ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛЕУМЕТТІК САЛАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТУ АЯСЫ КЕҢЕЙЕ ТҮСУДЕ
Бұрын да бірнеше рет айтқанымдай, әділ әлеуметтік қорғау, білім беру мен денсаулық сақтаудың әділ жүйесі, әділ жастар және тұрғын үй саясаты – қазақстандық дамудың жаңа күн тәртібінің мәселелері, міне, осылар. Сондықтан Қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың нақты стратегиясын әзірлеу қажет. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. _____________________«АЙНАЛАЙЫННЫҢ» БАЛАЛАРЫ АЯЛЫ АЛАҚАНДА
Талдықорған қаласындағы «Айналайын» атты үлкен шаңырақтың іргесі қаланғанына 15 жыл болыпты. Бұл «отбасында» әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық жарасым тауып, қазіргі кезде 230 түлек қанаттары қатайып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, білім алса, 119 бала балалар үйіндегі тәрбиешілердің аялы алақанын сезінуде. «Айналайын» деген құдіретті сөздің тек жылы жүректен, ыстық көңілден шығатыны белгілі. «Адам қандай сөзді пиғылымен айтса, соншама қуат үйіріледі» дейді халық даналығында. Жылылық, қайырымдылық пен мейірімділік шаңырағының астына біріктіруді мұрат еткен, көңілі жетім, тағдыр тәлкегіне бұғанасы қатпай жатып ұшыраған балаларға арналған үйдің «Айналайын» деп аталуының мәні осында екенін түсінесіз. Бала көңілі – шыныдай мөлдір. Абайламасаң шытынатып аласың. Ал, ата-анасыз баланы тәрбиелеу үлкен шеберлікті, төзімділікті қажет етеді. «Айналайын» балалар үйінің директоры Жамал Қасымбекқызы Баймадиевамен пікірлескенде оның өз ісіне деген ерекше ықыласы байқалды. Баланы бақытты ету үшін аналық махаббатыңды арнап, өмірге бейімдеу мен дайындау, уақыт талабына икемдеу көп ізденістерді талап етеді, деді ол ағынан жарылып. Осы міндет тұрғысында педагогикалық ұжым «Жүректен-жүрекке» атты тәрбие жұмысын жүйелі басшылыққа алған. Мақсат денсаулыққа қамқорлық, тәрбиелеу-үйірмелер, клубтар, лагерь, балалардың өзін-өзі басқару, оқыту, олимпиада, қосымша оқыту, оқу-өндірістік комбинаты мен пән үйірмелері, педагогикалық кеңес, әдістемелік бірлестік, «Жас тәрбиеші» мектебі, психологиялық-педагогикалық диагностика, директор жанындағы отырыстар, басқа түйінді мәселелері қамтылады екен. Осы жұмыстарды орындай отырып, баланың жағымсыз қасиеттерден өзін-өзі аулақ ұстауына қол жеткізілгенін де Ж.Қасымбекқызы әңгімесінің түйініне айналдырды. Сондай-ақ, нарықтық қатынас жағдайына әлеуметтік бейімдеу, оқуға қызығушылығын, білім сапасын арттыру, еңбекке тарту және кәсіби бағдарлау мен ұлттық салт-дәстүр, ізгілікті тәрбие, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыруға назар аударып, әр жеткіншектің өз пікірін қалыптастыруына ерекше қамқорлық жасалатынын ұғындық. Жұмыстың бір бағыты – бала денсаулығы. Жыл сайын балаларға тереңдетілген дәрігерлік көмек көрсетіледі. Тәжірибеден байқалғаны отбасынан тыс тәрбиеленетін балалардың көпшілігінде әртүрлі жүйке аурулары кездеседі екен. Бала жаны тез жарақаттанып, тез айығатынын ескерсек, дұрыс ұйымдастырылған күн тәртібі, үлкендердің қамқорлығы, екі арадағы жылы қарым-қатынас, тамақтану баланың тез сауығуына ықпал жасайтын қажеттіліктер болып табылады. Қазақ халқының ән-күйі, өнері балалар тұрмысынан берік орын алып, сенімді серігіне айналған. Балаларды музыка терапия арқылы тәрбиелеудің маңыздылығы басым. Осы бағытта жеткен жетістіктер айтарлықтай. Балалар үйінің домбырашылар, хор, би ансамбльдері қалалық, облыстық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздары. Бүлдіршіндердің өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатындағы жұмыстар жүйелене түсуде. Облыстық балалар ассамблеясының «Достық әуендері» фестивалі әрдайым жарыс жеңімпазы болса, облыстық «Талдықорған шұғыласы» жас таланттар байқауында орындаушылық шеберлігі үшін Әлібек Ақылбеков дипломмен марапатталған. Республикалық «Өмірімді өнерге арнаймын» атты балалардың шығармашылық байқауында да олар жеңіске жетіпті. «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша Мария Щелчкова, Ұлан Қожахметов бірінші және екінші орындарды өзара бөлісіпті. Өткен жылы облыстық «Таңшолпан» ән байқауында бас жүлдеге ие болған балалар, республикалық «Таңшолпан» ән байқауында арнайы дипломға тағы да ие болғаны балғындардың өнерге деген асқақ сезімінің дәлеліндей. Ағымдағы жылы өткен облыстық «Жетісу өрнегі» би байқауында «Айналайын» үлгілі халықтық би ансамблі І орын, Станислав Чернов «Ең үздік биші» атағына ие болып, тәрбиешілердің сан қырлы жұмысының нәтижесін көрсетті. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізген «Өнерім-өмірім» атты вокальды-хореографиялық байқауда тағы да бас жүлде алған өнерпаздардың еңбегін ән мен биді, тәтті күйді сүюі, жаны сұлу, жүрегі нәзік, әсемдікке құштар, өмірді құлай сүйетін адам болып шығуының алғашқы баспалдағы, жемісі деген жөн. Балалар үйі жанында ашылған «Пана» және «Сезам» қуыршақ театрларының өнерпаздары көптеген көрермендердің алғысына бөленіп жүр. Сондай-ақ, отбасынан тыс ғұмыр кешкен балаларды еңбекке баулу, тәрбиелеудің бір тармағы үй тұрмысының шаруашылығына «Алтын қасық», «Алтын ине» үйірмелеріндегі ұлттық тамақ түрлерін жасау мен іс тігу, қолөнердің айшықты әдіс-тәсілдерін үйретуге баулиды. Қоғамда еңбек ету арқылы адамның өмірге дағдылануы қалыптасады. Ал, еңбектің қарапайым түрінен күрделі түріне көшу жолында оның ойлау қабілеттері одан әрі дамып, жетіле түсетінін айналайындықтар сезінгендей. Ал өз бойындағы табиғи қабілетін дамыту, сол жолда тынымсыз еңбектену әр адамның өзіне байланысты. Тәрбиеленушілердің басты еңбегі жақсы оқу, сапалы білім алу екенін сезінуіне мұнда барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда көңілімізді күн шуағындай жылытатын оқиғалар, өзгерістер, жағдайлар баршылық. Халқымызда «Жыртық үйдің құдайы бар» деген нақыл сөз бар. «Айналайын» үйі қалталылардың қайырымы түсетін шаңырақ. Бірін-бірі толықтырып, барымен бөлісуге балалардың жоғын толтыруға асығатындар мұнда жиі атбасын бұрады. Жабырқаған жанарларға күлкі үйіріліп, олар базарлыққа кенеледі. Бұған дейін облыс әкімі болған Серік Үмбетов тәрбиеленушілерге пәтер бөліп, жан-жақты көмек көрсеткенін айту парыз. Облыс әкімі Анзар Мұсаханов жұмысын «Айналайын» балалар үйінен бастады. Тәрбиеленушілерге киім-кешек, спорттық құрал-жабдық, бөлмелерге кілем, тағы басқа қажеттіліктер бөлген, балалармен әңгімелесіп, олардың арман-мақсатын білген әкімнің бұл бастамасы жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр. Жаңажылдық Президент шыршасында тағы да бүлдіршіндер әкімдік тарапынан сыйлыққа кенелді. Жеке кәсіпкерлер де балдырғандарды қуантты. Жылы, жарық бөлмелерде балаға қажетті заттар орналастырылып, компьютер, саламатты өмір салтын қалыптастыруға байланысты спорттық құрал-жабдық пен барлық жағдай жасалған. Жыл сайын «Үздік интернаттық мекеме» байқауының бас жүлдесін жеңіп алатын ұжым мүшелеріне тек табыс тілейміз. «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген екен бабалар өсиеті. Дұрыс әрі тауып айтылған тәмсіл. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.