілету үшін жаңа технологиялардың барлық артықшылығын пайдалануымыз қажет. Сол үшін Съезіміздің базасында Ақпараттық портал құру ұсынылып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыру жөнінде рухани көшбасшыларға ұсыныс білдірді.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ағартушылықты насихаттаудың маңызды екенін, білім алудың қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
– Білім мен ғылымға жаппай ұмтылмай, кедейшілік пен қайыршылықты жеңу мүмкін емес. Тек білім ғана радикализм идеяларының бүкіл көріністеріне қарсы орнықты иммунитет қалыптастырудың негізі болып саналады. Бұл тұрғыда діни білімнің де маңызы орасан зор. Қазір оның платформасын әртүрлі жалған діни ұйымдар белсенді пайдалануда. Сондықтан әлемдік және дәстүрлі діндер діни құндылықтарды саяси идеологемалардан ажырату жөніндегі жұмыстарды атқара алар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бәрін Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру үшін ұсынған іс-қимылдарын қолдауға шақырды.
– Қазақстан алдағы уақытта да бар күш-жігерін өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешуге жұмылдыра береді. Айтылған бастамаларды бірлесе жүзеге асыру үшін Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөнінде орталық құруға дайынмын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін берілетін съездің бірінші сыйлығын Ватикан Папасының кеңесіне табыстау жөнінде шешім қабылданғанын делегаттарға хабарлады.
Соңында Қазақстан Президенті съезд делегаттарының баршасының ашық та сындарлы диалог рухында табысты жұмыс істеуіне ниеттестік білдірді.
Бәріміздің мүддеміз – өркениетті қорғау
Келесі сөз кезегі Сербия Президенті Александр Вучичке берілді. Ол өзінің осы Съезд жұмысына қатысқанын үлкен мәртебе санайтынын айта келіп, бұл бірегей үнқатысу алаңының маңыздылығына тоқталды.
– Әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Осы орайда 2003 жылдан бері Қазақстан Прездентінің әлемдік дін басшыларының басын қосып келе жатқанын ерекше атап өтуге болады. Бұл үнқатысу алаңында барлық діни көшбасшылар өздерінің құнды идеяларын айтып келеді. Ислам діні, Православ діні, өзге де діндердің өкілдері бас қосқан осы жерде менің де қандай мүддем бар екенін айтқым келеді. Нақтырақ айтқанда, бәріміздің мүддеміз, міндетіміз – өркениетті сақтау, қорғау, – деді Александр Вучич.
Сербия Республикасының Президенті әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының халықаралық қоғамдастықтағы рөлі маңызды екенін, олардың адамзатты жамандықтан құтқарып, жақсылыққа бастайтынын, рухани құндылықтарды қорғап келе жатқанын сөз етті.
– Діни лидерлер қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі беделді тұлғалар. Сондықтан олардың айтқан идеялары, ілімдері рухани құндылықтарға негізделеді. Геосаясат өкілдерінің дін басшыларының сөздеріне құлақ аспайтын кездері кездесіп тұрады. Негізінде әлемдік дін жетекшілерінің идеясы халықаралық құқыққа негіз болып отырғанын айта кету керек. Әр адамның жеке басын сыйламайынша тұрақтылыққа қол жеткізе алмаймыз, – деді А.Вучич.
Алқалы жиында әл-Азхардың (Мысыр) Бас имамы Шейх Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб Съезді ұйымдастырған Қазақстан басшылығына ризашылығын білдіре отырып, осы диалог алаңының бүгінгі таңда аса қажет екенін атап көрсетті. Сондай-ақ ол терроризмнің туындауы мен таралуы тұрғысында өзінің ой-пікірін білдірді.
– Ойлап қарасаңыздар, терроризмнің күшеюіне, қарулануға, олардың бір шекарадан екіншісіне емін-еркін өтіп кетіп, тұтқиылдан шабуылдауына ислам әлемі мұрындық болып отыр деген түсінік күмән тудырады, – деді Шейх Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб. Оның айтуынша, терроризмнің мұсылмандарға –телінуі әділетсіздік.
