• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Қазан, 2018

Мұхаммед Хайдар Дулати немесе Кашмирге барған төртінші ғылыми және мәдени экспедиция

1521 рет
көрсетілді

Тараздан профессор Сәмен Құлбарақ мырза телефон соғып, Қазақстанның Үндістандағы Төтенше және өкілетті елшісі Болат Сәрсенбаев мырзадан Кашмирдегі «Мазар-и Салатиндегі» – «Сұлтандар мазарындағы» Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) зиратын Үндістан тарапы жөндеп, ретке келтіргенін, соған байланысты оны ресми түрде ашуға М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті де қатысса деген ұсыныс түскенін хабарлады.

Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати көр­некті мемлекет қайраткері, әскери қол­басшы, тарихшы ғалым, ақын. Ол XVI ғасырда ғұмыр кешті. Өмірінің көп­ші­лік бөлігі Орталық Азия мен Шығыс Түр­кістан, Тибет пен Үндістан елдерінде өтті. 1540-1551 жылдары Каш­мир­дің же­ке-дара билеушісі болды.Ол Орталық Азия халықтарының тарихы, этно­графия­­сы мен география­сы, тілі мен әдебиеті, мә­­дениеті, жайын сөз ете­тін «Тарих-и Ра­­­шиди» және «Жаһан наме» атты клас­сикалық шығармалар­дың авторы. 

Сонымен, жоғарыда айтылғандай ізгі ниетпен 2018 жылдың 23 қаңтары күні Алматыдан Делиге ұшып шығып, 4 сағаттан кейін Үндістан астанасындағы Индира Ганди әуежайына қондық. Бұл менің Үндістанға жасалған алтыншы сапарым екен. Соңғы рет 2008 жылы Делиде өткен халықаралық конфе­рен­цияға қатысқан едім. Содан Алла тағала нәсіп етіп он жылдан соң мұнда тағы да келіп отырғаным.

Әуежайда бізді елшіліктің жауапты қызметкерлері қарсы алды. Түскі астан соң елшілікке бардық. Елшіміз Болат Серғазыұлы Сәрсенбаев деген азамат екен. Бұған дейін ол Қазақстанның Иор­даниядағы елшісі болған. Жақсы қарсы алды.

Делиге 9 кісі болып келдік. Менен басқалар: Тараз университетінің ректоры Махметқали Нұрғалиұлы Сарыбеков жұбайымен, Дулати университетінің Дулати ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Сәлмен Құлбарақ және ағылшын тілінің маманы, тәр­жімашы. Делегацияда сондай-ақ, оқу­ ор­нының «Мәдениет және өнер» ка­фе­драсының меңгерушісі профессор Айгүл Қабиева ханым бастаған бір­неше студент те болды. Мақсат – тек ғалымдар ғана емес, сондай-ақ Мұхам­мед Хайдар Дулати жұртының бүгінгі ұрпағы қазақ халқының әндері мен күй­лері, биін орындап, үнділіктерді, каш­мирліктерді өнерімен де таныстыру. 

Делидеміз. Таң атты. Күн ашық. Ке­­­­ше­гіден гөрі жылылау. Түске таман әуежайға келдік. Сағат 14.00-де «Ин­диго» әуекомпаниясының ұшағына оты­­рып Кашмирді, яғни оның астанасы Сри­­нагарды бетке алдық. 

Маған таныс, бұрын да бірнеше рет көрген, Дал көліне де жеттік. Оның шығыс шетін бойлап келеміз. Сәл­ден соң батыс жағындағы «Кашмир уни­верситеті» деген жазуы бар студенттер қалашығына жеттік. 

Ректорат алдына келіп тоқтадық. Ішке кірдік. Ректор күтіп отырған зал­­­­­ға кел­дік. Ол жалғыз емес екен. Де­кан­­­дар, ка­федра меңгерушілері, сту­дент­­тер, ма­гистрлер, PhD докторлары жиналыпты. Әңгіме әуелі танысудан басталды. Кашмирліктер негізінен университеттің белгілі ғалымдары болып шықты. Іш­терінде физик те, географ та, әдебиетші, тарихшы, биолог, химиктер де бар. Әуелі Тараз бен Кашмир уни­верситеттері ара­сындағы суыңқырап қалған байланысты қайта жалғастыру, алыс-беріс мәселелері талқыланды. Сұхбат барысында университет басшылары өзара ұсыныстарды қабылдап, әріп­тестік қа­тынастарға дайындықтарын білдірісті. 

