Қазақстандықтар Мемлекет басшысының Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзіне үн қосады
* * *
АҚСАҚАЛДАР АЛҒЫС АЙТАДЫ
Біздің қоғамдық ұйым осыдан бірер жыл бұрын ғана құрылған еді. Оған төмендегідей жағдай себеп болды. Яғни, сонау тоқсаныншы жылдардағы қиындық кезінде ауыл тұрғындарының қалаға қарай ағылып көшіп келгені белгілі. Соның ішінде кезінде ауылда түрлі қызмет атқарып зейнетке шыққан ардагер ақсақалдар да көп болды. Ал қалаға келген соң өзімізді ешкімге керексіз сезіндік. Сонсоң қоғамнан тысқары қалғанды жөн көрмей «Ақылдастар» деген атпен ауыл ардагерлерінің бірлестігін құрған едік.
Бүгінде заңды түрде тіркелген қоғамдық бірлестігіміздің 120-дан астам тұрақты мүшесі бар. Бір сөзбен айтқанда, қалаға өңіріміздің барлық жерінен келген ардагерлер қамтылған. Қала, ел өміріндегі оқиғалардан сырт қалып отырған жоқпыз. Жас ұрпақты отансүйгіштік сезімге баулу, ұлттар арасында достық пен бірлікке дәнекер болу, халқымыздың салт-дәстүрін насихаттау, мемлекеттік тілді дамытуға қолымыздан келгенше жәрдемдесу және тағы басқа мәселелер басты назарымызда. Соны ескерген болар, қалалық әкімдік бірлестікті қызмет кабинетімен қамтамасыз етті. Оның сыртында бірлестіктің 12 белсенді мүшесі мерекелік медальмен марапатталды. Соның бәрі қосыла келгенде көңілімізді көтеріп, өмірге құштарлығымызды арттыра түсуде.
Оның үстіне ел өміріндегі оңды өзгеріс-жаңалықтар жігерімізге жігер қосуда. Оңды өзгеріс демекші, соның нәтижесінде зейнетақымыз жыл сайын көтеріле түсіп келеді. Елбасымыз Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай салтанатты жиында жасаған баяндамасында сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында зейнетақы мөлшері небәрі 29 доллар құрағаны туралы айта келіп, қазіргі оңды өзгерістер туралы да айтты.
Міне, енді, жаңа жылдан зейнетақы мөлшері тағы да тоғыз пайызға артып отыр. Сол үшін ақсақалдар Елбасына ақ алғыстарын айтады. Мынадай әлемдік дағдарыс кезінде қарттарға ұдайы қамқорлық танытып келе жатқан мемлекеттер көп емес. Соның бірі біздің ел екендігіне көңілің марқаяды. Сондықтан тәубемізді ұмытпайық, ағайын деймін!
Сағындық БЕЙСЕНБАЕВ, «Ақылдастар» ауыл ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
СЕМЕЙ.