Республикалық ақпараттық топтың мүшелері латын графикасына көшуге байланысты семинар ұйымдастырып, оны енгізудің алғышарттары мен емле ережелері жайлы әңгімеленді.
Ақпараттық топ мүшелерінің айтуларына қарағанда Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты жаңа алфавитке негізделген қазақ тілі емлесінің ережесін құрастырыпты.
«Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарымен ұлттық комиссия айналысады. Латын қарпіне көшіру жоспары кезең-кезеңмен атқарылып, 2025 жылы толық аяқталады. Ұлттық комиссия жанынан орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік, техникалық-ақпараттық жұмыс топтары құрылған», деді жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Л. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Бекжан Әбдуәлиұлы. Келесі жылдан бастап мектепалды сыныптардан 11 сыныпқа дейінгі оқулықтар бірьіндеп сараптамадан өтеді. Мамандардың біліктілігін арттыру осындай жаңашылдықтармен үйлестіріледі.
Семинар аясында латынға көшу, алда тұрған проблемалар, оны шешудің жолдары, қазақ тілінің емле ережесіне байланысты мәселелер талқыланды. Жиынға қатысушыларды адам есімдерінің жазылуы, кирилл алфавитінде кеткен олқылықтарды шешу жолдары ерекше қызықтырды.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім жетекшісі Әсем Сүлейменова латын графикасына біртіндеп көшу шаралары жайлы баяндады. Латын қарпін оқытатын курс жұмыс істейді. Оған кез келген адам ерікті түрде қатыса алады. Қазақ әліпбиін кириллицадан латынға көшірудің қажеттілігі мен маңызы жер-жерлерде түсіндірілуде. «Ивушка» балабақшасының меңгерушісі Гүлбану Қасенова бүлдіршіндер латын әліпбиін үш айдан бері игеріп жатқанын жеткізді.
Ақпараттық топтың мүшелері жұмыс сапарларын Аққайың, Тайынша аудандарында жалғастырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы