• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Ақпан, 2026

Ел азаматтарының құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейі қандай?

30 рет
көрсетілді

Қазақстанда қылмысқа куә болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінбейтіндердің үлесі артып келеді. Егер 2024 жылдың қазан-қараша айларында мұндай жауапты 8,5% респондент айтса, 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 11,4%-ға дейін өскен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл деректер Ұлттық статистика бюросының «Халықтың құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне сенім деңгейі» атты соңғы сауалнамасында келтірілген. Зерттеу 2025 жылғы қазан-қараша айларында жүргізіліп, оған 15 пен 80 жас аралығындағы 18 мың  адам қатысқан.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, соңғы бір жылда құқық қорғау органдарына мүлде жүгінбеген азаматтардың үлесі 64,3%-дан 63,7%-ға дейін аздап қысқарған. Алайда негізгі органдарға жүгінушілер саны керісінше төмендеген:

Полицияға жүгінгендер – 19,5%-дан 18,1%-ға азайды; Прокуратураға жүгінгендер – 5,3%-дан 4,9%-ға төмендеді.

Ал өтініш саны артқан құрылымдар:

Өртке қарсы қызмет – 3,6%-дан 5,4%-ға; Сот органдары – 6,1%-дан 6,4%-ға; Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет – 0,6%-дан 0,8%-ға өсті.

Экономикалық тергеп-тексеру қызметіне жүгінгендер үлесі өзгеріссіз қалып, 0,5% болды.

Сауалнама: Ел азаматтарының 80%-ы Конституциялық реформаны қолдайды

Әйелдер мен ауыл тұрғындары сирек жүгінеді

Құқық қорғау органдарына жүгінбегендер арасында әйелдер үлесі ерлерге қарағанда жоғары: тиісінше 65,8% және 61,6%. Әйелдер тек сот жүйесіне жүгінуде ғана ерлерден сәл алда (6,7% қарсы 6,2%).

Қала мен ауыл тұрғындары арасында да айырмашылық бар. Қалалықтар ауыл тұрғындарына қарағанда құқық қорғау органдарына жиі жүгінеді. Әсіресе бұл айырмашылық полицияға жүгіну кезінде айқын байқалады:

Қалада – 19,8%; Ауылда – 14,9%.

Сонымен бірге ауыл тұрғындарының үштен екісінен астамы, ал қала тұрғындарының 60,7%-ы мүлде құқық қорғау органдарына жүгінбеген.

Неге азаматтар шағымданбайды?

Қылмысқа куә болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінбейтіндердің негізгі себептері мыналар:

Жария болудан қорқу – 36,5%; Уақыт жоғалту және қағазбастылық – 33,8%; Оң нәтиже болатынына сенімсіздік – 13,5%; Құқық қорғау органдары қалай көмектесетінін білмеу – 12,2%; Жемқорлықтан қауіптену – 3,9%.

Айта кетерлігі, соңғы бір жылда жария болудан қорқу мен бюрократиялық кедергілерді алға тартқандардың үлесі артқан, ал сенімсіздік, ақпараттың жеткіліксіздігі және жемқорлықты себеп еткендердің үлесі керісінше азайған.

Сауалнама: Қазақстан халқының 77 пайызы Президентке жоғары деңгейде сенім білдірді

Қай қызметке сенім жоғары?

Сенім деңгейіне келсек, халық арасында ең жоғары сенімге ие орган − өртке қарсы қызмет. Оған толық немесе ішінара сенетіндердің үлесі 81,8%-ды құрайды. Одан кейін прокуратура (66,2%) мен полиция (65,3%) тұр. Сот жүйесіне толық сенетіндер үлесі – 63,2%, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке – 51,2%, ал экономикалық тергеу қызметіне – 47,2%.

Осы деректер ел азаматтарының құқық қорғау органдарына деген жалпы сенімі сақталғанымен, қылмыс жағдайында бірлесе әрекет етуге деген белсенділіктің төмендеп келе жатқанын аңғартады.

Соңғы жаңалықтар