Тағы бір таң атты. Күн салқын. Ызғар бар. Терезеден қала жақсы көрінеді екен. Сринагарды қоршап жатқан Гималай тау­лары мен оның Пир Панджал жоталары менмұндалап тұр. Жоғарыда уни­верситет қалашығы Дал көлінің жаға­сында дедім. Таңғы шайдан соң жеңіл машиналарға бөліне жайғасып, осы көлдің батысындағы ескі қалашыққа бет алдық. Біз бара жатқан «Мазар-и салатин» Сринагардың ескі махалласында еді. Ұзамай діттеген жерімізге жеттік. Желам өзенінің жағасындағы «Мазар-и салатин» маған таныс. Мұнда бірнеше рет болғанмын. 

«Мазар-и салатиндегі» зираттар ортасымен өтіп, қабірстанның солтүстік бөлігіне келдік. Ғалым баба зираты біраз жөнге келтіріліпті.

Мырза Хайдардың зиратына 1551 жылы ол қаза тапқан соң, құлпытас қойылған. Ол тұт ағашының солтүстік жағында, ал оның оңтүстігінде 1822 Ұлыбританияның атбегісі У.Муркрафт (1770-1825) Кашмир сапарында «Ма­зар-и салатинде» болып, ғалым зиратына екінші құлпытас қойдырған. Онда тағы да бірнеше үлкенді-кішілі құлпытастар бар. Мен оларды Мұхаммед Хайдар Дулатидің өлтірілген отбасы мүшелеріне қойылған деп ойлағанмын. Қазір де сол пікірдемін. Оны жоққа шығаратын нақты деректер әзірге табылған жоқ. Тас та, ондағы жазулар да біраз ескірген. 

Енді осы екі құлпытастардағы жазу­лар­ға назар аударайық.

Сонымен 1551 жылы қойылған ал­ғаш­қы құлпытас және ондағы жазулар не дейді? Үлкен тұт ағашының арғы жағында ұзындығы шамамен 1 метр 15 сантиметр, ал көлденеңі 70 сантиметр­дей бір көне құлпытас жатыр. Тастың етек жағынан қиғаштай сынған бөлігі жоғалып кетпесін делінгендіктен де бас жағына тіреуіш етіп қойылыпты. Тастардағы жазуларды қайта-қайта са­лыс­тыра қараған соң, бұлардың бір дүние екеніне көзім жетті.

Онда жазулар көп емес. Тас­тың жо­ғарғы үшкілдеу жағына «Лә илаһа илла Алла Мұхаммадур расул Алла – Алладан басқа жаратушы жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген қасиетті жазулар қашалған. Ал құлпытастың жиектеріне Құран Шәріптің 2-сүресінің 255-аяты («Аяту-л күрси») үлкен әріптер­мен өр­нектеліпті де ортасындағы төрт бұ­рыш­қа ұлы ғалымның қазасы жайлы астарлай айтылған, жүрекке мұң байлар төмендегі екі бәйіт жазылыпты.

1.Шаһ гурган Мырза Хайдардың ақырында, Шаһидтік патшалығының дабылы соғылды.

2. Алланың жазмышы осылай еді, Қаза-и илаһи Тәңірімен қауышу мер­зімі болды.

Екінші бәйіттегі (жолдағы) «қаза-и илаһи» деген шартты сөз бұл жерде хроно­грамма қызметін атқарып Мыр­за Хайдардың бақилық болған жылын көрсетіп тұр. Бірақ оны шешуде қазір­ге дейін ғалымдар арасында мәміле жоқ. Сринагар университеті қолжазба қо­рын­дағы «Баһаристан-и шаһи» атты ортағасырлық қолжазбада «қаза-и ила­һиді» һижраның 957 жылы дей отырып, Мырза Хайдар сол мерзімнің зу-л қағда айының 8-де (1550 жылдың 18 қарашасы) өлтірілді деп көрсетілген.

Үндістан ғалымы Р.К.Парму де осы уәжге тоқтайды. Әйтсе де ағылшын оқы­мыстысы Ней Элияс (1844-1897) пен кашмирлік тарихшы Г.М.Суфи «қа­за-и илаһиді» керісінше һижраның 958 жылы деп шешкен де, оны 1551 жылға қиыстырған. Ней Элияс тіпті «Тарих-и Рашидидегі» (Лондон басылымы 1885, 1895 ж.) алғысөзінде «һижраның 958 жылы 1551 жылдың 9 қаңтарында басталған» деп шегелеп те кеткен.

1822  жылы қойылған екінші құлпы­тас және ондағы жазулар.

Мәрмәр тас беті 18 жолға бөлініпті. Соның бәрі жазу. Бірақ кейбір сөздер мен олардың нүктелері өшуге айналған. Сонда да кешке дейін отырып тексті дәптерге көшірдім. Онда:

«Бұл – бақилық Мырза Хайдар гурган ибн Мұхаммед Хұсейін гурган Жүніс ханның немересі, Бабыр патшаның бөлесі, Жаркент пен Моғолстанның билеушісі Әбу Саид хан ибн Сұлтан Ахмед ханның уәзірі. Ахмед хан аталмыш Жүніс ханның, ал ол Тохлық Темір хан әулетінің, Темір хан Шыңғыс хан ұлы Шағатай хан ұр­­пақтарының бірі. Мырза Хайдар Ұратөбе қаласында даңқты һижраның 905 (1499) жылы туылды. Біраз (жылдан соң) Әбу Саид ханның бұйрығымен Жаркенттен аттанып Тибетті бағындырған жылы – шаъбан айының 4 күні 4000 аттылы сарбаздарымен Кашмирді де өзіне қаратты. Мырза Хайдар Кашмир уалаятының билігін Кашмир патшасы Мұхаммед шаһқа берді де сол кезде Тибетте тұрған Әбу Саид ханға қайтып кетті. Хан оған Лхасаны жаулауға өкілдік берді де өзі Жаркентке бет алды. Мырза жолай жол­дас­тарынан бөлініп қалды. (Содан) ол ат басын Бадахшанға бұрып, одан әрі Хұмаюн патшаға бару үшін тағы да Үндіс­танға жол тартты. Патша күйзеліп Иранға бара жатқанда Мырза һижраның 947 (1540) жылы раджаб айының 20 күні (20 қараша) 450 аттылы сарбаздарымен Лаһордан шығып, тағы да Кашмирді басып алып, оны он жыл биледі.

Ол Алланың, жазмышымен бір қа­телік себебінен біреудің қолынан ша­һид болды.

Мырза Тұран мен Моғолстан және Үндістан елдерінде болды. Ол ұлы адамдармен қызметтес болды. Ол көптеген өнерді (меңгерді) һәм сөз шебері, сосын ержүрек азамат, биік парасат иесі еді. Ол «Тарих-и Рашидидің» авторы.

Оның қабіріне Саиид Изатулла хан­­ның ынта-жігері, ағылшын империя­сының бас атбегі, жоғары мәртебелі Уильям Муркрафтың бұйрығымен бұл қаза тақтасы даңқты һижраның 1238 (1822) жылының жұмада ас-сани айында орнатылды» – деп «Тарих-и Рашидидегі» ғалымның өзі жайлы айтқан деректері жазылған. Десек те осы ретте 3 мәселе туралы айта кету керек.

1. Мырза Хайдар жайлы зерттеулерде күні бүгінге дейін ол Ташкентте дүниеге келген делініп жүр. Ал құлпытаста оның Ташкентте емес, керісінше Ор­талық Азияның Ферғана мен Самарқан ара­сындағы ежелгі қалаларының бірі – Ұратөбеде туылғандығы көрсетілген. Бұған да құлақ қоюға болады. Өйткені автордың өзі «Тарих-и Рашидиде»: «Сұлтан Махмұт хан өзінен бір жас үлкен Хұб Нигар ханым атты әпкесін менің әкеме ұзатты. Олардың некесі шамамен һижраның 809 (1493-1494) жылы Шаш (Ташкент) шаһарында қиылды. Некелері қиылған соң, ол Мұхаммед Хұсейінге бүгінде Ұратөбе деген атпен белгілі, бұрынғы Урсушана аймағын бе­ру­ге жарлық етті... Бұл аймақты әкем тоғыз жыл бойы биледі. Осы мер­зім ішінде көптеген оқиғалар болды. Әкем­нің билік жүргізе бастағанына 6 жыл өткенде дүниеге мына мен пақыр келіппін» – дейді.

