Елді елеңдетіп отырған Жаңаөзен қаласы тұрғындарының жағдайы бір қалыпқа түсіп келеді. Оған Маңғыстауға жұмыс сапарымен арнайы келіп орын алған келеңсіздіктерді өз көзімен көріп, халықпен әңгімелесіп елді сабырға, бірлікке шақырған Елбасының нақты тапсырмалары өз жемісін бере бастады деуге болады. Бұл ретте Ө.Шөкеев басқарған Үкіметтік комиссияның Жаңаөзеннің ғана емес, аймақ адамдарының көңіл-күйлерін білуі, өтініш-талаптарына орай «Қаражанбас» кен орнына барып жұмысшыларымен кездесуі, Ақтауға келіп жұмыстан босап қалған мұнайшылармен ашық әңгімелесулері барысында әрбір адамның арызы мұқият тексеріліп, әділетті шешім алатындығы айтылды. Жаңаөзендегі жұртшылықпен жүздесудегі облыс басшысы Б.Мұхаметжановтың жанашырлықпен жеткізген азаматтық сөздері халықты бірлікке, түсіністікке, сабырға шақыра түсті. Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасымен 22 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласындағы оқиғаларға байланысты азаматтардың талап-тілектерін қабылдап, сараптайтын тәуелсіз қоғамдық комиссия құрылды. Оның төрағалығына белгілі қоғам қайраткері, облыс әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Озғанбаев бекітілді. Бұл комиссия бір апта ішінде түйткілді деген біраз мәселенің анық-қанығына үңілді. Атап айтсақ, тәртіпсіздікке орай ұсталғандар жәбір көреді немесе жайсыз орындарға орналасты, ас-су тапшы екен деген сияқты алып-қашпа сөздерге орай комиссия мүшелері уақытша ұстау орындарында болды. Қамауда отырғандармен кездесті. Оның бәрі де арандатушы сөздер екендігіне көз жеткізді. Балалары, ағайын-тумалары із-түссіз кетті, деген әңгімелер де бос сөз болды. Оның бәрі халыққа теледидар арқылы көрсетілді, айтылды. Аталмыш комиссия бұл күндері облыста жұмыс жасаудағы бас прокуратураның тергеу тобының басшысымен Жаңаөзен қаласының комендатымен жиі кездесіп, бірлесе жұмыс істеуде, дейді Өмірзақ Өзғанбаев.
Үкіметтік комиссия мүшелеріне түскен маңызды сауал қайғылы оқиға кезінде қыруар шығынға ұшырағандарға қандай көмек болады деген мәселе еді. Комиссия төрағасы Ө.Шөкеев әрбір жеке тұлға, кәсіпкердің шеккен зияны анық есептеліп, анықталса банктер жеңілдетілген несиелер беруді қолға алатындығын айтқан. Осы аптада Халық банкінің сол уәжге байланысты жеке тұлғалармен жұмысты бастауға әзір екендіктері белгілі болды. Сондай-ақ, өткен мақаламызда қаза болғандардың отбасына 1 миллион, ауыр жарақат алғандарға 500 мың теңге көлемінде көмек берілетіндігін айтқанбыз. Ол көмек қоғамдық қор есебінен екендігі айтылған. Ол қорға ірі кәсіпорындармен қатар жеке азаматтар да қаржы аударуда екендігін айтқымыз келеді.
Оның реквизиттері:
«Демеу» жеке қоры, РНН 430100272091, АО «Народный Банк Казахстана» БИК HSBKKZKX, БИН 100340008680, Кбе 18
№KZ 11601023100052615
Үкіметтік комиссия жұмыстан шығарылған мұнайшылармен кездесулер кезінде облыста екі кәсіпорын 2012 жылдың 15 қаңтарына дейін құрылатындығын хабарлап, арыздарды қабылдау қаңтардың соңына дейін ғана жүргізілетіндігін қаперге берді. Соған орай ол жерлерге арыз берушілер саны өскені байқалады.
Қазіргі уақытта «Қаражанбасмұнай» АҚ-қа және «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалына жұмысқа орналастыру жөнінде 400-ден астам адам өтініш білдіріпті. Бұл алдыңғы күндерден үш есе көп. Сондай-ақ, қаладағы бүлінген нысандарды қалпына келтіруге жұмыс жасауға тілек білдірушілер қатары да алдыңғы күндердегіден 1,5 есе көбейіп отырғаны белгілі болды. «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының ұжымы түгелдей жұмысқа шықты. Мұның бәрі Жаңаөзен оң өзгерістерге бет алды деген сөз. Қала коменданты штабының мәліметі бойынша соңғы тәулікте төтенше жағдай тәртібін бұзу, қылмыс жасау фактілері тіркелмепті. Қалада халық тұтынатын тауарлар молая түскен. Азық-түлік бағасы да бір деңгейде, қоғамдық көлік пен қалааралық байланыста іркіліс байқалмайды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Маңғыстау облысы.