Жастарға деген сенім зор
Елбасы халыққа арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттырудың нақты жолдарын белгілеп берді. Онда кәсіпкерлерге шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін енгізу міндетіне айрықша назар аударылды.
Бұл мәселе ауылдықтар үшін өте өзекті. Бұл мақсатқа жыл сайын қосымша 100 миллиард теңге қарастырылмақ. Осылайша аграршыларды көптен бері толғандырып келген түйінді проблема шешімін тапқаны қуантады.
Бүгінгі күні екінің бірі шағын және орта бизнеспен шұғылданғысы келеді. Ондағы ойлары – бағдарламаларға қатысу, жеңілдікті, қайтарымы төмен несие алу. Қағаз бәрін көтереді демекші, бизнес-жоспарлардан мін табу қиын. Алайда, ынта-талаптары құптарлық болғанымен, кейбірі экономиканың қыр-сырын білмегендіктен, маңдайы тасқа тигендей күй кешіп жатады. Оның бір себебі, тәжірибенің жоқтығы және де бизнесті тек пайда табу көзі ретінде ғана түсінетіні. Халыққа сапалы қызмет көрсету керектігін кей кездері естен шығарып жатады. Жас буынды осындай қате түсініктерден арылту мүмкіндіктерін алдағы уақытта көпшілік болып қарастырған абзал. Меніңше, жоғары оқу орнын бітірген маман бірден лауазымдық қызметке ұсынылмай, алдымен өндіріс орындарында кәсіби шеберлігін шыңдау секілді еңбек сатыларынан өткені жөн. Бойларынан жұмысқа деген табандылық, тапсырылған іске жауапкершілік, ұйымдастырушылық қабілеті сезіліп тұрса, мұндай білікті кадрлардың сұранысқа ие болары анық. Біздің серіктестікте еңбек ететін мамандардың үштен бірі жастар. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетімен жасалған келісімге сәйкес тегін оқытамыз. Оқу бітіріп келген соң кемінде бес жыл жұмыс істеу міндеттеледі. Осы аралықта шаруашылықты басқаруға араласып, сөзіне ісі сай маман ретінде тәрбиеленеді. Араларында сенімді ақтап, жақсы қызметте жүргендер аз емес.
Бүгінде жастардың ауылдық елді мекендерге баруы сиреп бара жатқаны алаңдатады. Әсіресе тракторшы, комбайншы секілді мамандықтар өте тапшы, жасы егде тартып қалған азаматтар атқарып жүр. Олар ертең зейнетке кетсе, орнын басатын ізбасарлар табу қиын. Бұл мәселе бізде шешімін тапқанымен, көп ауылға осы көрініс тән. Түркістан облысынан көшіп келген бір жас отбасыны Меңгесер аулына механизатор етіп орналастырып, үй-жаймен, малмен қамтамасыз еттік. Келіншегі балабақшада жұмыс істейді. Жеңілдікпен несие алуға да көмектестік. Екеуі де іскер. Қосалқы шаруашылықпен де айналысады. Бұл бастаманы «Ақселеу» ЖШС-ның директоры Серік Малаев қолдағанымен, белсеніп шыққан басшылар қатары аз. Жолдауда атап көрсетілгендей оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы – жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі. Ал жас мамандардың тұрмыс сапасына көңіл бөлу, олар үшін өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру – ел ертеңін ойлау деген сөз.
Жолдауда жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауды мемлекеттік саясаттың басымдығына айналдыру талабы қойылды. Келесі жыл Жастар жылы деп жарияланды. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды өңірлік деңгейде іске асырудың маңызы айрықша.
