Айналайын, алтын ўл!
Қазақстаннан үш дүркін әлем чемпионы шыққаны айдай әлемге жария болғанда бауырмал алаш жұрты Ильяны хан көтергендей қуанып, бөркін аспанға атып, мәз болды. Күш атасы Қажымұқан өскен ел батырлықты айрықша дәріптейтіні рас. Киелі Сыр бойының түлегі Еуропаның рухани астанасындай болған сері шаһар Парижге аттанғанда: «Алтын үшін бара жатырмын» деп ер жігітке лайық сөз айтып еді. Сол күнгі жарыс Ильяға оңай соққан жоқ. Ол жұлқа көтеруде 184 кило салмақты еңсерді. Бірақ бұл төрешілер назарынан тыс қалып, есепке алынған жоқ. Оның алдына орыс, украин және ирандық спортшы шығып кетті. Төртінші орынға табан тіреген жерлесіміз елдің жаппай көкейін тескен алтыннан құр қала ма деп үрей буғаны рас дейді бақылаушы топ. Серпе көтеруде біздің тарлан алдына жан салмады, ол украиналық Артем Ивановтан озық шықты. Артем Иванов 220 кило салмақты көтерген соң, тағы 10 килоға артық салмаққа тапсырыс берген. Илья Ильин 227 килолық зілтемірді басынан асыра ұстап тұрғанда алтынға бір қадам тақау қалғаны көңілге медеу ұялатты. Париж төріндегі байрақты бәсеке бәрімізді де бейжай қалдырмады. Ильяның көзінен сырғанаған қуаныштың көз жасы күллі қазақстандықтардың көңілін босатты. Сол сәтте Сырдың бойында ерке өскен ұлдың бұлаң мінезінен қазақы жылылықты, қазақы дархандықты, қазақы батырлықты көріп, «Айналайын, алыбым-ай!» деп егілдік бірге! Осы бір сезім жағымпаздардың аузында жатталып қалған татулықтан әлдеқайда биік, әлдеқайда ардақты екені айқын! Өйткені ол – Қазақ намысы! Кезінде Әміре, Қажымұқан, Мұстафалардың да намысын қоздатқан, Еуропаның төрінен қазақты танытқан да осы сезім, осы намыс емес пе еді... Жан сыздатқан жарақатты да елемеген алтындай ұлымызға, Лондонның төрінде де осы қуанышты тағы бір қайталатуға Алла амандығын берсін, деп тілейік енді!Ґрлеу жолына тїседі
Сан мыңдаған көрерменді үлкен стадиондарға жинап, миллиондаған жанкүйерлерді көгілдір телеэкранға телмірткен футбол бұл күндері спорттағы бекзат ойындарының қатарынан нық орын алып отыр. Желтоқсан айының 10 күні БҰҰ-ның шешімімен атап өтілетін бұл спорт түрінің шығу тарихына қатысты деректердің өзі де қызық. Миллиондаған адамға тек ойын ғана емес, өмір стиліне айналған футбол ойыны туралы алғашқы ескертпені тарихшылар біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтағы қытай деректерінен тапқан. Ол Цу Чю деп аталған, «аяқпен итеру» деген мағынаны білдіреді. Футбол ойыны қытай жауынгерлеріне дене формасын қалыпты сақтауға септігін тигізген. Ал кейбіреулер футболдың ізашары деп 8-ғасырда Англияда өмір сүрген саксондардың жабайы ойынын таниды. Олар ұрыстан кейін шайқас даласында дұшпанының шабылған басын тепкілеп ойнаған. Міне осындай қызықты тарихы бар, дегенмен елімізде кенжелеп келе жатқан футбол ойынының да біздер үшін айы оңынан туар күн де алыс сияқты. Өйткені қазіргі таңда Қазақстанда осы спорт түрінің ақсап тұрғаны шындық. Есте болса, әлемдегі танымал спорт түрі футболдың елімізде дамуына ерекше көңіл аударып келе жатқан Мемлекет басшысы 2007 жылы Бразилияға барған сапарында Бразилия Президентімен футбол ісін дамытудағы ынтымақтастыққа қол жеткізген еді. Осыған орай 2009 жылдың көктемінде футбол өнерінің қыр-сырын меңгеруге буыны қатая қоймаған 26 жасөспірім іріктеп алынып, осы спорт түрінің отаны саналатын Бразилия елінің «Оле Бразил Клаб» футбол академиясына тәлім алуға жіберілген-ді. «Оле Бразил Клаб» академиясында білім алған аз уақыттың ішінде қазақстандық футболшылар аталмыш елде өткен турнирлердің бірінде жеңіске қол жеткізіп те үлгерді. Жалпы үш жылдың ішінде 26 қазақстандық бала сегіз чемпионат және жеті халықаралық жарысқа қатысты. 