Шейх Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб терроризм ешқандай ұлтқа да, дінге де бөлінбейтінін атап өтті.
– Терроризмді ешбір дін ойлап тапқан жоқ. Ол – халықаралық саясаттың адасып кеткен әділетсіз баласы іспетті. Ол ешкімді бала деп, үлкен деп бөлмей қатыгездігін жасай береді, – дейді Әл-Азхардың Бас имамы.
Өз сөзіне дәлел ретінде Шейх Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб бірнеше статистикалық мәлімет келтірді.
– Еуропадағы «экстремистік исламизм» деп атап кеткен құбылыстың статистикалық мәліметтеріне көз жүгірттім. Сирия мен Иракқа тартылған еуропалық жастардың көбі дін жолында болмағанын оқыдым. Ойлап қараңыз, статистикалық мәлімет бойынша Сирия мен Иракқа еуропалық 400 отбасыдан жастар кеткен. Олардың 40 пайызы діни сенімде болмаған. Яғни, олар – атеистер. Қалған 40 пайызы католицизмді ұстанса, 19 пайызы ғана мұсылман, 1 пайызы иудей болған. Осылайша бұл жерде мәселе ислам дініндегі жастарда немесе ислам жихадында емес екенін аңғара беріңіз. Бұл әділетсіздіктің белгісі. Қазіргі өркениетте діни құндылықтар мен нормалардың жоқтығы байқалады, – деді ол.
Қазақстан – бірегей мүмкіндік алаңы
Иерусалим қасиетті градының, бүкіл Палестина, Арабия, Сирия, Иордания қос жағалауының, Қасиетті Сион мен Галилея Канасының Аса киелі және Рақымды Патриархы Феофил ІІІ өз кезегінде Қазақстан тарапы қалыптастырған рухани үнқатысу алаңының маңыздылығын, діни қарым-қатынастарды жақсарту ісіндегі рөлі жоғары екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, дінаралық татулық, өзара келісім әлемдік бейбітшілікті нығайтуда ерекше мәнге ие.
Израильдің Бас сефард раввині Ицках Иосиф өз кезегінде:
Қазақстан Президентінің осыдан 15 жыл бұрын бастаған съезінің маңызы зор. Міне, Нұрсұлтан Назарбаев бәрімізді бір үстелдің басына жинап, бірегей мүмкіндік беріп отыр. Ендігі жауапкершілік бізде. Конструктивті диалогты жасай отырып, өзгеге үлгі бола білуіміз керек, – деді.
Папа Кеңесінің заңнамалық мәтіндерді түсіндіру жөніндегі құрметті төрағасы Кардинал Франциско Коккопальмерио Съезді ұйымдастырушы тарапқа және барша қатысушыларға жылы лебізін білдіре келіп, Съездің әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында атқарылып жатқан игі істердің жарқын көрінісі екенін атап өтті.
Орыс православие шіркеуінің епископы, Волоколам митрополиті, Орыс Православие шіркеуінің Мәскеу Патриархаты сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы Иларион өз сөзін 2003 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан Съезд әлемге танымал дін басшыларының басын қосып келе жатқанын және мұндай ізгі бастама үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтумен бастады.
Ол одан әрі Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кириллдің Съезд қатысушыларына құттықтауын оқып берді.
Ресей дінбасы өз хатында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі әлемде аса ірі және ерекше беделді алаңға айналғандығын, үш жыл сайын жоғары діни және қоғам қайраткерлерінің бас қосатындығын, Съезд дінаралық диалогты дамытуға мүмкіндік беретіндігін, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға ықпалын тигізетіндігін атап өткен. Одан әрі Ресей Патриархы діни көшбасшылардың бітімгершілік әлеуеті өте көп екендігіне тоқталған.
