Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін бергендігін атап өтті.
Елбасы бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажеттігін, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс екендігіне тоқталды.
Расында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы – еліміздің идеологиялық дамуының жарқын жолының нақты қадамдарын көрсетіп, көрегенді ой, батыл шешімдерге бағыттайтын бастама болды. Аталған бағдарламада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан айырылып қалмай, оны әлемдік маңызды құндылықтармен үйлестіріп, Отанымыздың болашағына жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы айтылды. Президент өз бағдарламасында жаңғыру үшін қайта айрықша маңызды екі процесті ұсынған болатын-ды. Біріншісі – экономикалық жаңғыру, екіншісі – саяси реформалар арқылы біртұтас ұлт болу жөніндегі алысты болжайтын көзқарас.
Елбасы Жолдауында келесі жылдың «Жастар жылы» болып жарияланатыны айтылып, оның аясында бірнеше бастаманы жүзеге асыру ұсынылды. Міне, «Рухани жаңғырудың» жаңғырығы жастарға бағытталған бастамалар арқылы Елбасы Жолдауында көрініс тауып отыр. Аталған бастамаларға жұмсалатын қаражаттың қайтарымы жылдам, ал әсері көп болатындығына менің ешқандай күмәнім жоқ.
Жалпы, бәсекеге қабілетті ұрпақты қалыптастыруға бағытталған «Рухани жаңғыру» идеясы, «Қазақстан-2050», «Нұрлы жол» және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары стратегиялық бағдарламалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуының 17 мақсатымен толық астасып жатыр.
Қорыта айтсақ, бұл міндеттердің бірі – сапалы білім беру. Себебі сапалы білім – ғылымның іргетасы, ал бәсекелестікке қабілеттілік – мемлекеттің әрі қарайғы дамуының кепілі.
Бүгінде «Рухани жаңғыру» ұлттың руханиятқа, білімге, ғылымға тартылу жылдамдығын қозғайтын күшке айналды. Бұл негізінен егеменді еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегін қамтамасыз ету үшін қажет. Бізге бәсекелестікке қабілетті болу үшін, бүгіннен бастап қажетті қасиеттер мен құндылықтар бар ақылды-парасатты, ғаламдық ғылымды игерген адамдарды тәрбиелеуді қолға алу керек. Әрине оның нәтижесі елімізді өркениетке, бәсекеге қабілеттілікке жетелейтіні сөзсіз. Сол себепті Елбасы: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», деген еді.
Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Бәсеке болған жерде әрбір тұлға өзінің қызметінде аянып қалмайды. Демек, жастарға үміт артылатын да осы кез. «Жастар жылы» осы бәсекеге қабілеттілікті дамыта түсу үшін жастарды оқыту, тоқыту үдемелі сипатқа ие болары анық.
Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында бабалар ұлағатымен астасып жатқан зерделі ойы мен парасатты пайымын «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдар-ламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды» деп тұжырымдаған еді.
Оған қоса бүгінгі күні еліміздің алдында әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндеті тұр. Ал экономика мен ғылымның өркендеуіне елдің жоғары білім беру саласы қозғаушы күш екені бәрімізге белгілі. Жалпы, бәсекелестік тек білім беру саласындағы бәсекелестікті ғана емес, ол мемлекеттің әлем елдерімен қатар барлық салада бәсекеге қабілеттілігін жолға қоюды көздейді. Ал бұл бағыт жастардың жоғары білім алуымен, қоғамға қажетті еңбек нарығындағы сұраныстарын өтеумен, әлемдік талаптарға сай құқықтық реформаларымен, еңбекқорлығымен айқындалады.
Биылғы Жолдауда жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігі айтылды. Қазірдің өзінде жоғары оқу орындарындағы білім мен тәрбие жүйесі Елбасының парасатты пайымдарын негізге ала отырып, қарқынды түрде жүзеге асуда. Демек, болашаққа бағдар ретінде жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы және осы оқу орындарында білім алып жатқан жастарымыз Елбасының сөздерін өмірлік мақсат қылып, еліміздің рухани тұрғыдан дамып, интеллектуалдық дәрежесінің жоғарылауына өз үлестерін қосулары керек. Жастарымыздың интеллектуалды көрсеткіштері тек білім деңгейімен ғана емес, сонымен бірге олардың ұлттық тәрбиесімен, рухани жаңғыруымен де тікелей байланысты.
Асылбек СМАҒҰЛОВ,
Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор