Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы бойындағы Highvill мен Grand Astana тұрғын үй кешендерінің маңындағы қиылыста жаңа белгі қойылғаннан кейін кептеліс көбейіп, айыппұлдар жиілеп отыр, деп жазады Egemen.kz.
«Қазір белгі өзгерді – солға бұрылуға тек бір жолақ қана қарастырылған. Соның салдарынан жолда қауіпті жағдайлар туындап жатыр», делінген жазбада.
Бір билетпен екі адам өтуге болмайды: LRT басшылығы жолаушыларға ескерту жасады
Олардың айтуынша, аталған аумақта полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, ереже бұзған жүргізушілерге хаттама толтырып жатыр.
Қала тұрғындары жаңа қозғалыс сызбасы жағдайды жеңілдетудің орнына қиындатып жібергенін айтады. Олардың сөзінше, Тәуелсіздікке бұрылатын бір жолақ таңғы уақытта көлік ағынын өткізуге жеткіліксіз.
Сонымен қатар тұрғындар «Городской романс» шағын ауданынан келетін көлік легі мен Нәжімеденов көшесі жағындағы өзгерістердің де жағдайды ушықтырғанын алға тартты. Аталған бағытта Әзірет Сұлтан мешітіне қарай тікелей бұрылыс алынып тасталып, тек кері айналу немесе өзге көшелер арқылы өту мүмкіндігі қалған.
«Кемінде екі жолақ қалдыру керек еді. Қазір Аманжолов көшесінде күн сайын үлкен кептеліс болады. Бұрын бұл жерден тоқтаусыз өтетінмін, қазір 10 минуттап тұрамын. Бағдаршам да аз уақыт жанады. Мұндай өзгеріс кептелісті одан сайын күшейтті», деп жазды кәсіпкер Еркін Еркебекұлы.
Кейінірек Е. Еркебекұлы әкімдік жүргізушілердің шағымына құлақ асып, солға бұрылатын екінші жолақты қайта қосқанын хабарлады.
Бұған дейін Астанада Абай даңғылының бір бөлігі 18-22 мамыр аралығында жабылатынын хабарлағанбыз.