166 ойын жүргізіп, олардың 122-сінде жеңіске жетті. Оқуларын тәмамдап елге оралған балғын футболшылардың 15-і Қазақстан чемпионатының бірінші лига командалары арасында ойнайтын «Астана-64» футбол клубымен келісім-шарттарға қол қойды. Айтпақшы, ағымдағы жылдың шілдесінде Латын Америкасының бірқатар еліне жасаған сапарлаған ҚР СІМ жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Бразилия сыртқы байланыс министрінің орынбасары Хадил да Роча Вианнамен келіссөздер жүргізген болатын. Кездесу барысында екі елдің спорт саласындағы ынтымақтастығының оң қарқын алып келе жатқандығын атап өткен Хадил да Роча Вианна Бразилия бұған дейін қолға алынған қазақстандық жас футболшыларды оқыту тәжірибесін кеңейтуге дайын екендігін қуаттаған болатын. Осы спорт саласында қатысты тағы бір жағымды жаңалық бар. Таяуда «PRO» лицензиясын алған 11 қазақстандық футбол жаттықтырушысының есімі белгілі болды. Міне, осылайша шетелден тәлім-тәрбие алған спортшыларымыздың, тіпті қарт құрлықтың азулы командаларын дайындауға да зор әлеуеті бар жаттықтырушылармыздың арқасында қазақ футболы алдағы уақытта өрлеу жолына түседі деп айтуға толық негіз бар сияқты.Спорт
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, еліміз бойынша 150 спорт түрімен халықтың 2,5 миллионнан астамы шұғылданатын көрінеді. Биылғы жылы осы спорт түрлері ішіндегі олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттарынан Қазақстан 16 алтын медальға ие болды. Ал, Олимпиада ойындары бағдарламасына кіретін спорт түрлеріндегі әлем чемпионаттарынан 6 алтын алдық. Саламатты өмір салтын дамыту мен бұқаралық спорт түрлері бойынша, елімізде 40 шақты жаңа спорттық кешен салынған. Былтырғымен салыстырғанда күнделікті спортпен шұғылданатын адамдар саны 5000-ға көбейіпті. Осы салада істейтін дене шынықтыру мұғалімдері мен жаттықтырушылардың да саны өскен. Қазір олардың саны 36 мыңға жетіп отыр. Бұлардың 86,1 пайызы – жоғары білімді мамандар. Биылғы жылдың тағы бір өзіндік жаңалығы елімізде шетелдердегідей спорттық клубтар ашылуы болды. Осы үрдістің өрісін кеңейтуге еліміздің Спорт комитеті барынша мұрындық болуда. Әзірге 1351 спорт клубы ашылып, осы клубтарда жаттығатын тұрғындар саны 200 мыңға жетіп қалған. ҚР Білім және ғылым министрлігі мамандары мен Спорт комитетінің бірлескен іс-шаралары нәтижесінде жасөспірімдерді спортқа тарту мақсатында 23 мыңдай спорт секцияларының жұмысы жолға қойылған. Дәлірек айтқанда республикада 2 миллион 500 мыңға жуық мектеп жасындағы оқушы-балалар болса, солардың 20,5 пайызы спорт секцияларынан дәріс алады. Спорт мектептерінің де саны көбейді. Бүгінгі таңда олардың саны 725-ке жетті. Елімізде 232 мың жас спортшы осындай мектептерден тәлім алады. Олимпиада ізбасарларын дайындау мәселесі де жетілдіріліп келеді. Қазір біздің елде олимпиадалық резерв санатындағы 15 орталық бар.Осы орталықтарда дәріс алатын дарынды спортшы-балалардың саны 3,5 мыңға жетті. Олардың төртеуі – республикалық деңгейдегі олимпиадалық орталық. 1996 жылдан бері Үкіметтің қаулысымен Президенттік сынамалар өткізіліп келеді. Биыл 15 сәуірден бастап, 15 мамырға дейін Президенттік сынамалар тапсыру жөнінен бір ай бойы сынақ өткізілген. Бұл тұрғыда 1 000 947 адам сынақ тапсырған. Әрине, кейбір спорт түрлерінде өзекті өртер сәтсіздіктер болды. Жоғарыда көзделген қуанышты сәттер мен жаңалықтардан басқа, бокстан, еркін және грек-рим күресінен әлем чемпионаттарында алтын медаль ала алмаған өкінішіміз де бар. Әйтсе де, биылғы жылдың ең тамаша жетістігі ретінде дзюдодан тұңғыш рет әлем чемпионы шыққандығын қуана айтуға болады. Ескі жылдың өкініштері мен қуаныштары тең түсіп жатады кейде... Бәлкім, оның өзі де өмір болған соң, заңдылық болар. Иә, келесі жылға саламатты көңіл күймен және жеңісті күндердің үкілі үмітімен қадам баса берейік!Бейбітгүл ТОҚАБАЕВА.
АСТАНА.