Қазақстанда қарыз алушылардың борыштық жүктемесіне бақылау күшейтілмек. Ұлттық банк 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентінің (КБК) шекті деңгейін енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл өзгерістер Ұлттық банк әзірлеген макропруденциялық нормативтер мен лимиттер туралы қаулы жобасы аясында қарастырылған.
КБК көрсеткіші 2024 жылдың тамыз айынан бастап мониторингтік режимде қолданылып келеді. Ол азаматтың барлық өтелмеген несиелері мен микрокредиттері, сондай-ақ жаңа қарызды қосқандағы жалпы берешегінің оның жылдық табысына қатынасын көрсетеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, бұл коэффициент адамның қарызы оның бір жылдық табысынан қаншалықты асып кеткенін анықтауға мүмкіндік береді. Көрсеткіш жоғарылаған сайын қарыз жүктемесі артып, төлем қабілетіне қауіп көбейеді.
Енді банктер ипотека беруде қарыз алушының төлем қабілетін қатаң тексереді
Ұлттық банк КБК-ның шекті деңгейін қарыз алушының жылдық табысының 8 есесі көлемінде белгілеуді ұсынып отыр. Яғни азаматтың жалпы қарызы оның бір жылдық кірісінен сегіз есе көп болмауы тиіс.
Реттеуші органның мәліметінше, бұл шара банктердің жауапты несие саясатын күшейтуге, халықтың шамадан тыс қарызға бату тәуекелін азайтуға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
2027 жылдан бастап азаматтардың қарыз көлеміне шектеу енгізілуі мүмкін
Сонымен қатар автонесие, ипотека және кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша КБК көрсеткішіне мониторинг жалғасады. Алайда әзірге бұл несие түрлеріне жеке шекті мәндер енгізу жоспарланбаған.
Ұлттық банк қажет болған жағдайда қарыз түрлеріне қарай сараланған шектеулер белгілеуге немесе КБК деңгейін қайта қарауға құқылы екенін атап өтті.
Бұған дейін елімізде азаматтардың 250 млрд қарызы кешірілетінін хабарлаған едік.