«Өкінішке қарай, экстремистер мен террористер көп жағдайларда дінге сенушілердің сенімін теріс пиғылда пайдаланып, жалған ұрандарды қолдану арқылы өздерінің әрекеттерін іске асыруда. Сонымен қатар түрлі діни сенімдегі адамдардың арасына арандатушылық жолымен іріткі салуда. Демек бүгін Астана төріне жиналған көшбасшылар лаңкестерге қарсы екенін білдіргені дұрыс», делінген Ресей дінбасының хатында.
Жастарды деструктивті ықпалдан құтқару керек
Ресей дінбасының хатын оқып берген Митрополит Иларионның өзі де әлемдегі діни қақтығыстардың алдын алу жолындағы пайымымен бөлісті.
Оның айтуынша, кей кездері әртүрлі сылтаулармен белгілі бір мемлекет екінші мемлекеттің ішкі ісіне араласа бастаған кезде, мұның соңы соғыс пен тәртіпсіздікке ұласады.
– Осындай жағдайлардан бүтіндей бір мемлекеттің экономикалық, академиялық және әлеуметтік инфрақұрылымының күлі көкке ұшады. Мұның арты білім ала алмау мәселесіне және жұмыссыздыққа әкеледі. Іс насырға шапқан соң келешекте ол ел террористерді дайындау ошағына айналуы мүмкін. Себебі экстремистік идеяны насихаттау арқылы адамды оңай ақша табу жолына еліктіру қиын емес. Біз террористердің аузынан қасиетті жазбалардың ішінен бөлініп алынған контексті жиі естиміз. Алайда зорлық-зомбылық кез келген діни оқуға қарсы екені айқын. Дін махаббатқа, жақсылыққа, бейбітшілікке шақырады. Террористер діни киіммен жүруі мүмкін. Бірақ бұл әрекет оларды сайтанның құлы болудан құтқармайды. Сондықтан жастарды радикалдардың деструктивті ықпалынан құтқару керек, – деді Митрополит Иларион.
Діни білімі мен білігі Ресейдің аясынан әлдеқашан асып түскен Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин көрші елдегі ықпалды тұлғалардың қатарына кіреді. Бүгінгі дін көшбасшыларының VI съезінде Р.Гайнутдин өзінің сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басын қосу арқылы әлемдік мәселенің түп-төркінін айқын біліп отыр деп мәлімдеді.
– Әлбетте, діни сенімі берік адамдарды зорлықпен сындыру мүмкін емес. Бірақ менің ойымша, зорлық-зомбылықтың бетін сенім тәжірибесімен қайтаруға әбден болады. Ол үшін ең алдымен адамдардың жүрегіне иман ұялауы керек. Бұл туралы он бесінші ғасырдың өзінде крест жорықтарына қарсы шыққан кардинал Николай Кузанский де айтып кеткен. Оның сенім мен бейбітшілік туралы трактаты әлемге деген сүйіспеншілікке толы, өзге діндердің өкілдеріне ашықтығы тамсандырады, – деді Равиль Гайнутдин.
Оның айтуынша, мәжбүрлеу мен зорлық-зомбылық сеніммен қабыспайды. Ал соғыс машинасының жетілуінің басты себебі – қаруландыруды арттыру, басқа салалардан гөрі әскери-өндірістік кешенге көбірек қаражат бөлу.
БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Насир Абдуләзиз әл-Насер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің дұғай сәлемі мен құттықтауын жеткізді.
Насир Абдуләзиз әл-Насер, сондай-ақ әлем діндері көшбасшыларының кездесуі өтіп жатқан Бейбітшілік пен келісім сарайының тек жай ғимараттық маңызынан бұрын жаңа мүмкіндіктердің, маңызды келісімдердің алаңы болып отырғандығын атап өтті.