Еркебұлан МӘМБЕТОВ,
«Мәмбетов және К» командиттік серіктестігінің бас директоры
Солтүстік Қазақстан облысы
Өркендету ісіне үлес қосамыз
Елбасының биылғы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, сот-құқықтық салаларының жұмысын кеңінен айқындаған, қорытқан, нақты қадамдарға бағыттауымен ілгеріректегі тарихи құжаттардың қатарын толықтырған өзгеше Жолдау болғанын баса айтуымыз керек. Елбасы өзі белгілеп, сенім артқан әрбір бағыт жастармен, жастардың өмірімен тікелей байланысты. Президент алдағы жылды Жастар жылы деп жариялады. Елбасы осы құжат арқылы жастарды үлкен жетістіктерге жеткізетін іс-шараларды ұйымдастырып, олардың білім, ақыл-ой, еңбек қабілетін ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінгі күні біздің бөлімшемізде әлеуметтік-экономикалық бағытты арттыру және Қазақстандағы бәсекеге қабілетті жастар қатарын толықтыру мақсатында бірқатар жобалар қолға алына бастады. Өзіне арнайы жыл белгіленіп, Елбасы тарапынан қолдау беріліп жатқан мүмкіндігін пайдалана отырып, жастар да мемлекеттік кепілдіктердің толыққанды және сапалы жүзеге асырылуына өз күш-жігерін бағыттауы қажет. Жолдауда айтылған білім, жұмыспен қамтамасыз ету, баспана алу мәселелерінің бәрі жастарға тікелей қатысты болғандықтан, олардың өзі де игі мақсат үшін мүдделілік танытып, Мемлекет басшысының қамқорлығын пайдалана отырып, сенімді, нәтижелі қадам жасауы тиіс.
Әйтсе де жастар тек игіліктің пайдаланушысы ғана емес, бастамашысы әрі өркендетушісі екенін де ұмытпауы керек. Жоғары оқу орнында білім алған немесе өндірісте еңбек етіп жүрген әрбір жас маман біліктілігін көрсетіп, жаңа заманмен бәсекелесе алатын қабілетін дәлелдеп, белсенділік танытып, жаңа Жастар жылын жарасымды ете алады.
Ерзат МЫСЫР,
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жарасымды жастар» қалалық филиалының төрағасы
АЛМАТЫ
Ел дамуы бәсекеге қабілетті ұрпақ қолында
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауын жұртшылық асыға күтеді және қызу талқылайды. Ол мемлекеттік бағдарламалардың жеткен нәтижелерін талдауға, болашаққа нақты жаңа міндеттер қоюға арналған стратегиялық құжат болып табылады.
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы 2050 жылға дейінгі мемлекеттік бағдардың басымдықтарын іске асырудың логикалық жалғасы болып табылады. Онда тұрмыс саласын дамыту бойынша басты міндеттер айқын көрсетілген – халықтың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы.
Жолдаудың бірінші міндеті – Президенттің 2019 жылдан бастап ең аз жалақы мөлшерін 1,5 есеге арттыру.
2025 жылға дейін кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жаңа бағдарламаның ауқымы өте зор. Оны іске асырудың нәтижесінде 22 000 жаңа жұмыс орны пайда болады.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау, серпілісті жобаларды іске асыру, көлік инфрақұрылымын дамыту жөнінде және өзге де бірқатар міндеттерді жариялады.
Өзінің Жолдауында Елбасы инновациялық және сервистік даму қажеттігіне ерекше көңіл бөлді. Осыған байланысты ел Президенті баламалы энергетика, үлкен мәліметтер, интернет-инновациялар, жасанды интеллект, блокчейн және өзге де осы сияқты «болашақ экономикалар» бағытында дамуды қамтамасыз ететін арнайы бағдарламаларды, нақты жобаларды әзірлеудің маңызды екенін атап өтті. «Келешекте елдің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі осыған байланысты болады», деді Мемлекет басшысы.
Білікті мамандарды даярламай, дарынды жастарды қолдамай аталған бағыттарды толық іске асыру мүмкін емес. Бұл міндеттер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының миссиясына тікелей байланысты, олар – дарынды жастарға көмек көрсетіп, қоғамдық-маңызды әлеуметтік жобаларды қолдай отырып, қоғамымыздың шексіз әлеуетін дамыту. Қордың үстіміздегі жылы өткізілген іс-шараларының 60%-ы жастардың ғылымдағы, IT және шығармашылықтағы қабілетін дамытуға бағытталған. Басты назар IT саласындағы білімге және ғылымды дамытуға аударылған.
