Кеншілер астанасындағы бейнелеу өнері мұражайында Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының тарихынан сыр шертетін бірегей жәдігерлер көрмесі ашылды.
Көрермен назарына 300-ден астам жәдігер ұсынылды. Олардың арасында картиналар, әртістердің портреттері, түрлі жылдардағы аңдатпалар, театр туралы мақалалар жарық көрген журналдар, костюмдер мен фотосуреттер бар. Сонымен қатар көрмеге келушілер мадақтамалар мен театр ашылғанда табысталған алғашқы символикалық кілттерді тамашалай алады.
– Театр үшін 45 жыл – бүтіндей бір дәуір. Осы уақыт аралығында театрда қаншама мықты тұлғалар еңбек етті. Біз олармен бірге жұмыс істегенімізді мақтан тұтамыз, – деді музыкалық комедия театрының директоры Амантай Ыбраев. – Сонымен қатар біз жаңа есімдерді ашамыз. Жыл сайын бізге көптеген жас таланттар келеді. Жақында театрда халықаралық оперетта және мюзикл фестивалі ашылады. Ал 16 қарашада театрымыз көрермендермен және жанкүйерлермен бірге өзінің 45 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры өзінің бiрiншi театр маусымын 1973 жылдың 16 қарашасында И.Дунаевскийдің «Вольный ветер» опереттасымен ашқан. Театр өз тарихында гастрольдік сапармен Қырғызстан, Ресей, Украина, Беларусь, Тәжікстан, Қытай елдерінің 200-ден астам қаласында өнер көрсетті. Өнер ұжымының репертуарынан 280-нен астам қойылым орын алған. Оның ішінде заманауи және әлемдік классикалық опереттаның жауһар туындылары бар.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