– Бүгінде бірде-бір мемлекет діни көзқарасқа немесе басқа да мәселелерге байланысты шиеленістердің жоқ екендігін айта алмайды. Біз де белгілі бір топтардың діни ұйымдардың атын жамылып ойқастап жүргендігін көріп отырмыз. Оның үстіне діни сипаттағы қылмыстар әлемнің маңызды құндылықтарын аяқасты етті. Ал Қазақстанның осындай кесапатпен күресуге бағытталған игі шаралары – мадақтауға тұрарлық бастамалар. Сонымен қатар Қазақстанның терроризмге қарсы күреске қосып отырған үлесін, бейбітсүйгіштікке ұмтылуды насихаттайтын қадамдарын ерекше атап өткім келеді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшесі ретіндегі оң әрекеттерін әлемдік қоғамдастық жоғары бағалады, – деді ол.
Ал Дүниежүзілік буддистер қоғамдастығы президентінің орынбасары, Моңғолияның Дашичойлин монастрының басшысы Хамба лама Чойжилжавын Дамбажав өз сөзінде, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының дәстүрлі съезі әлемді құтқаруға мүдделі тараптардың басын қосып отырғанын, Қазақстанға осы мақсатта әрбір үш жыл сайын бас қосатындардың қатары көбейіп, саны арта түскенін, Қазақстан әлемге үн қата алатын, дауысын жеткізе алатын, дауласқандарды сабасына түсіре алатын қуатты мемлекет екенін жеткізді.
– Менің ойымша, Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, Семей полигонын жабуы – елдің бүгінгі бастамаларының бастауында тұр. Кейін Қазақстанның бұл бастамасына әлем қолдау білдіріп, ядролық сынақтардың зардабын тартқан халықтар қуана қол соқты. Көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан туының астына бірігіп, әлемді ядролық қарулардан тазалауға кірісіп кетті. Міне, сол уақыттарда Қазақстан нақты нәтижелі диалогтарды ұйымдастырудың шебері екендігін көрсете білді. Уақыт Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларының өміршең екендігіне көз жеткізіп отыр, – деді Дашичойлин монастрының басшысы.
Ал Дүниежүзілік ислам мазхабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы Аятолла Мохсен Мохаммади Аракидің сөзі жоғарыда айтылған пікірлерден алыс кеткен жоқ.
– Бүгінгі Съезді пайдалана отырып қазір Батыс пен Шығыстың соғыс өртін тоқтатарлық ықпалы бар арнайы үнқатысу комиссиясының құрылуын және оның құрамына дін өкілдерімен қатар, саяси басшылар және қарапайым халық өкілдерінің кіргендігін қалайтындығымды айтқым келеді, – деді Аятолла Мохсен Мохаммади Араки.
Өз кезегінде Израильдің Бас Ашкеназ раввині Давид Лау әлемде жантүршігерлік қылмыстардың көбейіп бара жатқандығын және біздің басты міндеттеріміздің бірі осындай келеңсіздіктермен күрес болуы керек деген пікірін білдірді. Оның айтуынша, әлемде ешбір дін зорлық-зомбылыққа жол бермейді. «Біз оның бер жағында жан-жануарды тәрбиелеп, үйретіп отырғанда өз қоғамымыздағы қылмыскерлерді түзей алмаймыз ба?» деді ол.
Ал Қытай даосистері қауымдастығының төрағасы Ли Гуанфу өз баяндамасын Даосизм ілімі өкілдерінің де халықаралық шарадан қалыс қалмағандығы үшін Қазақстан Президентіне алғысын білдіруден бастады. Шын мәнінде, Съезге келушілердің киімдері, жүріс-тұрыстары, амандасу ғұрыптары, сөйлеу мәнерлері бір-біріне мүлдем ұқсамайтын. Осыны аңғарған болса керек, Ли Гуанфу баяндама жасап тұрып ішкі қуанышын жасыра алмады. Жаһандану толқыны әлемнің мәдениетіне, тіліне, дәстүріне, дініне ықпал етіп отырғандығын айтты. Сонымен қатар әлемдік үдерістің оң жетістіктері болатындығын тілге тиек етті.
Дінаралық ынтымақтың өмірлік маңызы бар
Съезд барысында сөз алған қонақтардың бірі – Дүниежүзілік Лютеран Федерациясының Орталық және Шығыс Еуропа жөніндегі вице-президенті Архиепископ Урмас Вильма әрбір мәдениеттің өкіліне өз ұсынысын, көзқарасын білдіруге мүмкіндік бергендігі үшін Қазақстан тарапына алғысын айтып, өзі басқаратын ұйымның тарихы жайында айтып берді.
Съезде «Діндер бейбітшілік үшін» конференциясының Бас хатшысы Уильям Вендли діндер арасындағы ынтымақтастық мәселесінің өмірлік маңызы бар екенін атап өтті.
– Бұл мәселенің шешімін табуы біздің ұжымдық күш салуымызға байланысты. Өз тәжірибеме сүйене отырып айтар болсам, КСРО күйрегеннен кейін Югославия мемлекеті ыдырап, бұның арты өзара қақтығыстарға әкеп соқты. Бірақ ол кезде де, одан бері де әртүрлі конфессиялар мен дін түрлерінде ынтымақтасып, өзара қарым-қатынас орнату тетігі болған емес, – деді У.Вендли. Оның айтуынша, қазір әлем діндер арасында байланыс орнатудың ең алғашқы сатысында ғана тұр.
– Әлемдік саясаткерлер БҰҰ-ны мойындап, әртүрлі діни одақтар, үкіметтік комиссиялар құрып, серіктесудің амал-әдістерін іздестіруде. Әлемдік деңгейде діндер кең таралып, орын тепкен жерінде өз инфрақұрылымын құрған. Олардың тарихы тереңде. Міне, бүгін біз Астанаға осынау діни орталықтардың бәрі өзара байланыс орната алуы үшін жиналып отырмыз. Астанада біз барлық діни бірлестікті біріктіре алатын жаһандық инфрақұрылым құру жолында тұрмыз. Діни бірлестіктер қарым-қатынасын ретке келтіріп, ортақ моральдық қағидаттармен алмаса алатындай болуы керек. Дәл осы дін – мемлекеттерді бірлікке шақыра алатын нәзік күш деп айтуға болады, – деді У.Вендли.
Осылайша VI съездің жалпы отырысы аяқталған соң Мемлекет басшысы Бейбітшілік және келісім музейінің экспозицияларын аралап көрді.
Жалпы отырыс жұмысы түстен кейін де жалғасын тапты. Шара аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің биік мақсаттарын ілгерілетуге белсене қатысқаны үшін» бірқатар діни басшылар марапатталды.
Марапатты Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев табыс етті.
– Қазақстан Президентінің және халқымыздың атынан Сіздерді осы жиында қарсы алу біз үшін ерекше мәртебе. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астана съезінің идеялары мен бастамаларына тұрақты қолдау көрсетіп, оның жоғары басқарушы органы – Діни лидерлер кеңесінің жұмысына қатысып отырғандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін. Кеңестің жоғары және беделді құрамы өркениетаралық және дінаралық ынтымақтастықтың жаңа идеяларын ілгерілетіп, түпкі мақсаты қоғамдар мен мемлекеттердегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздейтін іс-шараларды іске асыру бағдарламаларын әзірлеуі қажет.
Тұтастай алғанда, дінаралық қатынастардың қарқынды дамуы Съезд және оның Кеңесі қызметінің басты жетістігі болып табылады. Форум дінаралық саммиттің негізгі қатысушыларының өзара пікір алмасудағы ерік-жігерін, олардың бір-біріне деген сенімі мен бірлесіп іс-қимыл жасау кезінде орын алатын мәселелерге қатысты ортақ көзқарасын қалыптастырады. Қоғам алдындағы игі қызметтеріңіздің арқасында рухани әлем мен діни дәстүрлер қалың жұртшылыққа кеңінен таралуда, – деді ол.
Съезд жұмысы бүгін жалғасын табады. Онда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Декларациясы қабылданады деп күтілуде.
Жолдыбай БАЗАР,
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»