Маңғыстау облысында «Жұмыспен нәтижелі қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» еңбек бағдарламасын іске асырудың алдын ала қорытындылары қаралды.
Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халықты жаппай оқыту, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және жеңілдетілген шағын кредит беру арқылы кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, еңбек ұтқырлығын арттыруға бағытталған бұл бағдарлама 2017 жылдың наурыз айынан бастап іске асырылуда. Биыл бағдарламаны іске асыруға 2,8 млрд.теңге қарастырылған.
- Бағдарламаға сәйкес 1131 адамды 15 ұйымда оқыту көзделіп отыр. Бұл, ең алдымен, ҰБТ тапсырмаған және оқу орындарына түспеген мектеп түлектері. Студенттер тегін оқиды, сонымен қатар стипендия төленіп, күніне бір рет ыстық тамақ беріледі. Басқа қалалардан келгендерге жол жүру және тұру шығындарға материалдық көмек көзделген. Сондай-ақ, колледжде және оқу орталықтарында 712 адам қысқа мерзімді курс оқыды. Оқу мерзімі-еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 1 айдан 6 айға дейін. Оқудан кейін 187 адам жұмысқа орналастырылды, деді Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қ.Берішбаев.
«Атамекен» ҰКП Маңғыстау облысы бойынша басшысы Н. Қарасаев "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша 880 адам оқытылды және жалпы сомасы 605,2 млн.теңгені құрайтын 192 жоба жүзеге асырылды десе, «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 341 жобаға 1 244,89 млн. теңге бөлінді, оның ішінде 712 500 млн. тенгені құрайтын 187 жоба іске асырылды, деді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Қалдығұл.
Шағын және орта бизнес саласында 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асырудан күтілетін болжам - 543,3 млн.тенгені құрайтын 37 жоба, 103 жұмыс орнын құру. Ақтау және Жаңаөзен қалаларында шағын несиелеуге 543 263 мың теңге бөлінді, бұл 2017 жылға қарағанда 2,2 есе көп деді, Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы В.Мұстапаева өз есебінде.
Жалпы, жыл басынан бері 26,6 мың жаңа жұмыс орны ашылса, оның ішінде 85% тұрақты негізде. Облыс бойынша бағдарлама аясында 19,1 мың адам, оның 13,9 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған.
Елбасының жаңа жолдауын және Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру барысы туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлбекова баяндады:
Халықтың табыс деңгейін арттыру тармағы бойынша бүгінгі күні облыста табысы 42,5 мың теңгеден кем 39 889 қызметкерге төмен еңбекақы төленеді. Бюджеттік ұйымдарда жалақысы төмен 24 251 қызметкердің жалақысын арттыруға 2019 жылға арналған республикалық бюджеттен 3,2 млрд.теңге көзделген. Сонымен қатар облыста 50 компания жалақысы төмен қызметкерлерге жалақы мөлшерін арттыруға дайын екендіктерін мәлімдеді.
Сондай-ақ білім беру сапасын арттыру мәселесі бойынша үш ауысымды мектептердің тізбесі пысықталды. Басқұдық және Атамекен ауылдарындағы мектептерге әрқайсысы 320 орындық 2 қосымша құрылыс салынатын болады. 2019 жылы Батыр ауылында 960 орындық 1 мектеп салу жоспарда бар. Сонымен қатар 2019-2020 оқу жылынан бастап 4, 9, 10 сыныптарда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін енгізуді қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы