Суреттің құдіреті неде?.. Көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды қылқалам ұшына сыйдыра алуда, біздіңше. Әйтсе де бояу тамған кенептің барлығы өнер емес. Нағыз өнер – шынайылығында. Міне, осы бір даралық суретші Алпысбай Қазғұлов қаламына тиесілі!
Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астанадағы Ұлттық музейде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қылқалам шебері Алпысбай Қазғұловтың «Көңіл көктемі» атты көрмесінің салтанатты ашылуы болып өтті. Көрмеге «Әжемнің үйі», «Асауды ауыздықтау», «Шарын шатқалына шығу», «Ыстық күн», «Күтпеген кездесу», «Дала әуені» сынды барлығы 140-тан аса сурет қойылып, тамашалаушысын таңғажайып әлемнің тұңғиығына бойлатты.
Алпысбай Қазғұловтың картиналарында суреттелген шынайы өмір көріністері жай ғана көшірме емес, ол – хас шебердің қылқаламына ғана тән өзіндік жеңіл мәнермен берілген сезім мен сырға толы нағыз өнер туындылары. Сондықтан да болса керек, суретші шығармаларында терең білім, тағылымды өмірлік тәжірибемен қатар, қылқалам иесінің жан тебіреністері мен көркем әлемі де сайрап жатады. Кәсіби шеберлігін айтпағанда, суретші көңіл күйдің әсем көріністерін ғаламат бір шеберлікпен әсем үйлестіреді.
«Маған осы бір адам ұнап қалды: суреттері алдаған жоқ – расымен де заман талабына, сондай-ақ толығымен дәстүрге сай ойланады екен. Оның қылқаламынан шыққан туындылар пішіні жағынан «модернистік», алайда қозғаған тақырыптары баяғыдағыдай. Алпысбай дала, ауыл, қора-қопсы сынды тақырыптармен шектелген сияқты болғанымен, шын мәнінде өз суреттеріне қандай да бір ғарыштық деңгей бере отырып, біздің санамыздың шеңберін кеңейте түседі» деп жазыпты өз естелігінде Шыңғыс Айтматов.
Расымен де, ұлы қаламгер бағалап өткендей, тамашалаушы қиял иесінің жұмысымен алғаш танысқан сәтінен-ақ айнымас досқа айналып, бірден сырласып кетеді. Суретші қандай жұмбақ болса, дәл сондай қарапайым да. Оның еңбектерінде сұлулық пен тазалықтың исі аңқып тұрады. Дәл таңдалып, қанық бедерленген көркем әлем көзді арбап, тұңғиығына тартып ала жөнеледі.
«Қылқаламға ғана арнаған осынау 42 жылдық шығармашылық ғұмырымда барлығы 5000-нан аса картина салған екенмін. Бұл тек саны ғана емес, олардың әрқайсысы мазмұндық тұрғыдан сан алуан. Әйтсе де адамда арман таусылған ба?! Алла ғұмыр берсе, енді осы 5000 туындымды он орайтын ең үздік деген кемінде 5 картина тудырсам деймін», – дейді суретші.
Рас, адам бар жерде арман бар. Ол әсіресе, қиялға бай суретші әлемінде тіпті биік. Алпысбай Қазғұлов шығармашылығымен танысып, көңіл көктеміне саяхаттап қайтқан ғаламат сапарымызда біз осыған көз жеткіздік.
P.S: Алпысбай Қазғұловтың «Көңіл көктемі» көрмесі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2018 жылдың 12 желтоқсанына дейін жалғасады.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»