Төртінші техникалық революция үрдісінде қалыптасып отырған жаңа технологиялық жағдайға жастарды даярлау үшін біз 2 жылдың ішінде «Method PRO» жобасының аясында Қазақстанның 300 оқушысы мен студентін код әзірлеу және бағдарлама жасау негіздеріне оқыттық. Балалар Қазақстанның, жақын және алыс шетелдік IT-индустрияның үздік мамандарынан тегін кәсіптік IT-оқудан өтті. Үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушылар ірі отандық компанияларға арналған 40 жобалық шешім әзірледі. Үздік жобалар өндіріске енгізілді, ал студенттерге ірі ұлттық компанияларға жұмысқа орналасу бойынша тиімді ұсыныстар келіп түсті.
«Smart Zholy» IT-жобасын іске асыру Оңтүстік-Шығыс Азияның және халықаралық IT-хабының жетекші стартап-алаңдарымен тығыз байланыста жүзеге асырылуда. Нәтижесінде қазақстандық әзірлемелер өңірдің топ-100 стартап тобына енді. Қазақстандық Webtotem стартапы Оңтүстік-Шығыс Азияның үздік ондығына кірді. Бұдан басқа, сингапурлық SaturdayKids компаниясы қазақстандық старптап -Intellection жобасына инвестиция салуға келісті.
Бұдан басқа, Қор үстіміздегі жылы «Блокчейн» цифрлы марафоны» жобасын іске асыруды бастады. Қор блокчейн, криптовалюта, майнинг, ICO және басқа да замануи IT-трендтер бойынша түсініктеме жұмысын жүргізу үшін қоғамдық алаң құрды. Алаңның жұмысы аясындағы кездесулер Қазақстанның түрлі өңірлерінде FinTechGroup компаниясының қатысуымен өткізіледі.
Ғылымдағы қабілетін көрсеткен жастардың қызметін ынталандыру үшін жас қазақстандық ғалымдарға арналған ғылыми зерттеулерге грант алу мақсатында конкурстар, сондай-ақ гуманитарлық саладағы шығармашыл жастарды қолдауға бағытталған байқаулар ұйымдастырылуда.
Инновацияларды дамыту, сондай-ақ білімді, бәсекеге қабілетті жас ұрпақты қалыптастыру барысында Қазақстан өзінің дамуында жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік алады.
Қанат ЖҰМАБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры
Халық тілегімен тікелей үндеседі
Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған «Дипломмен – ауылға!» жобасы менің бүгінгідей жетістіке жетуіме үлкен ықпал етті. Елдің есінде болар, Мемлекет басшысы «Мен жастарды, университет түлектерін – мұғалімдер мен дәрігерлерді – ауылға барып, өз халқына көмектесуге шақырамын!», – деп үндеу тастады. Міне сол алысты болжаған, халықтың, жас мамандардың жағдайын жасау мақсаты көзделген бағдарлама аясында ауылға келгеніме еш өкінбеймін. Қайта осындай игі бастамасы үшін Елбасыға шексіз ризамын.
Айтайын дегенім, Елбасының әрбір Жолдауы, әрбір бастамасы қашанда өзекті мәселелерге арналатыны, халықтың тілегімен тікелей үндесетіні еді. Денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту көзделген күні кешегі Жолдауда қазақстандықтардың өмір сүру сапасының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылып, оған жетудің нақты міндеттері белгіленді. Әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырылды. Әрине, бұл алдағы уақытта жүзеге асырылатын міндеттер еліміздің барлық ауыл тұрғындарын қуантқаны анық. Өзім жұмыс істеп жүрген Шаян дәрігерлік – амбулаториясы 2450 тұрғынға қызмет көрсетеді. Қажетті медициналық қондырғылармен толық қамтамасыз етілген мекемеде аға-дәрігермін, 4 медбике, бір акушер халыққа қызмет көрсетудеміз. Жоғары оқу орнын бітірген соң-ақ ауылда жұмыс істеуді таңдағанмын. Содан бері он жылдай уақыт өтіпті, денсаулық саласындағы әрбір жаңалық, оң өзгеріс маған жақсы таныс. Келер жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту көзделіп отыр. Бұл бастама да бізді жігерлендіріп, ізденіске жетелейді. Осынау жаңалықтарды естіп, ақ халаттылардың көңіліне қуаныш ұялап жатқаны рас. Өйткені дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Олар уақытпен санаспай, алдына келген науқасты тексеруден жалықпайды. Алдағы уақытта медицина саласының одан әрі дами түсетініне де сенім мол. Медициналық қызмет сапасы артса, халықтың әлемеуттік жағдайы да жақсарады. Сондай-ақ «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Оны жетілдіру мақсатында медицина қызметкерлері жұмыстарының есебін, жоспарын қағаз күйінде емес, электронды нұсқа түрінде де тапсыра алады. Бұл өз кезегінде дәрігер көмегін қажет ететін жандарға уақытты көбірек бөлуге мүмкіндік береді. Және қызмет көрсетудегі ашықтықты қамтамасыз етеді.
