• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қазан, 2018

Жеті жұрттан жетеді

829 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауымен Қазақстан театрлары ассоциациясы 30 қазан мен 6 қараша айы аралығында Талдықорған қаласында Астананың 20 жылдығы және көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған VII Ор­талық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалін өткізеді. 

Фестиваль Орталық Азия елдерінің театр өнері сала­сындағы әріптестікті нығайту, театр өнерін дамыту және осы сала мамандарын шығармашылық баста­маларға ынталандыру, сондай-ақ жұртшылықтың назарын театр үрдісінің жаңа, заманауи үлгілеріне аудару мақсатында өткізіледі. Фестивальге бақ сынауға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Түркия елдерінің театрлары қатысады. 

Аталған жеті мемлекеттің театрлары қатысатын фес­тиваль аясында жалпы көлемде 12 қойылым көрермен назарына ұсынылады. Алп Арслан атындағы Түрікмен ұлттық жастар театры «Көроғлы және Агаю­нус», М.Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театры «Іздеп таптым сені...», Сырдария облыстық музыкалық драма театры (Өзбекстан) «Ана – Жер-Ана», Хасан Асар атындағы Түркия театры «Пирайе», Б.Қыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жасөспірімдер театры «Қасқыр ұлыған түн», А.Лахути атындағы Тәжік мемлекеттік академиялық драма театры «Қылмыс пен жаза» спектакльдерімен қатысса, Қазақстаннан Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры «Айман-Шолпан», Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Қорғансыздың күні», С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры «Қарагөз», Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры «Нарком Жүргенов» қойылымдарын ұсынады. Айта кетейік, аталмыш фестиваль Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының жаңа және ескі ғимаратында өтеді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»