2. Құлпытаста Мир Саиид Изатулла хан Мырза Хайдарды «947 жылы раджаб айының 20 күні тағы да Кашмирді... басып алды...» деп көрсеткен. Мұнда бірақ шамалы ағаттық кеткен. Өйткені Мырза Хайдардың өзі «Тарих-и Рашидиде» Кашмирді... раджаб айының 20-да емес, 22-де алғанын жазған.

3.Мир Саиид Изатулла хан құлпы­таста Мырза Хайдардың қай жылы қаза тапқанын көрсетпесе де оны Кашмирді «он жыл биледі» деп жазған. Сонда асыл ердің 1551 жылы емес, 1550 жылы қаза тапқаны ма?!

Зираттың батыс жағына мемориал тақта қойылыпты. Мемориал тақ­тада Қазақстан үшін өте маңызды тө­мен­дегідей жолдар бар. Олар 2015 жы­лы халықаралық деңгейде кеңінен атап өтілген Қазақ хан­дығының 550 жыл­дығының дереккөзі ретінде «Та­рихи Рашидидің» көрсетілуі. 1997 жы­лы қарашада Қазақстан өзінің ұлы перзентін мәңгілік есте қалдыру үшін Мұхаммед Хайдар Дулатидің атын Тараз мемлекеттік университетіне берді. 1998 жылы 26 тамызда ежелгі Таразда Мұхаммед Хайдар Дулатидің құрметпен аты берілді деген жазулар. 

Үндістан археологиялық қызметі атынан ресми түрде мемориалдық тақ­та қойылуы, енді зират мемлекет қа­рауында болады дегенді білдіреді. 

Университетке қайтып оралдық. Зал­ға жұрт лық толыпты. Бұл жерде мұндай жиын­дар көп өте бермесі анық. Өйткені елде соғыс жүріп жатыр. Жиналыстар өткізіп тұратын шақ емес. 

Конференция әуелі Тараз бен Кашмир университеттері ректорларының екі оқу орындары арасындағы әріптестік туралы жаңа меморандумға қол қою рәсімімен басталды. Екі жақ та Мұхаммед Хайдар жайлы жақсы сөздер, оңды пікірлер айтты. Сонан соң сый-сияпаттармен ал­масты. 

Осы жерде айта кететін жайт, Мах­метқали Нұрғалиұлы Кашмирге өзімен бірге Қазақстанның Астана қаласы туралы ағылшын тіліндегі насихаттық 10 минуттық ролик ала келген екен. Кашмирліктер оны қызыға көрді. Оны М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­ле­­кеттік университеті туралы та­ғы бір ролик жалғастырды. Онда Тараз мем­лекеттік универ­си­тетіндегі факультеттер, пәндер, ұстаз­дар мен студенттер өмірі, Тараздың та­би­­ғаты, қаланың 2000 жылдық тарихы бар екендігі, оқу орнында шетелдіктер де оқып жүргені әдемі де әсерлі баяндалған.

Келесі күні таңертең университет мұражайына бардық. Онда кітапхана да бар екен. Мұражай да, кітапхана да гуманист ақын, ойшыл дана Мұхаммед Иқбал (1877-1938) атында. Ойпырмай, Үндістан Пәкістанмен дүрдараз соғыс жағдайында болса да, Кашмир кітапханасы мен мұражайына пәкістандық зиялы, ақын, ойшыл Иқбалдың атын беріпті деп таң­ғалыстық.

Мұражайдағы Мұхаммед Хайдар Дулатиге арналған бұрышты да көрдік. Оған Дулати жайлы аз-кем мағлұматтар мен Мұхаммед Хайдар бейнеленген кілемше қойылыпты. Оларды әрине, бұрындары осында болғандарында Тараз университетінің өкілдері берген. 

Түс қайта жолға шықтық. Кашмирлік достар сәт сапар тілесті. 

Мен Мұхаммед Хайдар жайлы алғаш рет 1965 жылы «Орталық Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» атты кітаптан оқыған едім. Дулати деген ныс­пысына қарап әйтеуір оның қазаққа қатысы барын ұқтым.