Наргиза ШАУРЗАЕВА,
Шаян дәрігерлік-амбулаториясының аға дәрігері
Түркістан облысы,
Бәйдібек ауданы
Ауыл да бизнесті өркендетуге аса қолайлы жер
Менің ауыл шаруашылығымен айналысып, осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 15 жыл уақыт өтіпті. Алғашында қарапайым техника, қолда бар түлікпен басталған бұл істе сол кезде армандай да алмаған жетістікке қол жеткіздік. Бүгінде малдың үш түлігі бойынша асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданып келеміз.
Дәл қазір шаруашылығымда 1000 бас асыл тұқымды ірі қара, 1100 бас асыл тұқымды көшім жылқысы, 2000 бас етті-жүнді «Ақжайық» тұқымды қой бар.
Елбасы Жолдауы қашан да дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Оның айқын дәлелі – Президентіміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытуға, өнімдерді терең өңдеу саласын одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлуі. Одан кейін экспортқа шығарылатын тауарлардың түрін көбейту, еліміздегі тауар өндірушілерді, олардың өнімдерін қолдау мәселелері туралы да айтылды. Бұл экономиканы жан-жақты дамытуға септесіп, біз секілді ауыл кәсіпкерлерінің мүмкіндігін ұлғайта түсері сөзсіз.
Мемлекет басшысының экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті, сапалы өнім сату туралы тапсырмасына сай жақын арада Татарстанға асыл тұқымды көшім жылқыларын сатуға шығармақпыз. Осының бәрі мемлекет тарапынан беріліп келе жатқан демеуқаржының арқасы екенін де айта кеткім келеді.
Біз «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста алғаш рет «электронды бақташы» жүйесін, жайылымда малдың қайда жүргенін, өрістердің жағдайын, шабындықтың сапасын бақылап, мониторинг жасап отыруға дронды қолдандық. Жоспарымыз мұнымен шектелмейді. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына жасалған мүмкіндіктер арқылы бұдан да жоғары көрсеткіштерге жететіндігімізге сенімдіміз.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын ұсынған Елбасы ауылсыз келешек жоқ екендігін санамызға құйып берді. Ауылды қадірлеу, ауылды көркейту, ауылға тағзым ету – болашаққа алаңдау, келешекке қамқорлық жасау. Бұл жобаның мазмұны Елбасының былтыр жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен астасып жатыр. Ауылда өсіп, бизнесімізді өркендеткен біз де ортақ істен тыс қала алмадық. Бірқатар азаматтар жиналып, алтын бесігіміз – Алғабас ауылына заманауи спорт алаңын салып бердік. Ауылымызға деген қамқорлық мұнымен тоқталмайды, әрине.
Елбасының ауылды ел бесігіне теңеп отырғаны бекер емес. Биылғы Жолдауда еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортын көбейту, мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары елімізге заманауи озық технологияларды ауқымды түрде тартуға бағытталып, саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалану, ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру секілді жаңалықтар өте көп болды. Елбасының Үкіметке үш жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша 100 млрд теңге қарастыруды тапсыруы бізді де қуантады. Енді сол алға қойған міндеттерді мемлекеттік органдармен бірге жүзеге асыруымыз керек.
Ерболат ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,
«Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы