Тәуелсіздік алуымызбен тарихымызды таныдық. Шығармалары зынданға түскендей болған арыстарымыздың ақтаңдақ беттері ашылды. Тарихымыз қайта жазыла бастады. Әсіресе, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғаны жүрегі қазақ деп соғатын әр адамды қуанта алғаны даусыз. Әр өңір, әр кәсіпорын іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге талпыныс танытуын ана тілімізге құрмет деп түсінген жөн. Мұның бәріне тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілдің аясын кеңейтудің қажеттілігін ұдайы айтып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деуінің астарында жас ұрпақтың ана тілін еркін меңгеруіне өнеге болсын деген жанашырлық барын байқаймыз. Үлкендер өнеге көрсетпей, мемлекеттік тілдің көсегесі көгермейтінін аға буынның түсінгені қажет. Өйткені, тәуелсіздіктің арқасында ғана ана тіліміздің абыройын асқақтата алдық. Тек тіліміздің беделін көтеріп қана қоймай, ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді дамытудың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асырдық. Осы бағдарламаның аясында ұлттық жауһарларымызды шетелдің үлкен сахналарына шығарып, Қазақстанның тек мұнай мен газ секілді табиғи байлыққа емес, өнері де, мәдениеті де бай ел екенін танытуға жол ашылды.
Тегінде қай ел болса да, тек экономикасымен ғана әлеуетті бола алмайды. Өркениетті дамуға ұмтылған ел ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, мәдениетін де, ғылымын да өркендетуге бет бұрады. Осы тұрғыдан айтқанда, Елбасының Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық салтанатында ғылымды дамытудың, соның ішінде, инновациялық жобаларды жасаудың қажеттілігін көтеруі өте орынды. Өйткені, экономиканың қай саласы да инновациясыз өркен жаймайды. Қазір жаһандану дәуірінде ғылымы қарқынды дамыған, әсіресе, мықты инновациялық жобалары бар елдер ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Міне, осы себептен Елбасы «Жүз инновация» бағдарламасын жасақтауды Үкіметке тапсырды. Демек, еліміздің әлеуетті ғалымдары мен озық ойлы жастарына инновациялық жобаларын іске асыруға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Осы жоба арқылы отандық ғылымды дамытуға жастардың ынтасы оянып, белсенділігі артуы тиіс деп ойлаймын.
Жалпы, елімізде «Жүз инновация» бағдарламасының іске асырылатыны елдік мүддеден туындағаны анық. Мұндай жоба өзге елдерде іске асырылып жатыр дегенді әлі естіген жоқпыз. Ендеше, тәуелсіз Қазақстанымыз әлемде ең көп инновациялық жобаларды іске асыруды көздеген алғашқы ел болғалы отыр. Бұл баршамызды жігерлендіруі тиіс. Сонымен бірге, Қазақстанның әлемдегі мәртебесін бұрынғыдан айшықтай түсетін, тәуелсіздігіміздің баяндылығын тұғырландыра түсетін ең үлкен бағдарлама болмақ.
Әбілхан ТӨЛЕУІШЕВ, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы.
Атырау облысы.