Студенттік жылдары онымен айна­лы­суға мүмкіндік болмады. Тек ҚазМУ-да ұстаздық қызмет етіп жүрген жылдары ғана ол жайлы жазбаша деректер жинауға кірістім. Бірде Мәскеуде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекет­тік университетінде өткен ТМД елдерінің университет ректорлары конфе­ренциясына барғанда, сол оқу орны жанындағы Азия және Африка ел­дері институтының кітапханасынан үндістандық Р.К.Парму деген ғалым­ның «Үндістанның мұсылман патша­лары» деген кітабын көрдім. Онда М.Х.Дулатиге арнайы тарау арналған екен. Автор М.Х.Дулатидің Кашмирді 1540-1551 жылдары билеген кезде елдің әл-ахуалын, мәдениетін көтергенін айта келе, оның жергілікті халықтың көте­рілісі кезінде абайсызда қаза тапқанын, әрі сондағы «Мазар-и салатин» мазаратында жерленгенін жазыпты. Бірақ тағы бір деректен оның Қытайдың Шың­жаң өлкесіндегі орта ғасырларда бол­ған Қашғар хандығының астанасы Жаркентте 20 жылдай тұрып, сонда жерленгені жайлы жолдарды да оқығанмын. 1993 жылы қызмет бабымен Шыңжаңның аталмыш қаласында болдым. Бірақ ол жалған болып шықты. Тағы бір деректерде оның Пәкістанның Лаһор қаласында күн кешіп, сонда қай­тыс болғаны айтылыпты. 1994 жылы Лаһорда да болдым. Ол да бос сөз екен. Енді жоғарыда айтылғандай Кашмир дерегін тексеру ғана қалып еді.

1997 жылы Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтың шақыруымен Сауд Ара­биясы Корольдігінің астанасы Риядта ашыл­ған елшілігімізге дипломатиялық қызметке жіберілдім. Содан сәті келгенде Қасым-Жомарт Кемелұлына хат жаздым. Кашмирге барып М.Х.Дулати жайлы мағлұматтар жинап келуге рұқсат сұрадым. Министр рұқсат берген соң Делиге келдім. Елшілік көмегімен Делиде Кашмирді жақсы білетін бірнеше ғалыммен кездестім. Олар «Мырза Хайдардың Кашмирде ғұмыр кешкені де, сонда қаза тапқаны да, осы жерде жерленгені де ақиқат. Бірақ зират жоғалып кеткен шығар. Одан бері 500 жыл өтті емес пе» деген күдіктерін айтты. Шешінген судан тайынбас дегендей, өз көңілім өзімнен қалсын деген оймен орта жолдан қайтпай Кашмирге, Сринагарға барып қайтайын деп шештім. «Мазар-и салатинді» де, онда жерленген М.Х.Дулатидің зиратын да таптым. Риядқа оралған соң Қазақстанға тиісті мекемелерге ресми хат жібердік. Бірақ отандастарымыз онша сеніңкіремеді. Мәселенің мән-жайын өз көздерімен көріп қайтсын деп 8-9 кісіден тұратын Үндістанға арнайы делегация жіберді. Мен қайтадан Делиге келіп, оларды Кашмирге бастап бардым. Зиратты көрдік. Ондағы жазуларды оқыдық. Кашмир университетінде бірлескен халықаралық конференция өткіздік. Ол жайлы еліміздің басшыларын да хабардар еттік. 

1999 жылы М.Х.Дулатидің туылғаны­на 500 жыл толуына орай Алматыда өткен халықаралық конференцияда бас баяндаманы жасадым.

...Сөйтіп Кашмирге жасалған төр­тінші сапар осылай мазмұнды да, нә­тижелі өтті.  Дей тұрғанмен, уақыттың аздығынан Делидегі тарихи біраз жерлерде болудың, оларды көрудің реті келмеді.

Келесі күні түске таман Индира Ган­­ди әуежайынан елге, Отанымыз Қа­зақ­станға, Алматыға ұшып шықтық. Айтпақшы Кашмирден қайтарда Та­раз топырағынан әкелінген бір уыс то­пырақты зиратқа қойдық. Атақты ға­лым, көрнекті мемлекет қайраткері, ақын баба зиратынан Таразға да бір уыс топырақ ала қайттық. Бұл осымен бітті деген сөз емес, М.Х.Дулатидің өмірі мен шығармашылығы жайлы ізденістер мен зерттеулер, оны насихаттау жалғасын таба береді.

Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ,

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, Ұлттық Ғылым академиясының  корреспондент-мүшесі

филология ғылымдарының докторы, профессор 

АлматЫ – Дели – Кашмир – Дели – Алматы